• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Наурыз, 2011

Халық тілегін айтар адамды іздейді

516 рет
көрсетілді

Сірә, ең қауырт кезең қазір президенттіктен үміткерлер­дің басында шығар. Мұны солардың бірі, «Табиғат» эко­логиялық одағының төрағасы Мэлс  Елеусізовтің қарбалас қимылынан аңғарғандай боламыз. Бүгін оңтүстікте, ертең шығыста, онан соң солтүстікте дегендей, оны үнемі жол үстінен көресің. Бір сөзбен айтқанда, ұстау қиын. Тіпті Алматыда болғанда да, оны не үйінен, әйтпесе сай­лау­ал­ды штабынан таба алмайсың. Себеп біреу ғана – жұртпен кездесіп жүреді. Ерте-кеш сол ха­лық­тың арасында. Олар жағ­дайын айтып, хабарласса, қолы қалт еткенде, үміткер-эколог со­ларға жетуге асығады. Қаланың ВАЗ деген аймағы бар. Сол ауданның тұрғындары шақырыпты. Сірә, эколог Елеу­сі­зовтің бағыт-бағдарын жақсы білсе керек, бірден айтқан тілек­терінің басы ауаның тазалығы жайында болды. Жұртты осын­да­ғы бұрынғы станок жасау зауы­тының, қазір «КазТоргресурс» кәсіпорны шығарып жат­қан түтін булықтыратын көрі­не­ді. Мұнда биік үйлермен қатар, шағын жеке меншік үйлер де бар екен. Сол үйлердің ауласына егіл­ген көкөністің өзі ауаның ластығынан жөнді жеміс бермейтін көрінеді, өнімі қарайып кетеді екен. Кәсіпорындардың ауаны бүлдіретін түтінін азай­ту­дың жолын қарастыруды өтінеді жұрт. Бұл еліміздің бас экологына белгілі жәйт. Бірден барлық кә­сіпорындарды жауып тастау да мүмкін емес. Бірақ олардан зиянды зат шығаруына тосқауыл қою жолдарын іздестіруді талап ету және ондай мүмкіндік болса, оны жүзеге асыру – міндет. Оны бақылауда ұстауды президенттіктен үміткер мойнына алды. Бәлкім, сол кәсіпорындар пайда­ла­натын отынды алмастыруға, айталық, көмір орнына газды пайдалануға тура келер. Мұны тиісті орындар алдына қоймақ. Жетісу ауданы тұрғын­дары­ның шағымы бөлектеу – мұн­дағы кемшілік жеке адамдардың кінәсінен. «Ақтас М» ЖШС кәсіпорны ауаны ластап қана қоймай, инфрақұрылымға зиян келтірген. Кәсіпорын орталық канализацияны бүлдіріп, халық қалдықтардың иісіне булығатын көрінеді. Тұрғындар бұл жөнінде сотқа да жүгініпті. Соған қара­май, кәсіпорын басшылары жа­уапкершіліктен жалтаратын жол табады екен. Президенттіктен үміткер осыған орай шағым­да­ну­шылардың қолындағы құжат­тарды алып, істі аяғына жеткізуге уәде берді. Покровка кентінде ЖЭО бар. Оның да ауаға улы түтін шы­ға­рып жататыны белгілі. Бірақ ха­лық оған да түсіністікпен қарай­ды. Өздеріне де, қала тұрғын­дарына да электр қуаты керек. Кәсіпорынды жабыңдар деп айта алмайды. Оның үстіне көпшілігі сол жылу орталығында жұмыс істеп, күндерін көріп отыр. Олар президенттікке кандидатты бас­қа жаймен шақырыпты. Кентте аурухана да, балалар бақшасы да, мектеп те жоқ екен. «Бала­ла­рымызды қалаға қорқынышпен жібереміз. Жолда жарық та жоқ. Бірнәрсеге ұрынып қала ма деп қорқамыз», – деді тұрғындар. Кентте аталған әлеуметтік ны­сандарды салу қажет-ақ. Оны­мен президенттікке кандидат та келісті. «Бұл – мемлекеттік деңгейде шешілуге тиіс, қол­дан келген көмегімді аямаймын, тиісті мекемелердің алдына қой­ып, орындалуын бақылауға аламын», – деді ол. Ғалымдар да Мэлс Елеусізов мырзамен кездесуге ықыласты. Әрқайсысына баруға уақыт тап­шылығы қинайды. Содан да үміт­кер оларды өз штабына ша­қы­рып, конференция өткізді. Әңгіме елімізде ғылымды дамы­ту жайында болды. Бұл жөнінде геолог ғалым Достай Жақып­бай­дың пікірі қатқылдау естілді. Үлкен ғылым жоққа тән. Біріншіден, білім беруді жолға қойған жөн. Қазір ғылым докторы болу да оңай, ол үшін 3 жыл оқу жеткілікті. Доктор дипломының деңгейі төмен. Екіншіден, ғы­лым туралы пәрменді заң керек,  деді геолог. Ал топырақ зерттеуші ғалым Әлипа Досжанова өз саласына қа­тысты әңгіме көтерді. Ғылым­сыз мемлекеттің болашағы бұ­лың­ғыр. Зерттеу орталықтарын, айталық, шөлейттену мәселесі жөнінде орталық құру қажет. Азып бара жатқан жер көп. Оны ғылыми негізде ғана тоқтата аламыз, деді биолог. Ғалымдардың ұсыныс-пі­кір­ле­рін тыңдай келіп, президенттікке кандидат та өз тұжы­ры­мын айтты: «Ғылымды дамыту да, экологиялық мәселелер сияқ­ты, біздің мемлекетіміз үшін аса маңызды, – деді ол. – Ғалым­дардың ұсыныс-тілектерін жү­зеге асыруға қолымнан келген көмегімді аямаймын». Әрине, өмірде шешімін күт­кен мәселелер көп. Ол бір күнде шешіле салмасы да белгілі. Оны көпшілік халық та, президенттіктен үміткер де біледі. Көп жағдайда халық өзінің ұсыныс-пікірлерін тыңдайтын адам тап­пайтыны да бар. Ал бұған президенттіктен үміткер құлақ асып жатса, ойындағы біраз жай орындалатындай көрінеді. Содан да жұрт өзін тыңдайтын адамды іздейді. Мамадияр ЖАҚЫП. Алматы.