• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
26 Сәуір, 2011

Ән – көңілдің ажары

667 рет
көрсетілді

Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі орындаушылардың үш күнге созылған VІІІ республикалық конкурсы мәреге жетті. «Мәдениет министрлігінің ұйым­­дастыруымен жылына отыз­­дан астам конкурс өткі­зілсе, олардың ішінде Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі орындаушы­лар байқауының орны бөлек. Кеңестік кезеңде бұл сайыс төрт жылда бір рет өткізілетін. Ал тәуелсіздігімізді алғалы бері екі жылда бір рет өткізу мүмкін­дігіне ие болып отырмыз десек, конкурстың мақсаты – әнші Әміре Қашаубаевтың төл мұра­с­ын кеңінен насихаттап, ұрпақ­тан-ұрпаққа жеткізу, қаты­сушылардың кәсіби шеберлігін жетілдіру, сондай-ақ жастарға эстетикалық тұрғыда тәрбие беру, ұлттық және әлемдік мә­дениет құндылықтарды игеруіне ықпал ету», – деді Мәдениет министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Роза Кәріпжанова конкурстың ашылу рәсімінде. Ән бәйгесінің шымылдығы Әміре Қашаубаев өз дауысымен айтқан Ақанның «Балқадиша­сымен» ашылды. Конкурстың талабына сәйкес, Отанымызда және алыс-жақын шет елдерде тұратын 16 мен 35 жас ара­лығындағы халық және қазіргі композиторлар әндерін домбыра, қылқобыз, сырнай аспаптарының сүйемелдеуінде орындайтын 38 кәсіби өнерпаздардың өнерін Парламент Мәжілісінің депутаты, айтулы әнші Бекболат Тілеухан бастаған қазылар алқасы сарапқа салды. Сайыстың ашылу рәсімінде Бекболат Тілеухан: «Қазақта «Бақ шаба ма, бап шаба ма» деген сөз бар. Бұл ретте бақтарың да келіссін, баптарың да келіссін. Дәстүрлі ән дегеніміз – қазақтың қазақтығын, ұлттық сипатын айқындайтын ерекше өнер. Мұнда әнге жаны ашитын, әннің қадірін түсінетін адамдар жиналған. Бұл қазақтың тектілігін танытатын бекзат өнер», – деп қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен еліміздің ұлық мерекесі – Тәуелсіздігіміздің 20 жыл­ды­ғы аясында ұйымдастырылған дәстүрлі орындаушылардың VІІІ республикалық конкурсына қаты­су­шылар Әміре Қашаубаевтың орындауындағы «Қорлан», «Бал­қадиша», «Дудар-ай», «Ақ сиса», «Қос барабан», «Көкаршын», «Баян­ауыл», «Смет», «Бес қара­гер» сияқты 22 әнді үш кезеңде көкке өрлетті. Нәтижесінде 38 қатысушының жартысына жуы­ғы ғана кейінгі кезеңге қатысу мүмкіндігіне ие болды. Келесі күнгі сайыс – Сыр немесе Қазығұрт өңіріндегі әуендер мен Қазақстан композиторлары ән­дерінің орындалуымен ерекшелене түсті. Бірінші кезеңнен өтіп, барынша ысылған сайыс­керлер бұл күні ерекше қарқынмен өнер көрсетті. Ал соңғы кезеңде Әміре Қашаубаевтың репертуарын­дағы ән ретінде жігіттер қауы­мы міндетті түрде «Ағаш аяқ», қыздар «Ардақ» әнін орындау керек болатын. Сондай-ақ, бұл кезеңде де халық әндері орын­далды. Сөйтіп, сайыстың қоры­тын­ды кезеңі де келіп жетті. Көп ұзамай Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі орындаушы­лардың VІІІ республикалық кон­курсының жеңімпаздары да белгілі болды. Яғни, cайыс қоры­тындысына сәйкес, Қазақ ұлт­тық өнер университетінің бірінші курс студенті Қайрат Бай­босыновтың шәкірті Сы­рым Мұхаметжановқа Әміре Қашау­баев атындағы дәстүрлі орын­дау­шылардың VІІІ респуб­ли­калық конкурсының бірінші жүлдесі берілді. Бұдан кейін қазылар алқасының төрағасы Бекболат Тілеухан сөз кезегін алып: «Кон­курсқа мектеп жа­сын­дағы 10 сынып оқушылары­ның қатысуы – Әміре Қашау­баев атындағы республикалық сайыстардың та­рихында бол­ма­ған. Бұл жолғы сайыс соны­сымен де ерекшеленді. Әйтсе де бас жүлдеге лайықты сайыс­керді көре алмадық, – дей келе, екінші жүлделі орынды Ерке­бұлан Қасымов пен Гүлдана Ноғайбаеваға берсе, үшінші орын­ды Аллажар Қайбар, Сәт­тіғали Нұрдәулетов және Санат Исаев қанжығасына байла­ды. Ал «Үкілі үміт» номина­циясының жүлдесін Әділет Исмаил, Тал­ғат Молдағалиев, Оразәлі Жаңа­баевтар иемденсе, Айбек Сахаба, Жақсыгелді Маясаров, Нұр­болат Арзамас, Ар­дақ Мұқышев, Жанқожа Аяповтар дипломдармен марапат­талды. Кеш соңы қазылар алқасы мен конкурс лауреаттарының гала-концертіне жалғасты. Жұлдыз БАЙДІЛДА. ___________________ Суреттерді түсірген Ағыбай АЯПБЕРГЕНОВ.