Өткен аптаның соңына қарай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болып, Өскемен қаласының жанынан «Нұрлы көш» бағдарламасының аясында салынған жаңа ауылда оралман ағайындармен жүздескені белгілі.
Наурыз мерекесіне орай келген бұл кездесуде ауыл тұрғындары қазақы салт-санамен ұлттық ойын-сауық, дәстүр-жоралғыларды көрсетіп, ауыл ішін ән мен күйге бөледі. Елбасы оларға еліміздегі көші-қон саясаты, алыс-жақын шетелдерден көшіп келгендерге мемлекет тарапынан жасалып жатқан әртүрлі әлеуметтік қолдау туралы, сондай-ақ Қазақстанның экономикалық дамуы жөнінде кеңінен сөз қозғап, ауыл тұрғындарымен емен-жарқын әңгімелесті.
Осы кездесуге қатысып, алыстан келген ағайынның атынан Елбасыға арнап лебізін білдірген азаматтың сөзін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Мәртебелі Елбасы! Мен Қызайбай Құрманхан деген кісі боламын. Моңғолиядан көшіп келдім. Жасым жетпістің бесеуіне келді.
Сізбен бір кездессем деп іштей арман етуші едім. Айтсам деген сөзім бар еді. Құдайға шүкір, сол тілегім орындалып, мінеки, өзіңізбен жүздесудің сәті түсті. Енді сол сөзімді алдыңызда ақтарсам деймін.
Ата-бабамыз қазақтың дербес мемлекет, тәуелсіз ел болуын ғасырлар бойы көксеп өткені аян. Аллаға тәубе, сол бабалар арманы бүгінде орындалып отыр. Ата-баба арманына біздің қолымызды жеткізген, қазақ елінің көк байрағын көтеріп, тәуелсіздік алып берген Сізсіз, Нұреке!
Қазақ жеке Тәуелсіз ел болды дегенді біз 1991 жылдың соңында Моңғолияда жүріп естідік. Сыртта жүрген ағайын атажұртқа алаңшыл, құлағы түрік, жаны нәзік келеді. Бұл хабарды естіген біздің қуанышымызда шек жоқ еді.
Жүректе ұялап қалған қара тас жібігендей болды. Қанша тойсаң да жұмыршақ жарылмақ жоқ, қанша қуансақ та жүрек тоқтамақ жоқ дегендей, қуаныштан еркек басымызбен еңіреп жібергенімізді несін жасырайын...
Бұл аңсаған арманның орындалғаны еді. Намысымыз оянды, бойымызға қан жүгірді, еңсеміз көтерілді, рухымыз серпілді.
Міне, осы арманның бар тауқыметін, бар қиыншылығын мойныңызға алып, жарғақ құлағыңыз жастыққа тимей іске асырушы да Сіз болдыңыз.
Қазақ елі тар жол, тайғақ кешуден өтіп, жиырма жылда экономикасы мықты, әлеуеті зор дербес мемлекетке айналды. Сөйтіп, Сіз қазақтың да, Қазақстанның да абыройын асырып, атын әлемге таныттыңыз. Тақыр жерден тау орнатқандай болып, байтақ дала төсінде әсем Астана салдырдыңыз. Қазақстанды өзгелермен терезесі тең, керегесі кең өркениетті елдердің қатарына қостыңыз. Бұл ұлы тұлғалардың ғана қолынан келетін іс еді.
Сіз, мінеки, 20 жыл бойы әлемде тарыдай шашылған қандастарыңызды Қазақстанға жинап жатырсыз. «Шіркін-ай, елге қайтсақ» деп біз де іштей көксеп қоятынбыз. Бірақ ол арманымыздың жүзеге асуынан гөрі аспандағы ай жуық көрінетін бізге. Сөйтіп жүргенде, қартайған шағымызда болса да, мінеки, біздің де арманымыз орындалды, ойдағымыз оңынан туды.
Сырттан келген ағайын – біз – Тәуелсіздікті тәтті ұғым ғана емес, Тәңірдің сыйы деп қабылдаймыз. Тәуелсіздікті баянды ету үшін – ең бірінші халық санын көбейту қажет деп ойлаймыз. Яғни, өзіміздің қазақтың санын көбейтсек деп көксейміз.
Менің Жанымхан деген ағайымның ұрпағы қазір жетпістен асты. Мен де біраз ұрпақты жанның бірімін. Біз, сөйтіп бір атаның баласы Өскеменге 72 үй көшіп келіп отырмыз. Ұрпақтың біразы Моңғолияда қалды, түбінде олар да келеді. Тұрмысымыз жақсы, тіршілік бар, жағдай жаман емес. Шүкір, тәубе дегеннен басқа айтарым жоқ. Сол үшін де Сізге ұрпағымның атынан ақ жүректен алғысымды білдіремін!
Құрметті Елбасы! «Өзін-өзі басқарған ер бақытты, өзін-өзі билеген ел бақытты» деген екен атам қазақ. Сол айтқандай, Сіз сияқты кемеңгер басшысы бар Қазақстан халқы – мына біз бақыттымыз, біз өзіміз ғана емес, келер ұрпағымызбен бақыттымыз деп білемін.
Сондықтан, бүгінде ұзын саны миллионға жеткен оралмандар атынан Сізге зор денсаулық тілей отырып, Қазақ елін нұрлы болашаққа бастай беріңіз демекпін.