• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
30 Наурыз, 2011

Шерхан МҰРТАЗА: Президент – біреу, қалғандарымыз – тіреу

1087 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев адамзатты топан судан аман алып шыққан Нұх пайғамбарға ұқсап Қазақстанды сонау 90-шы жылдары Тәуелсіздік жолында басталған күресте аман алып шығып, ел қылды. Қазақ деген елдің ежелден бергі арманы – азаттық еді. Сол азаттық қаншама ғасырлар бойы қиын-қыстау кезеңдер­ден сүрінбей өткен қазақтың пешенесіне бұй­ы­рып­ты! Өзгелермен иық тірестіріп тұрып, тәуел­сіздік алдық. Тәубе! Ақиқатын айтсақ, қаймана қазақ бұл жолда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұл­тан Назарбаевқа зор қарыздар. Сонау 90-шы жылдардың басында жаңа заман туды. Нұр­сұл­тан бастаған республика басшылары Қазақ­стан­ның егемендігін жария етті. Жаңа дәуірден тың­нан жол салу әрдайым қиынның қиыны. Осы қи­ын-қыстау тың жолда Қазақстанды сүріндірмей, адастырмай алып жүрер кім бар? – дегенде көз алдыңа Нұрсұлтан Назарбаев келеді. Оны халық таныды, дүние жүзі таныды. Оның дүниежүзілік беделі күннен-күнге артып келеді. Күні кеше ғана төрткүл дүниенің бар назары тәуелсіз Қазақстанға ауды. Еліміздің еңсесін тіктеген елордамыздағы салтанатты сарайда ЕҚЫҰ деген беделді ұйымның алқалы жиыны дүрілдеп өтті. Бұл – қазақ деген бейбітшіліксүй­гіш, мәмілегер елді айдай әлемнің мойындаған күні. 2010 жылдың 1-2 желтоқсаны – қазақ тарихына енетін күн. Бұл – Тәуелсіздіктің 19 жылының мәртебелі биігі. Қазақтың қаперіне кіріп пе еді мұндай мәртебе, бұрын-соңды. Түсіне де енбеген. Армандап та көрмеген. Енді, міне. Айың туып оңыңнан, күнің туып солыңнан дейтін бақытты күнге жеттік. Ендеше, Президент Нұрсұлтан Назарбаевты – азамат ердің баласы асып туған демегенде, не дейміз?!. Қазақстан бұл күнде өз байлығының, бе­рекелігінің, бейбітшілігінің, биік парасаттылы­ғы­ның арқасында БҰҰ-ның белді мүшесі ретінде де жалпақ әлемге танылып отыр. Қазақстан­ның көк байрағы Жер ғаламшарының басқа елдерінің туларының қатарында еңсесін биікте ұстап, желбіреп тұр. Тәубе дейік! Қазақстанның тәуелсіз ел болып қалыптасуына мен бір кісідей куә болдым. Әсіресе, азаттығымыздың ақ та­ңын­да, сонау 90-шы жылдардың басында Елба­сы­мен бірге бауырлас ел – Түркияға барғаным, Ататүрік әуежайында көргенім ойымнан кетпейді, әлі көз алдымда. Мыңдаған түрік, қазақ: «А, Құдайлап», «Назарбайлап» ұран тастап, ұзақ уақыт тұрып алғаны әлі құлағымда. «Иә, ақсарбас!», «Иә, тәңірі, Нұрсұлтан Назарбайға ғұмыр бер!», «Иә, Алла, қазақ халқына абырой бер!» – деп құрбандық шалғаны сірә естен кетер ме. Сол жолғы көптің көңілі, тілеулестің тілегі Алланың құлағына шалынды. Қазақтың қамын жеген Нұрсұлтан Назарбаев та, оның соңынан ілескен қазақ та абыройлы елге айналды. Мұның мәнін, әуелгі етқызудан соң, сабыр­мен саралап көрсем, біздің Президентіміздің абырой-атағы шетелдерде биіктеп кеткен екен. Әйтпесе, Түркия қай-қай мемлекетіңмен болса да қасқайып тұрып сөйлесетін ел. Бұл Түркия дегеніңіз Осман империясы дәуірінде дүниені дүрілдеткен, арғы-бергі әлемді қалтыратқан қа­һар­ман болған. Тек соңғы екі ғасырда ғана ба­сы­нан бақ тайыңқырап, империя кәрі арыстандай қауқарсыз бола бастағанда едәуір кемістік көрді. Түріктер өздерін түрікпіз деуге намыстанып, османбыз дегенге дейін барды. Өйткені түрік деген ұғым кедей, кембағал сияқты естілетін бол­ды. 1920 жылдардың басында Мұстафа Кемал Ататүрік сұлтанатты құлатып, Түр­кия тұңғыш рет республика болды. Тұңғыш президент Ататүрік сонда түрік халқының рухын, еңсесін көтеру мақсатында: «Дүниеге түрік болып жаратылу қандай бақыт!»  деп айтқаны халықтың жүрегінде жарқын жалау болып желбіреп, жа­лындап, алаулап, қанатты сөзге ай­нал­ды. Сол тәкаппар мінезді, тәуел­сіз, азат Түркия Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты тө­бе­сіне көтеріп қарсы алды. Сол сапарда Ыстамбұлдың ең көрнекті қонақжайы «Мәрмәр» мей­манханасының кең залында Нұр­сұлтан Назарбаевпен Түркияда және басқа шетелдерде тұратын қа­зақ­тардың өкілдері кездесті. Сонда қазақтар Президентке: «Сізге көп үміт артамыз. Қазақтың құлдықтан құтылуын, бостандық алып, егемен ел болуын Сіздің есіміңізбен байланыстырамыз. Абылайдай айбарлы да ақылды басшы санаймыз» деді. Неге Абылай? Абылай өзінен бұрын өткен әз Тәукенің ісін жалғастырып, қазақтың басын қо­сып, біртұтас мызғымас мемлекетке айналдыру үшін арпалысты. Қазақтың басын біріктіру бір уай­ым болса, сол шашыранды елді сыртқы жаулардан қорғап қалу екі уайым еді. Қос өкпені қысып тұрған қос империя бар. Жүз жыл бойы жаға жыр­тысқан, ата жау болып қырқысқан жоңғар қал­мақ­та­ры тұр. Осылардың бәрімен кейде күшпен, кейде ақыл-айламен, дипломатиялық амалмен қазақты сақтап қалу саясатын Абылай шебер жүргізген. Түр­киялықтар мұны білмейді емес. Біледі. Ал Нұрсұлтан Назарбаевпен әзіргі саясаты сол Абы­лайды еске салып тұрғаны сондықтан. Мұны тү­сін­беген біздегі кейбір мұңлықтар Президентті айып­тауға бейім. Мәскеуге қарап жалтақтай бере­сің дейді. Ельцинмен келісетін жерінде келісті, келіспейтін жерінде бас имеді. Ельциннің жер дауын қоздырмақ болған сөзінен кейін Назарбаев өзінің қомақты да салмақты сөзін айтты. Мұндайда қазақ: «Шалқайғанға шалқай, Пайғамбардың ұлы емес. Еңкейгенге еңкей, Әкеңнен қалған құл емес» – демеуші ме еді. Президент бұл ұлы өсиетті ділінде сақтаған. Енді біреулер Назарбаевқа аспандағы айды дәл қазір неге алып бермейсің деп өкпелейді. Өз елінде, өз жерінде қазақ деген қауым 60 пайызға енді-енді жетті. Сонда 40 пайыз өзге ұлттар болса, олардың да жоғын жоқтаушы, мұңын мұңдаушы Президент Н.Назарбаев емей кім? Тәуелсіз Қазақстанның өз алдына ерікті ел бо­лып, етек жабуында Н.Назарбаевтың еңбегі ұшан-теңіз. Тарих-қарияның беттерін парақтасақ, сонау 1990-шы жылдардың басында Президент өз Жарлы­ғы­мен Қазақстан аумағындағы өнеркәсіп орын­да­рын республика меншігі деп жариялады. Бұрын рес­публикаға пысқырып та қарамай, тікелей Мәс­кеуге бағынатын зауыт-фабрикалар, комбинаттар қазір өз қарамағымызда. Бұрын Қазақстаннан қан­ша алтын, күміс, платина және т.б. асыл металдар шықса, олар тонна-тоннасымен бір грамы да қал­май Одақтың қазынасына құйылатын. Қаншасын өндіріп, қаншасын әкетіп жатқанын республика басшылары да білмейтін сыңайлы еді. Енді өзі­міз­де өндірілетін асыл металдар өзімізде қалып, ал­тын-валюта қорымыз жасалатын болды. Алтын қоры жоқ мемлекет – қауқарсыз мемлекет. Осы тұста Қазақстанның жаһандық дағдарыс деген тажалмен аяусыз күресі еске түседі. Н.Назарбаевтың бас­шылығымен Ұлттық қордан бөлінген қыруар қаражат құлдыраудан қиналған негізгі салаларды «сауықтыруға» жұмсалды. Түптің түбінде, Қа­зақ­станның дағдарыстан бірінші болып шыққанын дүние жүзі мойындады. Алтын қорымыз жасалған соң, Президент ұлттық валютамыз – теңгені айналымға енгізді. Бұл – өз жұртын, өз халқын әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің тобына қосу жолындағы құтты қадам болды. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып тұрған кездің өзінде-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Семей атом полигонын жабуға әрекет жасады. Колбинді көндіріп, сол кездегі ең құдіретті Саяси Бюроға дейін барды. «Бірақ Колбин бірге болғаны болмаса, полигон жабылсын деп бір ауыз сөз айтқан жоқ», – деп еді өзі бір сөзінде. Бірақ, әділет түбінде салтанат құрды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы өзінің Жарлығымен Семейдегі ядролық полигонды мүлдем жаптырды. Бұл – Қа­зақстанның ядролық қарудан азат әлемге жасаған алғашқы қадамы еді. Сол қадамымыз дұрыс бол­ға­нын бұл күнде дүние жүзі құптап отыр. Осы­лай­ша, Тұңғыш Президент қазақты атом тажалының тыр­нағынан арашалап алды. Бірақ, полигонның көптеген жылдарға созылған зардабын сынақ жасалған жердегі халық әлі күнге тартып келеді. Ұлы державалық империялық кердең-кесір мінездің бірі – Қазақстан жерінде 30 жылдан астам уақыттан бұрын космодром орнап, ондаған ға­рыш­керлер ғарышқа ұшып жатса да: ой, біз ғарыш­кер­лерді қай жерден ұшырып жатырмыз, қазақ деген халық бар емес пе. Ендеше қазақтарды ғарышқа неге шығармаймыз? Әлем алдында ұят қой деген біреу болған жоқ. Осы сұрақты мен Нұрсұлтан Назарбаевқа 1989 жылы қойғанмын. Ол да мұны қорлық санап, намыстанса да, онысын сездірмей: – Бұйырса, бұл мақсатқа да жетерміз, – деген. Ақыры айтқаны келді. Президенттің пәрменді талап етуінің арқасында Тоқтар мен Талғат деген екі қазақ ғарышқа барып қайтты. Бір ғажабы: Орталықтың ұлы державалық қақсалдары осының өзін көп көріп, ғарыш қазақтың маңдайына бұйыр­ма­ғандай: ойбай, ғарыштық бағдарлама бұзылды. Назарбаев­тың қысым көрсетуімен ғарышқа бір қа­зақ кезектен тыс ұшып кетті! – деп байбалам сал­ды. Отаршыл озбырлардың психологиясы осын­дай. Бірақ Назарбаев дегеніне жетті. Әрине, осы­лай­ша тізбелей берсек, Н.Назарбаевтың өз еліне жасаған жақсылығы да, әкелген бақыты да жетіп артылады. – Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Оған ұлт­аралық татулық қасқалдақтың қанындай қажет, – деген еді өзі бір кездері. Бір күн ұрыс кірген үй­дің қырық күн берекесі кетеді. Президент мынадай ұранды ұстанды: «Өзің өлме, өзгені де өлтірме!». Сол саясат жемісін берді. Бұл күнде қазақ жерін мекендеген 100-ден астам ұлт-ұлыстың өкілі бейбітшілік пен татулықтың бесігінде бірге тербелуде. «Егер пайғамбар қате­лессе, артындағы халықтың бәрі сүрінеді», деген ертеден келе жат­қан қанатты сөз бар. Пай­ғамбар дегені елдің басшысы ғой. Сол басшы қателесе бергеннен Кеңес Одағы қандай халге жеткенін көзбен көрдік. Ал бүгін байрағын биікке желбіреткен азат Қазақстан үшін жаңа заман туды. Көбеймесек көсегеміз көгер­мей­ді. Бүгінгі күні Президент халқымыздың санының көбей­генін қалап отыр. Үкімет көп бала туған аналарға үлкен қам­қорлық жасауда. Осы үрдісті қол­дауымыз керек. Біз сапамыз тәп-тәуір халық болғаны­мыз­бен, санымыз әлі де тым аз ха­лық­пыз. Қазақтың сөз зергері Ғабит Мүсірепов: «Біз жайыл­сақ жоқпыз, жиылсақ көппіз»,  деген еді. Мұхтар Әуезов те: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», деген. Бізге көбею керек. Осыған Президент өзі бас бо­лып қамқорлық жасап жатыр. Осыны іске асыратын бізге мықты Үкімет керек. Сонда ғана біздің мәртебеміз биік бо­лып, ешқашан қор болмаймыз. Сонда ғана біз барлық кедергілерді жеңеміз. Халқымыздың басына бақ қонады. Қазақстан аман болсын. Қазақ елі аман болсын деп тілейік. Халықтың, елдің жағдайы жылдан-жылға жақсы бола береді, жайнай береді. Ел айтады: «көп сөз – көмір, аз сөз – алтын». Президент – біреу, қалғандарымыз – тіреу. Осындай жақсы заманда біздің жұлдызымыз уақыт өткен сайын, жыл өткен сайын заңғар биіктен жарқырай берсін. Өміріміз сол аспандағы жұлдыздардай көбейіп, молайып зор күшке айнала береді. Тілек сол, барлығымыз тілектес болайық! Қаймана қазақтың күні-түні қаперінен шығармай ұстайтын бір нәрсесі: Президент деген сөз тұрақтылық, бірлік, өркендеу деген сөздермен балама екені. Бүгінге дейін қазақ қандай жетістікке, жеңіске жетсе – соның әрқайсысында Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі бар. Қазақ «қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген сөзді бекерге айтпаған. Біз қолда барды қадірлей білетін, қадірлісін сақтай білетін елміз. Сондықтан, баянды бейбітшілік пен тұғырлы тәуелсіздігімізді, саяси тұрақтылығымыз бен рухани дамуымызды көзіміздің қарашығындай сақтау үшін, Нұрсұлтанның нұрлы жолымен алға қарай адымдай бергеніміз абзал. Ұлт­ара­лық татулық пен бірлік – біздің басты құнды­лықтарымызға айналды. Құндылық десек, оны сақтай білу үшін сабырлылық пен мәдениет­ті­лік керек. Біздің Президентіміз елдегі тұрақ­тылықтың бірден-бір кепілі болып отыр. Тұ­рақтылықтан айрылған Таяу Шығыста не болып жатқанын күллі дүние жүзі көріп отыр. Қанша кө­ріпкелміз десек те, ертеңгі күнді ешкім дөп басып болжай алмайды. Олай болса, тыныш­тығынан танған, берекесінен безінген әшекейсіз әлемдегі арпалыста тура бағытымыз­дан жаңыл­маймыз десек, бар қазақ Нұрсұлтан Назар­баев­тың соңынан ілесуіміз керек. Шерхан МҰРТАЗА, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. ________________ Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевтың сайлау қорының қаражатынан төленді. Тапсырыс беруші – Нұрпейісов Қадырбай Нұрпейісұлы.