...ТАПСЫРЫСТАР ЖАСАЛДЫ
Өндіріске қажетті аспалы кранды облыс орталығындағы «Мәшине жасау» зауыты жасап шығарды. Зауыт аспалы крандар өндірісі бойынша аты белгілі неміс концернімен екі жылдан бері әріптестік байланыс орнатқан. Енді бұл өндірістік байланыс одан әрі жалғасады деген сөз. Яғни, сапалы құрал-жабдық шығаруға инновациялық технология мүмкіндік береді. Зауытта құрастырылатын техника халықаралық сапа сертификатына ие.
Өз еліміз бойынша жүк көтергіш аспалы крандарға негізінен «Қазмырыш», «Қазхром», «Арселор Миттал Теміртау» компаниялары мен Ресейдің Серов металлургия комбинаты тапсырыс беруде.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар.
* * *
...ҒИМАРАТҚА КӨШТІ
Қазақстандағы «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-тың Қостанай облыстық филиалы жаңа ғимаратқа көшті. Мекеменің бұрынғы ғимараты оның салымшыларға толыққанды қызмет көрсетуі үшін тарлық етті. Ал банк филиалының жаңа ғимараты Қостанайдың нақ кіндік орталығында орналасқан. Бұл адамдарға қызмет көрсетуге өте қолайлы, бөлмелер көп, кең әрі жарық.
Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына арнайы келіп қатысқан «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-тың атқарушы директоры Данияр Тойбаев журналистерге 2011-2014 жылдарға арналған тұрғын үй бағдарламасы туралы айта келіп, тұрғындардың банк арқылы баспана мәселесін шеше алатындығын жеткізді. Жаңа бағдарлама шеңберінде биыл облыста 3 үй тұрғызылады. Ол үшін республика қазынасынан 864 миллион теңге бөлініп отыр. Алдын ала болжам бойынша, үстіміздегі жылы 160 салымшы өз пәтеріне қол жеткізеді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.
* * *
...ТЕХНИКАЛАР АЛЫНДЫ
Абай ауданының орталығы – Қарауыл ауылының тұрғындары өткен жылдың көктемгі су тасқынында техника тапшылығынан қиналып қалған еді. Соны ескерген аудан әкімі Ержан Сүлейменнің ұйытқы болуымен биыл аудандық «Риза» коммуналдық кәсіпорнына әрқайсысының құны 6-8 миллион теңге тұратын ZL50G маркалы тиегіш, «К-700» трактор-бульдозері, «КамАЗ» жүк мәшинесі тіркемесімен сатып әперілді. Соның нәтижесінде биыл аудан орталығы жөнге келіп қалды.
Енді аталған мекемеге су таситын автокөлік сатып әперілмек.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Шығыс Қазақстан облысы.