ХХІ ғасыр адамзат алдына үлкен таңдау мүмкіндіктерін туғызып отыр. Солардың бірі – оқып, ізденуді қажеттілік деп тапқан азаматтарға, оқушылар мен студенттерге, жалпы кітапқұмар жандарға арналған кітап түрлері.
Бүгінгі күні техника мен технологияның шарықтап дамуы, кітапты аудионұсқада тыңдап, электронды нұсқада және қағаз бетінен оқуға арнап шығару дәстүрін қалыптастырған. Мұндағы аудиокітаптың көптеп шығуы үнемі қолы босамайтын, әсіресе көлік жүргізушілер мен зағип жандар үшін ерекше игілікті бастама болғаны баршаға аян. Бір ғана мысал, әлемге әйгілі тенор Андреа Бочелли өзінің ноутбугіне үш мыңнан астам аудиокітап көшіріп алып, үнемі кітап «оқып» ұйықтайтынын айтқан екен.
Электронды кітап түрлерінің пайда болуы да неше түрлі гаджет қолданатын, кітапхана мен кітап дүкендеріне бас сұғып, кітап алуға мүмкіндігі бола бермейтін азаматтарға үлкен мүмкіндік болғаны айтпаса да түсінікті. Кітаптардың цифрлық жүйеге көшірілуі арқасында бүгінгі күні оқырмандарға бір пайдасы – іздегенін қолындағы смартфон мен компьютерден-ақ тауып алып, кез келген жерден сүйікті шығармасын экраннан оқып, рухани азық алады. Десе де, кітап, баспа өнімдері заман көшінен қалмақ емес.
Осы орайда, 2013 жылы Жапония астанасы Токиода өткен Халықаралық кітап жәрмеңкесінде жария болған мына бір қоғамдық сараптама нәтижесі мән беріп ойлануды қажет етеді. The Japan Times қоғамдық газеті жариялағандай, Жапонияның «ВookLive» компаниясы көрме қарсаңында сауалнама жүргізіп, көпшіліктің кітаптың қандай түрін құп көретінін білуге талпынған. Сауалнама нәтижесі бойынша, 20 мен 30 жас аралығындағы жапондардың 70 пайызы кітаптың қағаз түріндегі нұсқасын оқығанды жақсы көретінін айтқан. Ал зерттеушілерді таң қалдырғаны, 70-тен асқан адамдардың қағаз-кітапқа құмарлығы жастарға қарағанда анағұрлым төмен болыпты. Яғни, жасы 70-тен асқан жапондардың 50 пайызы ғана баяғыша қағазға басылған кітапты артық санайтынын айтқан. Демек, кітап мәселесінде қарт адамдардан гөрі жастар консерватизмге жақын, яғни кітаптың сан ғасырлық дәстүрлі тәсілмен таралған түрін қолдайтынын білдіріп, тағы бір үлкен зерттеу жұмысына негіз боларлық сұрақ тудырған.
Сонымен, техникасы мықты дамыған, роботтың неше түрін шығарып, электронды-цифрлық құралдардың қиял жетпес жаңа түрлерін қолданысқа енгізіп жатқан Жапония жастарының өзі кітаптың қағаз түріндегі нұсқасын оқығанды артық санайды. Ал бізде ше? Біз дақпыртқа еріп, көптеген газет-журналдарды жауып, баспа, кітап басу ісіне де тым немқұрайлы қарап кеткен жоқпыз ба?
Бұлай сұрақ қоюымызға негіз бар. Біздің елімізде кітап саудасымен айналысатын мекемелердің жылдан-жылға қысқаруы осы сөзіміздің алғашқы дәлелі болып табылады. Айталық, 2014 жылы елімізде кітап сататын мекемелер саны 169 болса, 2015 жылы ол көрсеткіш 160-қа түсіпті. Ал 2016 жылы экономикалық дағдарыс тағы біраз кітап сату мекемелерінің жұмысының тоқтауына түрткі болды. Ал ең өрескелі, еліміздегі әртүрлі кітап сату мекемелеріндегі тауарлардың, яғни кітаптардың 65-90 пайызы Ресей басылымдары. Бұл, әлбетте, кітап басу ісі шабандап, кітап тиражы кеміген елде бос кеңістікті басқа елдің өнімдері толтырып жатқанын көрсетеді.
Осы орайда, Қазақстанда бүгінгі күні кітаптың орташа таралымы 3325 дана болып отырғанын айта кету қажет. Олардың қатарында небәрі 300, 500, 1000, 2000 данамен шыққан кітаптар да бар. Ал тиражының көптігі бойынша статистикалық көрсеткіш былай дейді. Мәселен, 2015 жылы 1481 кітап 5 данадан бастап, 100 данаға дейінгі тиражбен шыққан. 1739 кітап 10 данадан бастап 500 данаға дейінгі таралыммен тараған. 631 кітап 501 данадан 1000 данаға дейінгі тиражбен, 1001 кітап 1001 дана мен 5000 дана тиражымен, 143 кітап 5001 данамен 10000 дана аралығындағы тиражбен, 303 кітап 10 001 дана мен 50000 дана аралығындағы тиражбен, 62 кітап 50 001 дана мен 100 000 дана аралығындағы тиражбен және 4 кітап 100 000 данадан жоғары тиражбен шыққан. Бұлардың арасында ең көп тиражбен шыққан кітаптар, әрине, білім мекемелерінің оқу құралдары мен жоғары оқу орындарының салалық баспа өнімдері...
Сексен жылдан бері Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы еліміздегі кітап басу ісі мен кітап таралымы мәселесін қадағалап, қазақстандық баспа өнімдерінің мұрағат қорын қалыптастырумен жұмыс жасап келеді. 2015 жылы біздің мекемемізге еліміздегі баспа мен баспа ісімен айналысатын 394 ұйымнан 5508 жаңа кітап келіп түскен. Алайда, жарыққа шыққан кітап тираждарының аздығы, олардың еліміздің барлық аймағына жетпейтіні, барлық кітап сату мекемелеріне түспейтіні ендігі ұрпақтың жат идеологияның шырмауына түсіп кету қаупін тудырады. Бұлай деу себебіміз, еліміздегі оқырмандардың қандай кітаптарға қызығушылық танытып жүргенін анықтау мақсатында мамандар арнайы сауалнама жүргізген. Нәтижесінде, бірінші орындағы оқырмандар қазақ әдебиетінің классиктерін – Абай, М.Әуезов, М.Мақатаев, І.Есенберлин, т.б. шығармаларын сүйіп оқитынын білдіріпті. Екінші топтағылар ХХІ ғасырдағы қаламгерлер – Ә.Нұршайықов, М.Шаханов, О.Сүлейменов, Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза, т.б. тұлғалардың кітаптарын ықыласпен оқиды. Ал «Сүйікті кітабыңыз қандай?» деген сұраққа көптеген оқу орындарының студенттері Д.Роулингтің «Гарри Поттер» туралы кітап сериялары мен «Абай жолын» және «Көшпенділерді» атаған...
Төл әдебиетімізде небір бірегей туындылар бола тұра, жастардың басым көбінің «Гарри Поттерді» сүйіп оқимын деуі, әрине, көңілге аздаған кірбің ұялатады...
Біздің қаламгерлеріміз «Гарри Поттер» сынды балалар мен жасөспірімдерді қызықтыратын дүниелер жазбай жүр ме? Әлде жазса да олардың таралымы, насихаты аз болып жатыр ма? Ал жастарымыз өз туған тіліндегі әдебиетпен сусындай алмаса, оларға үлгі-өнеге боларлық төл әдебиетіміздің кейіпкерлерін саралап бере алмасақ, біз ертең ұлттық тәрбие, ұлттық салт-сана жалғастығы тұрғысындағы өз міндетімізді орындадық деп айта аламыз ба?..
Әрбір жас өзіне кітапты серік етіп, салмақты ой мен ұлттық сана қалыптастырып, ізгілікқұмар болып өсуі үшін ең алдымен кітап саудасымен айналысатын мекемелерді отандық өнімдермен толық қамтуды ойластыру қажет шығар?..
Толқын САЛМЕНБАЕВА,
Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары