ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕРДІ ӨЗ ЗАМАНЫНЫҢ БИІГІНЕ КӨТЕРЕ БІЛГЕН ҰСТА БОЛҒАН
Бүкiл қазақ даласын жаңғыртып, әсем әнге бөлеген бiртуар сазгер Шәмшi Қалдаяқовтың 80 жылдық мерейтойы былтыр мемлекеттiк деңгейде аталып өтті. Ұлы композитордың кiндiк қаны тамған Оңтүстiкте басталған той дүбiрi Қазақ даласын әлі күнге жыр самалымен тербеп тұр. Шымкентте «Шәмшi әлемi» атты арнайы аллея ашылды. Мұнда Шәкеңнiң алып ескерткiшi орнатылып, «Жұлдыздар саябағына» таланттылардың есiмi жазылды.
Әрине, бiртуар азаматтың есiмiн асқақтату қай жағынан алып қарасаңыз да абыройлы iс әрi тiрiлердiң үлкен парызы.
Дей тұрсақ та, Шәмшi ағаның жеке басынан асып әрiге көз жiбере алмаған сияқтымыз. Неге? Бүкiл әлемдi тамсандырған, бүкiл даланы ән салдырған Шәмшiнi өмiрге әкелген әке-шешесi кiмдер едi? Арғы аталары кiмдер болған? Мiне, осыны естен тарс шығарып алған тәрiздiмiз.
Шәмшiнiң әу баста азан шақырып қойған аты «Жәмшид» екені белгілі. Қалдаяқ жасынан Созақ жақтағы Қызылкөл маңын мекендеген Шәдi төремен табақтас, дәмдес-тұздас, сырлас болған кiсi. Шәдi шайырдан Жәмшид туралы көп естiген. Ертедегi парсы патшасы Жәмшидтей болсын деп ырымдаса керек. Кейiн ауыл адамдары Шәмшi атап кетедi. Шәмшi аға патша бола алмаса да, «Вальс королi» атанды. Ал әкесiнiң шын аты – Әнепия. Аяғында қалы болғандықтан оны жеңгелерi «Қалдаяқ» атаған. Мұны, әрине, Шәкең қайдан бiлсін.
– Атың кiм?
– Шәмшi.
– Кiмнiң баласысың?
– Қалдаяқтың.
Осылай бiрiншi сынып табалдырығын аттағанда «Шәмшi Қалдаяқов» боп жазылып кетедi. Он жылдықты бiтiрiп, оған аттестат толтырар кезде қараса, мiне, қызық! Аты – Жәмшид. Әкесiнiң аты – Әнепия. Атасының аты – Домбы. Мұғалiмдерiнiң сенгiштiгiнен төлқұжаты да, аттестаты да Шәмшi Қалдаяқов болып толтырылып кеткен соң, осы атпен дүбiрлетiп дүниеден өттi.
Әнепияның әкесi – Домбы дедiк. Ол ошақты Сүтбенбет баймен де, Шу бойынан тоған қаздырып, су жайып, егiс ектiрiп, төрт-түлiк мал айдаған, осы күнге дейiн Шу бойында «Төретоған», «Төретам» деген қоныстарының аты қалған Жүсiпбек төремен де қатар қонған кiсi екен. Домбы елге сыйлы, адамгершiлiгi мол, шешендiгiмен қатар ақындығы да бар шаруа адамы болған. Кейде кiре тартып, керуенбасы ретiнде танылған.
Жер-су аттарына қазақ кiсi есiмiн тегiн бермейдi. Домбының атағы дүркiреп тұрғандықтан болар, Созақ елiнiң жазғы жайлауы – Бетпақдалада «Домбының жайлауы», «Домбының құдығы» деген аттар қалған.
... Бiр жылы көктемде Домбы керуен бастап жолға шығады. Түйеге теңдегенi терi-терсек, жүн-жұрқа екен. Осыларды өткiзiп, ауылға қант-шай, киiм-кешек әкелмек. Ол кезде базарға күнде бару қайда, көршi ауылдың Шерәлi деген сараң байы Домбының базаршылап бара жатқанын бiлiп, «маған ананы әкел, мынаны әкел» деп қолына бар-жоғы бiр теңге ұстатыпты. Бүгiнгiдей емес, базарға айлап жүрiп барып қайтатын заман. Домбы жиналған жамағайынға базарлығын үлестiрiп, соңында Шерәлi байдың бiр теңгесiн қақпақылдап қолына ұстатыпты да:
– Шерекең берген бiр мiрi,
Орынборға барғанда,
Есебi жоқ пұл болды.
Есебiне жете алмай,
Ақылым айран дал болды.
Бiр тиынға басшы алдым,
Бiр тиынға қосшы алдым,
Бiр тиынға мата алдым.
Сырдың бойын аралап,
Саудагер мырза атандым, – дептi.
Сараң бай сөз тауып айта алмай жер шұқып отырып қалыпты.
Домбының ұлы Әнепия (Қалдаяқ) арабша сауатты кiсi болған. Ол ақын әрi дiнтанушы. Шәдi төре Жаһангерұлының жақын шәкiрттерiнiң бiрi екен. Бүгiнде Отырар мемлекеттiк археологиялық қорық-мұражайында сақтаулы «Әбжад тафсирi», «Дұғалар», «Дiнге уағыздың сауабы», «Азан айтылғанда айтылатын дұғалар және оған түсiнiк» деген қолжазбалар (бәрi араб әрпiмен жазылған) Қалдаяқтың жастығының астына жастанып оқитын еңбектерi көрінеді. Сонымен қатар Ас, Адаудин Умар ат-Тафтазанидiң «Шарх әл-Мақасид» – «Мақсаттар түсiнiктемесi» атты екi томдығы Қалдаяқ қорынан алынған. Бұларды мұражайға тапсырушы Жұмаш әжей (Шәмшiнiң екiншi шешесi) мен Қалдаяқтың кенже баласы Бақыт.
Осы айтылғандар кезiнде Қалдаяқтың өз бетiнше көп оқыған, дiни сауатты кiсi болғанын аңғартады. Ол дiни кiтаптарды көп оқыған әрi Кеңес өкiметi тұсында бұл еңбектердi жасырын ұстаған.
Дiни сауатты, оқығаны мен тоқығаны көп Қалдаяқ әрi өнерпаз, әрi зергер, ұста болған. Оның Шәдi төренiң шәкiртi болғанын жоғарыда айттық. Шәдi қаламнан қолы талғанда ұстаханаға барып, Қалдаяққа көрiк бастыртып, неше түрлi бiлезiк, сырға, жүзiк соғады екен.
Сөйтiп жүрiп Қалдаяқтың көзi Шәдi шайырдың қарындасы Сақыпжамалға түседi. Сақыпжамал суырып салма ақын едi. «Егер қарындасымды айтыста жеңсең, қыз сенiкi» дейдi Шәдi. Сәтiн салғанда Қалдаяқ Сақыпжамалды сөз сайысында сүрiндiредi. Қараға қыз бермейтiн төрелер заман ызғарынан сескендi ме, кiм бiлсiн, Сақыпжамалды Қалдаяққа ұзатады. Кейбiр дерек бойынша жас отбасы Созақ ауданы, қазiргi Таукент қалашығының түбiндегi Жыныс деген ауылда тұрған. Тау беткейiне жақындау тұста Қалдаяқ үйiнiң жұрты әлi де бар. Жанынан шағын өзенше ағып өтедi.
1923 жылы Қалдаяқ Сыр бойында тұратын әпкесiнiң көмегiмен, екiншi жағы қайнағасы Шәдiнiң Бұхарада бiрге оқыған досы Оспан әжiнi сағалап, Сарыкөл деген жерге қоныс аударады. Өйткенi, мұнда дәулеттi кiсiлер көп тұрған. Олар ұзатылар қыздарына, әйелдерiне түрлi әшекейлер мен зергерлiк және тұрмыстық заттарды жиi-жиi жасатады екен. Қалдаяқтың Сарыкөлге суыт көшуiнiң тағы бiр сыры сол кезеңде шолақ белсендiлер мен милициялардың бай-манапқа күн көрсетпеуінен болса керек. Сарыкөлде қожа-молдалармен қатар, төлеңгiттер де мекендеген. Осында Қалдаяқтың қонысы, Оспан әжiнiң медресе-мешiтi де берiге дейiн бұзылмай тұрған. 1970-1980 жылдары Сырдария тоған-балық шаруашылығының құрылыс жұмыстары басталғанда Қалдаяқпен қоңсы отырған Қожамқұл Одаманов, Досыбек Балқашов, Келдiбек Жабатаев шаруашылықтың бас жоспарына қосымшалар енгiзiп, медресе-мешiт пен ұстаның тұрағын бұзылудан аман алып қалған едi.
Көнекөз қариялардың баян етулерiнше, Қалдаяқ ұста Сарыкөлде Маханбетсалының әкесi Оспан әжiмен қатар қоныстанған. Оспан әжi Бұхарадағы Көкiлташ медресесiнде бес жыл, Меккеде көп жыл оқып, елiне келiп медресе ашып, бала оқытқан ғұлама кiсi болған. Қалдаяқ ұста Оспан әжiге арнап шаппа жасап, сабына арабша алтын-күмiстен ойып жазу жазып сыйлаған деседi. Ал, Оспанның ағасы Әубәкiр старшын екен. Ол Қалдаяққа көп жақсылық көрсеткен.
Қалдаяқтың тағы бiр қасиетi – емшiлiгi екен. Онымен өмiрiнiң соңына дейiн iргелес отырған, бүгiнде еңбек ардагерi, шежiренi жақсы айтатын Досыбек Балқашов ұстаның ұғымнан ұшқары қасиетiн былай деп таратады.
– Бiрде Дiнмұхаммед деген балам қатты ауырып, дәрiгерден дәрмен болмай өлуге айналғанда қысылғанымнан Қалдаяққа бардым. Жарықтық, баламды бiр-ақ рет үшкiрдi. Ертесiне ұлым басын көтердi. «Ұстаның көңiлiн тапсаң, ұста темiрдiң суын табады» деген сөз бар. Осы сөз Қалдаяқ сынды жандарға арналып айтылған ғой.
Жалпы, Қалдаяқтың дiни бiлiмдi, қазақша, арабша, орысша сауатты, болашағын болжай бiлетiн көрiпкелдiгi, үшкiретiн тәуiптiгi жөнiнде ел аузында бiр қыдыру әңгiмелер бар. Келiндер сәбилерiне көз тисе ауруханаға емес, атасына келетiн. «Ата, түкiрiп берiңiзшi» деп қиылатын. Оның еміне күмәнсiз сенетiн.
Қалай дегенде де, Қалдаяқ жан-жақты болған. Ұстаханасына керек құрал-саймандарды өзi жасап алған. Ол ұлттық қолөнердi өз заманының биiгiне көтере бiлген жан десек, жаңылыса қоймаспыз.
1928 жылы ол Сарыкөлден Түркiстан қаласына жұмыс iздеп барады. Сол тұста бұл аймақ әкiмшiлiк жағынан Түркiстанға қарайтын. Осындағы депоға темiр ұстасы болып қабылданады. Кейiннен Арыс қаласына ауысады. 1931 жылы Арыс өзенiне бөгет-тоған салынады. Колхоздастыру тұсында ол Шәуiлдiрге оралып, тоғанның бас ұстасы болған. Тоғанның құрылысы аяқталған соң, яғни 1936 жылы оған ең жоғары награда – Ленин орденi табыс етiлген.
Ордендi ұстаның орны қашан да төрде болары белгiлi. Қалдаяқ 1937-1938 жылдары «Темiр» МТС-дегi ұстаханада еңбек еттi. 1939 жылы колхоз басқармасының төрағасы Әлішер Смайловтың шақыруымен «Қызыл Түркiстан» колхозына ауысқанда бес саусағынан өнерi тамған Қалдаяқты өзiмен бiрге ала кеткен. 1944 жылдың 20 ақпанында ол №125 Темiр түйе зауытына жұмысқа ауысады. 1969 жылы әйгiлi «жаман қыстан» соң Арыс өзенi тасыған кезде өзен жағасындағы қоржын тамдардың көбi суға кеткен ғой. Мiне, осы апатта Қалдаяқ ұстаның үйi де, бүкiл құжаттары, дүние-мүлкi суға кеткен. Соның ішінде орден де кеткен...
Қалдаяқ қазақ қолөнерiнiң аса бiлгiр шеберлерiнiң бiрi десек, қателеспеймiз. Ол ағаш шабу, металл өңдеу, сүйек пен мүйiзден түрлi бұйымдар жасаудың әдiстерiн толық меңгерген. Қолындағы материалдарды жонып, қалаған пiшiнге келтiру, ию, ою, шегелеу, отқа қыздырып соғу, қалыпқа құю, кептеу, тiнiкелеу, қаралау, бедерлеу, безеу, сiрке алу, қақтау, дәнекерлеу, ұламалау, тағы басқа да әдiс-тәсiлдерiн жетiк бiледi екен.
Сол жылдары колхоздарға алғашқы ауылшаруашылығы техникалары келе бастаған ғой. Әйтсе де дала жұмыстарына көптеген құрал-сайман керек едi. Сондықтан ұста қолғабысы ауадай қажет болатын. Бiлетiндердiң айтуынша, сол тұста техникаға қажет қосалқы бөлшектiң кез келген түрiн Қалдаяқ ұста зауыттан шыққандай етiп өзi жасап жүрген. Станок, басқа да қажеттi жабдықтар жоқ кезде оларды қалай жасады екен деп таңырқайсыз. Бұлардан бөлек арба, шана сияқты сүйретпе көлiктердi, жер ағаш, темiртас, мойынтұрық, тырма, айыр, күрек, кетпен, дән үккiш, орақ шалғы, қырықтық, пышақ, қақпан, мылтық, кiсен, шаппашот, байтесе, қайшы, қысқыш, кепсер, қырғыш, керней, темiр пеш, үш аяқты темiр ошақ, кебеже, сандық, басқа да шаруашылықта, күнделiктi үй тұрмысында қолданылатын құрал-жабдық, саймандарды жасап шығарған. Зергер ретiнде жүзiк, сырға, бiлезiк, шашбау, шаштеңге, шолпы, өңiржиек, құдағи жүзiк, кемер белдiк жасап, қамшы өрген. Ер-тұрман жасайтын да өнерi болған.
Соғыс жылдарында майданға арбалар жөнелтiледi екен. Эшелонға тиейтiн арбалар түгелдей ұстаның сынынан өткiзiлетiн көрiнедi. Кей арбалардан ақау шығып, оны Қалдаяқ қалпына келтiретiн болған.
Жалпы, Сарысудан Сарыкөлге дейiнгi қалың елде Қалдаяқтың қолынан жасалған талай қолөнер туындысы қалған. Бертiнде Отырардағы Әбу Насыр Әл-Фараби музей-кiтапханасына ұстаның қолынан шыққан құрал-саймандар жинала бастады. «Қызыл Түркiстан» колхозында Қалдаяқтың балғашысы болған Келдебек деген кiсi шаппашот, дән үккiш, қолтөс, шалғы орақтың мойын темiрiн, балта шотын тапсырған. Қалдаяқтың Арыс қаласында, Шәмшi ауылында тұратын ұрпақтары мұражай үшiн атаның көзiндей жәдiгерлердi тапсырған. Солардың бiрi – Арыс қаласында тұратын келiнi Сағдия Гафанқызы Минуллина (Қалдаяқтың Қадiр деген баласының әйелi) ши барқыт шапанын, ағаш балғасын, Шәмшi ауылында тұратын кенже ұлы Бақыт қобдишасын, үлкен қол шарығын, бiлiк төсiн, зергерлiк әшекей заттарын, немере келiнi Аманкүл Мәуленқызы қырғыш пен қант қайшысын өткiзген. Пернекүл Бақжанова әжей қысқыш тапсырған. Ол Қалдаяқ атамен көршi болған.
Шәуiлдiрлiк ардагер ұстаздар, ерлi-зайыпты Құрманбай Әлшериев пен Алма Мағжанова отбасында қадiрлеп сақтап келген Қалдаяқ дүкенiнiң терезесiне қойылған айшықты темiр тор мен кезiнде қолқалап жасатып алған кепсердi, әкесi Әлішерге жасап берген ұстараны мұражайға сыйлаған. Халық ақыны, белгiлi айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова ел iшiнен тағы бiр осындай ұстара тауып, мұражай қазынасына қосыпты. Отырар мемлекеттiк археологиялық қорық-музейiнiң негiзiн салушы Асантай Әлiмов Қалдаяқ атасынан алған төстi мұражайға өз қолымен әкелiп берген. Белгiлi ақын Айтбай Белгiбаевтың зайыбы Ханшайым әжей де ұста жасаған шаппашотты сақтап қалған екен.
Шәмшi ғұмырының соңында отырарлық достарына әкесiнiң дүкенiн, ол жасаған қолөнер туындыларын табыстаған. «Халық менi ұмытса да, дүкен ұстаған әкемдi ұмытпаса екен» деп аманат еткен. Бәлкiм, бұл перзенттiң әке алдындағы үлкен парызы шығар.
Қалай дегенде де халық жадынан Шәмшiнiң мәңгi өлмес әндерiмен қатар әкесi Қалдаяқ ұстаның қолөнер туындылары да шықпауы тиiс. Қазаққа Шәмшiдей ұл сыйлаған Қалдаяқ ата мен Сақыпжамал апаның өнерi өз алдына зерттеудi қажет ететiн қазына.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Шымкент.