Әрине, кәсібін дөңгелетем деген адам түрлі іскерлік қасиеттерге ие болуы керек. Соған сәйкес ол өзінің бағыт-бағдарына сай амал жасайды. Тек, жоғарыда айтқанымыздай, заңды бұзбай адал жұмыс істеу керек. Ал адал мал табу үшін жанын да, барын да салып жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер жоқ емес. Алайда, олардың ісінің дұрыстығын көре алмайтын адамдардың әлегі де жетіп артылады. Сондайда кәсіпкерлердің адымын аштырғысы келмейтін жандардың не ойлағаны бар екен дейсіз. Мемлекет басшысы шағын кәсіпкерлікке жасыл жол ашылуы керек деп айтудай-ақ айтып келеді. Ал бірқатар шенеуніктің белден басқан ісі талай кәсіпкердің жолына қақпан құрады екен.
Мәселен, бірде алматылық кәсіпкерлер шағын және орта кәсіпкерлік нысандарындағы маңдайшалар үшін Мемлекеттік кіріс департаментінен мыңдаған шот ала бастайды. Сол кезде көлік жуу орнының иесі Суриямға да жарты миллион теңге шот келеді. Бұл неліктен деп сұраса, Алматы сәулет және қала құрылысы басқармасының қызметкерлері кіреберістегі «Көлік жуу» деген маңдайшаны жарнама деп есептепті. Тіпті, кәсіпкер әлгі қарыздарды тез арада өтеу үшін Мемлекеттік кіріс департаменті мүлікті пайдалануға тыйым салатын өкім де шығарып үлгерген. Алайда, аң-таң қалған кәсіпкер де ақ-қараны айыру үшін, амал жоқ, шағымданады. Дәл сол аралықта Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасына мұндай сарындағы арыздардың он шақтысы түскен екен. Содан бұл мәселе Кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі кеңесте қаралады. Ақыры заңгерлер «Көлік жуу» деген сөз, бар болғаны, қызмет түрін анықтайтын маңдайша екендігін әрең дегенде түсіндіріп, дәлелдеп береді. Өйткені, сауда, қоғамдық тамақтандыру орны, тұрмыстық қызмет саласы кәсіпорындары ілетін маңдайшалар заң бойынша сыртқы (көрнекі) жарнамаларға жатпайды. Сөйтіп, буынсыз жерге пышақ ұрамын дегендердің әрекеті ақталмай, күштеп қарыз өндіру өкімдерінің күші жойылды.
Бірақ осымен іс біте қойса жақсы ғой. Кәсіпкерлердің кәсібіне қызығатын небір шенеуніктер тырнақ астынан кір іздеуді қояр емес. Мәселен, Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімдігінің қызметкерлері «Достар» көп қызметті компаниясы» ЖШС-не тексеріспен жетіп келеді. Тексергендері дұрыс дерсіз. Бірақ оның да бір себебі, негізі болуы керек қой. Сөйтсе, әлгі бақылаушылардың қолында бұл тексерістің құқықтық статистика органында тіркелгені туралы немесе осындай тексерістің тағайындалғаны туралы акт те жоқ болып шыққан. Компанияның қызметкерлері тексерісті тағайындаған лауазымды адамның ұйғарымын немесе актінің көшірмесін талап еткенімен, олар оның бірін де көрсетуден бас тартқан.
Содан, амал жоқ, «Достар» көп қызметті компаниясы» ЖШС жетекшілігі Алматы кәсіпкерлер палатасына көмекке жүгінеді. Олар бірден прокуратураға хабарласып, шағын жедел топты шақыруға кеңес береді. Прокуратура қызметкерлері лезде жетеді. Оқиға барысын түсінген құзырлы орган өкілдері әкімдік қызметкерлерінен тиісті құжаттарын көрсетуді сұрайды. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, оларда бұл компанияны тексеруге рұқсат беретін бірде-бір қажетті құжат болмайды. Осыған байланысты бақылаушылардың өздері жауапқа тартылады. Артынан бұл заңсыз істерінің соңы немен тынарын анық түсінген олар кезекті тексерістерінің сырын, яғни әкімнің ауызша айтқан бір сөзіне бола жарнама мен билбордтардың заңсыз ілінген, ілінбегенін тексеру үшін келгендерін жайып салады. Бірақ заңның аты – заң, ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен әкімдік қызметкеріне жеке кәсіпкерлік субъектісін тексерудің тәртібін бұзғаны үшін ескерту жасалды.
Біздің елімізде мұндай мысалдар баршылық. Соған қарап-ақ, кәсіпкерлерге жөнсіз қысымның да аз емес екенін байқайсыз. Заң бұзған кәсіпкердің қалайда жазаланатыны анық, ал кәсіпкерге қысым жасайтындарға жаза жоқ. Бар болғаны жұмыстан ғана қуылуы мүмкін. Мәселен, өткенде ғана Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов кәсіпкерлерге орынсыз тексеріс жүргізетін қызметкерлер көп екенін жайып салды. Олардың мұндай заңсыз іс-әрекеттері үшін жұмыстан да қуылатынын жеткізді. «Жел болмаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей, министр бір нәрсені білгендіктен айтады. Ол: «Елбасы айтқан маңызды мәселенің бірі – тексерістің көптігі. Өткен жылы 76 мың тексерудің төрттен бір бөлігі, яғни 23 мыңы – рейдтік тексеріс болды», деді. Иә, айта берсе кәсіпкерлерге қатысты жүргізілетін теріс тексерістің түрі көп. Қайран кәсіпкерлер ондай тексерістерден аман қалса жақсы, аман қалмаса кәсібі құриды. Содан соң кәсіпкерге не кедергі дейміз.
Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»