• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Сәуір, 2011

Тасқынның ащы сабағы

388 рет
көрсетілді

Батысқазақстандықтар биылғы жойқын су тапшылы­ғы­на куә ғана болып қоймай, оның адам айтса нанғысыз зар­даптарын бастан кешуде. Осын­дай құбылыс өңірде соңғы рет қашан орын алып еді? Осындай сауалды бір-біріне қойып, анық-қанығына жете алмай жүргендер де жеткілікті. Ай­мақ­та гидрометеорологиялық ор­талық пен су шаруашылығы саласында жүрген маман­дар­дың мәлімдеуіне қарағанда сонау 1957 жылдың көктемінде Шаған мен Деркөл өзендерінен секөнтіне 1280 текше метр су аққан екен. Бұл – судың осын­ша­ма тонна ауырлық күші бар деген сөз. Жолындағының бәрін жермен-жексен қылып, жайпап өте алатын ғаламат үлкен күш бұл. Аталған өзендерге келген биылғы су мөлшері де бұдан 54 жыл бұрынғы көрініспен қарай­лас деп тұжырымдайды олар. Осындайда тасқын судан алынатын ащы сабақ қандай деген сауал еріксіз туындайды. Оған толыққанды жауап қай­та­ру үшін белгілі бір уақыт та керек. Әйтсе де оның ең басты сабақтары қазірдің өзінде ай­қын­далып қалды деуге болады. Мұның біріншісі, Төтенше жағ­дай­лар министрі Владимир Божко атап көрсеткендей, аумақ­тар­ды дамыту бағдарламасын бекіткен кезде, тасқын судан қор­ғай­тын инженерлік жүйелерді қоса жобалау. Өткен аптада Премьер-Ми­нистрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев Орал өңіріне үкіметтік жұмыс тобын бастап келді. Қызметтік іссапар бары­сын­да осы жұмыс тобының мү­ше­сі, Су ресурстары комитетінің төрағасы А.Орманмен Ақжайық­та­ғы ахуал жөнінде ой-пікір ал­ма­судың сәті түсті. Ол су тас­қы­нына байланысты төмендегідей тұжырым жасады. Республикада қабылданған Су кодексі талаптарына сәйкес өзен-көлдер жағасында бой көтеретін тұрғын үйлер мен коттедждер, сая­жайлар, денсаулық сақтау орындары су жиегінен кем дегенде 100 метр қашықтықта болуы керек. Қызметтік-салалық бақы­лау­­лар барысында Орал қаласы төңірегі мен тасқынға тап болған аумақтарда су жөніндегі заңды­лық­тар сақтала бермейтінін бай­қа­дық. Жүз метр дейміз-ау, су жие­гінен небәрі он-жиырма метр жерден үйлер мен саяжайлар, коттедждер салына берген. Бұл, әрине, аталған мекен-жай­ларды тұрғызған меншік иеле­рі­нің кінәсі емес. Бұл ең ал­ды­мен оны тұрғызуға рұқсат беретін шешімдер қабылдаған жергілікті атқарушы органдар бас­шы­ларының кінәсі. Мұндай шешімдер республикада қабыл­дан­ған заңдылықтарға сәйкес келмейді. Болашақта осындай солақай шешімдердің күшін жой­ып, оны бір ретке келтірген жөн деп есептейміз. Өйткені, биылғыдай жағдайдың қайта­лан­бауына ешкім кепілдік бере алмайды. Керісінше, су жаға­лау­лары мен жиектері көп шы­ғынды қажет етпейтін, халық тынығып серуендейтін мәдени-демалыс орындарына айналса, одан ешкім де ұтылмас еді. Республикадағы су ведомствосы басшысының бұл пікірі шындықпен астасып жат­қанына күмән келтіру қиын. Осы айтылған мәселе газеті­міз­дің бетінде осыдан екі жыл бұ­рын көтеріліп, онда Орал қала­сындағы азуы алты қарыс құ­ры­лыс компаниясы қожайы­ны­ның Шағанның жағасында тұр­ғызылған зәулім коттеджінің мәр­мәр баспалдақтарын өзен­нің ерке толқыны аймалап сүй­іп жатыр екен деп жазған екенбіз. Тағы бір мысал. Кезінде Шаған өзенінің жағасында тұр­ғы­зылып, кейін «Парк-отель» деген атауға ие болған жеке мен­шік кешен жөнінде баспасөз беттерінде әртүрлі пікірлер өрістеді. Көпшілік қауым оның су жағасында тұрғызылғанын айыптап жатты. Ақиқатын айт­қан­да ол қарапайым тұрғын­дар­дың бәріне бірдей қолжетімді, яғни облыс орталығындағы демалыс паркі секілді қажетті мәдени демалыс орнына айнала алмады. Керісінше, дәулетті адамдарға қызмет жасайтын су жиегіндегі алпауыттың кешені оның қалтасын қалыңдатқаннан басқа, қалың бұқараға пайдасын тигізбеді. Мұндай мысалдар әлі де табылады. Тағы да сол А.Орман және Қ.Кенжеғалиев секілді су сала­сы­ның басы-қасында жүрген үлкен­ді-кішілі басшылардың айтқан­да­рына кұлақ түрсек, бұдан басқа да табиғат пен жаратылыс заң­ды­лықтарына қарсы жасалған іс-әрекеттерге қаныға түсеміз. Ай­та­лық, Шаған өзенінде 1957 жыл­ғы үлкен тасқынға ұсқас, соған жетеғабыл көрініс 1986 жылы қайталанған. Одан бері де жиырма бес жыл өтті. Уа­қыттың соңғы ширегінде Ша­ған момақан кейіп танытқан. Тіпті арналары тартылып кебе бастаған. Соңғы жылдары оның суы мүлдем азайып кеткені жөнінде бұған дейін айтылудай-ақ айтылып, жазылудай-ақ жазылған-ды. Содан кейін не болды дейсіз ғой? Уақыт өте келе тасқынның әлегі ұмытылып, күндердің бір күнінде өзеннің бұрынғы арнасы бұзылып, әрі жойылып оның үстіне жол салынған. Табиғатпен ойнауға бол­май­ды. Табиғат мұндай оспадар­лық­ты көтермейді дейді мамандар мен табиғат жанашырлары. Темір ҚҰСАЙЫН. Орал.