• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
26 Сәуір, 2011

Кеше...

362 рет
көрсетілді

...СЕНАТОРЛАР МАҚАТҚА КЕЛДІ Ауылдағы тұрғынның бәрі бірдей елімізде қабылданып жат­қан заңдармен жете таныс емес. Осы мәселе Мәжіліс не Сенат депутаттарының өңір­лер­дегі кездесуінде кеңірек ескерілсе дей­сің. Айтқандай, кеше Сенаттың Бюджет және қар­жы комитетінің төрағасы Қайрат Ищанов пен сенатор Сәр­сенбай Еңсегенов Ма­қат ауданына арнайы атбасын бұр­­ды. Аудан жұртшылығымен кез­десуде сенаторлар еліміздегі заң шығару мәселесіне, әсі­ресе, сыбайлас жемқорлықпен күрес­тің пәр­мен­ділігі арт­қа­ны­на тоқ­тал­ды. Ал аудан әкімі Қилым­ғали Қай­не­нов қолға алынған жұ­мыс­тар­дың бары­сына шолу жасады. Сыбайлас жемқорлықпен кү­­­рес бүкіл қоғамды алаң­дат­са, аудан тұрғындарын осын­да­ғы автокөлік жолдарының жөндел­меуі, сондай-ақ, жұ­мыс­сыздық мә­селесінің түп­кілікті шешім таппағаны толғандырады. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы. * * * ...ҚАРТТАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ КӨРСЕТІЛДІ Қызылорда қаласындағы «Зей­­неткерлер мен мүге­дек­тер­ге арналған әлеуметтік қыз­мет көрсету орталығы» жаны­нан 10 орындық және «Қарт­тар мен мүгедектерге арналған интер­нат-үйі» жанынан 40 орындық күн­дізгі бөлім ашыл­ды. Атал­мыш шараның ашылу салта­на­ты­на облыс әкімінің міндетін ат­қа­ру­шы Мадияр Алдоңғаров, об­лыс­тық және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары С.Шаухаманов пен А.Әбілдаев қатысты. «Қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйі» осыған дейін 180 адамға қызмет көр­се­тіп келген. Енді бұл қатарға 40 адам қосылатын болды. Ол үшін арнайы 8,7 миллион тең­ге бөлі­ніп, 4,5 штат қарасты­рыл­ған. Ал қалалық осындай мекеме жаны­нан 10 адамға қосымша орын ашылды. Оған 1,9 миллион теңге бөлінді. Осы­ған сәйкес жұмысқа қосымша адам алынды. Ержан БАЙТІЛЕС. Қызылорда облысы. * * * ...БІРЛЕСІП ЖҰМЫС ЖАСАУҒА БЕЙІЛ ТАНЫТТЫ Оңтүстікке Польша Рес­пуб­ликасының Алматы қала­сын­дағы бас консулы және өкілетті елшісі Веслав Осуховски бастаған делегация ресми сапармен келді. ОҚО әкімінің бірінші орынбасары Берік Ос­пановтың қабылдауында бол­ған елші Польшаның Оңтүстік Қазақстан облысымен іскерлік байланыс орнатуға мүмкін­дік­тері мол екендігін айтты. Екі тараптың екі жаққа да пайдалы әңгімесінің бір түйі­нінде Берік Оспанов бұрынғы фосфор зауыты жанындағы өнер­кәсіп аймағынан поляк кә­сіпкерлеріне бизнес құрылым­да­рын ашуға кеңес берді. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.