Дана халқымыз әспеттеп, әзиз-әулиеге теңеп «Әз-Наурыз» деп атайтын Ұлыстың Ұлы күні биыл еліміз үшін айрықша сипатта тойланды.
Түгел түркінің рухани ордасы, Әзірет қонған Түркістан шаһары «Түркі әлемінің мәдени астанасы» болып жарияланып, барша бауырлас елді бауырға басқан ғажап шара өтті. Елбасының шақыруымен Өзбекстан Президенті Астанаға ат басын бұрып, мерекенің мән-мағынасын арттырып жіберді.
Бұл сапарды Мемлекет басшысының Құрбан айттың алғашқы күні Самарқанға арнайы баруының қайырлы қайтарымы деп түйдік. Сондықтан, аталарымыз айтатын «Самарқанның көк тасы жібіген күн» осы болар деп, тауық жылының мерекелі-берекелі басталғанына қуандық.
Елбасымыз Астанадағы мерекелік шарада «Бұл – бабаларымыздың бағзы заманнан бері тойлап, бізге қалдырған аманаты, береке-бірліктің, ізгіліктің жолы болсын деген тілеуі, жақсылық пен келісімнің, жаңа күннің символы» деп атап көрсеткеніндей, Наурыз – есте жоқ ықылым заманнан бері үзілмей жалғасып келе жатқан төл мерекеміз, жаңа жылымыз.
Бәзбіреулер парсыша атына қарап өзгеге телігенмен, бұл күннің түркілік тамыры тым тереңде жатыр. Көне түріктер алғашқы адам көктем күні жаратылған деп сенген. Көктемнің түбірі «көктің» аспан және тәңірі сөздерімен синоним екені белгілі. Сондықтан, жер мен суды кие тұтып, көкке тағзым етіп, тұрмысы тіршілікпен тығыз байланысқан, табиғатпен етене егіз өскен көшпелі ел жер-жаһан жаңарып, жаңғырған сәтті Ұлыстың Ұлы күніне балаған. Бұл орайда көшін жұлдыздарға қарап белгілеген бағзы бабалардың күн мен түннің теңелер күнін дәл болжап білгеніне таң қалудың реті жоқ.
Рауаяттар «Нұх пайғамбардың кемесінен қарайған жерге алғаш нәуірзек ұшқан екен, сонда наурыз гүлі – бәйшешек гүлдеп тұрыпты» деп, наурызды топан сумен байланыстырады. Аңыз түбі – ақиқат. Сондықтан, қазақ «кеме қалған» деп кие тұтатын Қазығұртты күллі түркінің ат байлар қазық жұртқа теңеуі бекер емес деп ойлаймыз.
Кейбір деректер наурыз Зәрдүш заманында Орталық Азиядан парсыға жеткен десе, Фирдоуси әйгілі еңбегінде осы күні Жәмшид Әзербайжан жеріне келген екен дейді. Осы деректерді алға тартқан Әбу Райхан әл-Бируни түрік жұртының наурызды «жаңа күн» деп тойлайтынын айтады. Қалай болғанда, әз-Наурыздың түркілік күнтізбемен қатысы бары анық. Бұл орайда мүшелден тұратын күнтізбеміздің қазір әлемде «Қытай күнтізбесі» деп аталып жүргені жанға батады. XIX ғасырда Чжао И есімді әйгілі қытай ғалымы «12 мүшел жыл санау амалы батыста пайда болып, Сиюйдегі (Орта Азиядағы) түрк жұрты арқылы Қытайға жеткен» деген пікір айтқан. Көне «Жаңа Тан патшалығының тарихы» кітабында да түркілердің VIII ғасырда 12 жануарлық жыл санау амалын қолданатыны айтылады. Ал Edouard Chavannes «Le Cycle turc des Douze Animaux (12 жануарлық түрік жыл қайыруы)» деп аталатын еңбегінде бұл күнтізбенің түркілік тамырын бұлтартпас деректермен айғақтайды. Ендеше, дәстүрлі жыл қайыруды балама күнтізбе ретінде жиі пайдаланып, зерттеу жұмыстарын арттырсақ, түркі жұртына ортақ құндылықтың ортамызға қайта оралары анық.
Ғұн заманынан пайда болған 12 жылдық мүшел түркі дәуірінде жетіліп, кемеліне келген. Бұл туралы Қашқарлы Махмұт әйгілі сөздігінде «түрік қағаны халқымен кеңес құрып: «кейінгілер жаңылмас үшін, он екі жұлдыз бен он екі айдың санындай он екі жылдың әрқайсысына ат қояйық. Жыл санауымызды осыған қарап жүргізейік» депті. Сөйтіп, қаған жабайы аңдарды Іле өзеніне қарай қуыңдар деп бұйрық береді. Аңдардың он екісі суды кешіп өтеді. Өзеннен өткен әрбір аңның аты бір жылға беріледі» деп жазады.
Көк түріктердің осы жыл қайыру амалын жиі қолданғанын білеміз. Мысалы, жылан жылы қайтыс болған Елтеріс қағанның көктасына жыланның бейнесі қашап салынған. Ислам діні хижра жыл санауын ала келгенімен, түркі жұрты көне күнтізбесінен бас тартпаған. Салжұқ сұлтаны Мәлік шах 1079 жылы көне жыл қайыруға қайтуға жарлық шығарған.
Ал әйгілі Әбілғазы бахадүр хан «Түрік шежіресі» деген еңбегінде бұл күнді Ергенеқонмен байланыстырады. Құздардың қуысына сыймаған Ел ханның ұрпақтары Отанына жету үшін от қойып, темірмен тауды балқытып, жол тауып шатқалдан шығады. Көк бөрінің жол көрсетуімен жаңа қонысқа жеткен жауынгер жұрт Ұлыстың ұлы күнін тойлапты. Осылайша бұл күнді жаңа күн ретінде тойлау салтқа айналып, түрік қағандары көрік басып, балға ұрып, төс соғатын ырымға айналыпты. Бұл дәстүрді Шыңғыс хан қайта жаңғыртқан. Бүгінде Әзербайжанда жиылған жұрт от жағып, алаудан аттайды, Анадолы түріктері көрік басып, төске балға соғады. Мәңгілік ел мұратын жадыда жаңғыртатын осы дәстүрді біз де Наурызды тойлау барысында ескерсек, Ұлыстың Ұлы күні түрлене түсер еді деген ойдамыз.
Табылдырықтан аттаған тауық жылы құтты болсын! Ұлыс оң болсын, жыл жақсылығымен келсін!
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
«Егемен Қазақстан»