• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
26 Сәуір, 2011

Қауіпсіздіктің тың тетігі

332 рет
көрсетілді

Астанада Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахманов дәстүрлі апталық брифингін өткізді. Онда осы аптада болатын маңызды халықаралық іс-шаралар жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Мәселен, бүгін Астанада еліміздің Сыртқы істер министрлігінде Еуропалық Одақтың қолдауымен «Орталық Азиядағы өлім жазасына мораторий жариялауды толық жоюға: өтпелі кезеңнің сыны» атты аймақтық конференция өтеді. «Конферен­цияның мақсаты – өлім жазасын жою үдерісін және оған өмір бойы бостандығынан айыру сияқты балама енгізген мемлекеттерде пайда болған қиын­дықтарды шешу жолдарын талқылау», – дейді ресми өкіл. Ал сәуірдің 28-і күні Қазақстанның Әділет және Сыртқы істер министрліктері, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының тех­никалық қолдауымен «Қазақстан Республикасында Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халық­аралық пакт және Әмбебап кезеңдік шолу ұсыныс­тары бойынша азаматтық және саяси құқықтарды жүзеге асыру, Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні орындауы туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықта­ры жөніндегі комитетінде алғашқы баяндамасын қорғау» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілмек. Оның аясында Әмбебап кезеңдік шолу мен Адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспа­рының ұсыныстарына қатысты, сондай-ақ Азамат­тық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пакт нормаларының орындалуы мен оны тиімді қолдану мәселелері талқы таразысына түспек көрінеді. Бұл күні елордада, сондай-ақ, Шанхай ынтымақ­тастық ұйымына мүше мемлекеттердің ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерінің екінші кездесуін өткізу көзделіп отыр екен. Оған 6 елдің құқық қорғау органдарының басшыларымен қатар, Ұйымның Хатшылығы мен Аймақтық терроризмге қарсы құрылымның жетекшілері, Ұйымға бақылау­шы (Иран, Моңғолия, Пәкстан және Үндістанның) және Сұхбат бойынша әріптес (Беларусь пен Шри Ланканың) мемлекеттердің өкілдері қатыспақ. Асқар Абдрахманов брифинг барысында 29 сәуір күні елорда төрінде ұйымдастырылатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Қауіп­сіздік кеңесі хатшыларының 6-шы кездесуінің маңызын да жан-жақты айтты. Аталған кездесуге Қазақстан мен Ресейдің, Тәжікстан мен Өзбекстан­ның Қауіпсіздік кеңесі хатшылары, Қытайдың Мемлекеттік кеңесінің мүшесі – Қоғамдық қауіпсіздік министрі, Қырғызстанның вице-премьері – Қорға­ныс кеңесінің хатшысы, сондай-ақ, Ұйымның Хатшы­лығы мен Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының басшылары қатысып, ШЫҰ-ның өзекті дейтін тұстарына шолу жасамақ екен. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.