Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Қ.Қожамжаров Президентке қаржы полициясының ағымдағы қызметі туралы баяндады.
Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев жемқорлықпен күрес – бұл қаржы полициясының негізгі міндеті екенін атап өтті. Осы бағыттағы жұмысты едәуір жандандыру қажет.
Мемлекет басшысы Қазақстанның міндеті жемқорлық деңгейі анағұрлым төмен мемлекеттер қатарына ену екенін атап өтті. Қаржы полициясы агенттігі шағын және орта бизнестің ісіне араласпауы тиіс. Осыған байланысты шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің құқығын қорғау жөніндегі шараны күшейту қажет.
Кездесу барысында сондай-ақ негізгі міндеті халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, сондай-ақ азаматтардың құқық қорғау және өзге мемлекеттік органдардың қызметіне сенімін нығайту болып табылатын, Үкімет бекіткен 2015 жылға дейінгі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі салалық бағдарлама туралы әңгіме қозғалды.
Мемлекет басшысы қаржы полициясы органына сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді, көлеңкелі экономиканы бейтараптандыру жөнінде одан әрі шаралар қабылдауды, сондай-ақ экономикалық саладағы қылмыс түрлерін ырықтандыру және ізгілендіру туралы ұсыныс енгізуді тапсырды.