Шымкентте өткен бір арқалы жиында атақты Бауыржан Момышұлы өзін кеу-кеулеген топқа елеусіздеу отырған Жұмабек Тәшеновті көрсетіпті. “Біле білсеңдер, төбелеріңе көтеретін азаматтарыңыздың бірі – осы Жұмабек Тәшенов. Қазақ ұлтының болашағы, жерінің тұтастығы үшін басын бәйгеге тіккен, қызметінен намысын биік қойған ардағың осы”, деген сөз айтыпты.
Батырлар бір-бірінің бағасын біледі ғой. Жұмабек Тәшенов Баукеңдер сияқты ел басына күн туғанда қан майданда етігімен су кешпегенімен, бейбіт өмірдегі сұрапыл айқасты жүрегінен өткізген адам. Сол Жұмабек Тәшеновке, ұлт ардағына Шымкентте Ж.Тәшенов көшесі мен Бекет батыр көшесінің қиылысында ескерткіш орнатылды. Ұлт үшін жасалған ерлік ұмытылмақ емес. Ескерткіш гүл шоғына толды. Жақсы естеліктер айтылды.
Салтанатты кешті Ж.Тәшеновтің немере інісі, С.Рақымов атындағы әскери мектеп интернатының директоры, полковник Ұлықпан Бәшенов жүргізді. Ескерткіштегі шымылдықты милиция генерал-майоры, бүгінде дербес зейнеткер Құлахмет Қалменов, Жұмабек Тәшеновпен замандас, қызметтес болған қадірлі қария Әштар Жолдасов ашты.
Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы ОҚО филиалының төрағасы Байдулла Қонысбек ұлт қайраткерінің өмірі өрілген баяндама жасады. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бақадыр Нарымбетов Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу туралы әпербақан бастама көтерген Н.Хрущевтің бетін қайтарған, екпінін басқан Жұмабек Ахметұлының сөйлеген сөзін қалтасына салып жүрер екен. Мұндай батыл шешімнің жас ұрпақ тәрбиесінде маңызды екендігін, ұстаздардың шәкірттерін осы ескерткіш түбіне ертіп келіп, ашық сабақ өткізуі қажет екендігін айтты.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесін, кейін Қазақ КСР Үкіметін басқарған кезеңдерде жарты әлемді билеп тұрған кеңестік империяның қанды қылышынан сескенбей, қазақ жерін құрақ көрпедей бөлшектеуіне қарсы шыққан, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты Жұмабек Тәшеновті ардақтайық тұлғаларымызды ардақтағымыз келсе.
Қоғам қайраткері Хайдар Арыстанбеков бір естелігінде Қазақстанның Бостандық ауданынан қалай айырылып қалғанын ашына жазады. Өз-ағаңдар мойны бітеу доңыз мінезді Хрущевтің көңілін тауып, ауданды өздеріне қаратқанымен, Ж.Тәшенов бастаған комиссия Бағыс пен Түркістан ауылын 20 млн. гектар жайылымымен сақтап қалады. Кейін Жоғарғы Кеңеске төрағалыққа келген Насрединова Хрущевпен әмпей-жәмпей болғаны соншалықты, сапарда бірге жүрер екен. Ол ханым бірінші басшыға жақындығын пайдаланып, Мақтаарал, Киров, Ильич аудандарын Өзбекстанға беруді сұрайды. Тәшенов тағы да кеудесін тосып қазақ жерін қорғайды. Алып қалады. Алайда, үстем билік Ташеновті орнынан тайдырған соң, ол аудандардан да айырылып қалдық. Кейін өзбектер жарты жерді алып қалып, қалғанын қайтарып берді, дейді Хайдар Арыстанбеков.
Қайсыбір жылы шекарамыз белгіленгенде Арнасай су бөгетінің басынан шу шыққан. Ертеден қазақтың жері болып келген жер картаға Өзбекстандікі болып түскен. Сонда естігенбіз. КСРО кезінде жер белгілеуге келген комиссияның жанында өзбек ағайындар өріп жүріпті. Қазақ бармаған. Орысқа керегі сол, Арнасай көпірінің үстінен түскен темір жолдың екі бұтын екі жаққа шекара етіп айыра салған. Нәтижесінде қазақ ұтылды. Су құлағы өзбекте қалды. Алашапқындатып жүріп, өз жерімізді қайтарғандай болдық.
Тәшеновтердің керегі осындайда ғой. Шын тарихты оқытқың келе ме, батыр ұлдарыңның елі, жері үшін өнегесін үйреткің келе ме, өтірік ата жарыстырғанды қой, Бөкейхановтардың, Тәшеновтердің ерліктерімен ұрпағыңды оқыт. Толыққанды ұлт болу, төрт құбылаңды түгендеу деген сол. Ішімізде қыжылдап жүрген ой еді. Теріс айтқан жоқ сияқтымыз.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Шымкент.