• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2011

Апатпен арпалысқандар

352 рет
көрсетілді

Чернобыль атом электр станса­сындағы алапат апатты ұмыту мүмкін емес. Осыдан тұп-тура ширек ғасыр бұрын болған жары­лыс­тан 190 мың тонна радиактивті зат ауаға тарады. 5 миллион адам зардап шекті. Адамзат өміріне, қор­шаған ортаға зор қауіп төндірген апат ошақтарын залалсыз­дан­ды­руға Қазақстаннан 35 мыңға жуық адам қатысты. Тағдыр­дың жазуымен жанқиярлық ерліктің ғала­мат үлгісін көрсеткен оларды қа­лай құрметтесек те жарасады. Ға­бит Мү­сіре­пов ауданында Чер­но­быльдағы зардаптарын жоюға белсене атсалыс­қан 40 адам тұ­рады. Оларды ұлық­тауға арналған игілікті іс мазмұн­дылығымен есте қалды. Салтанатты шараны аудан әкімі Марат Тасмағанбетов ашып, сол бір қасіретті күндердегі адам­дар­дың бірлігі, ынтымағы ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді. Ол Семей жерінде 456 жарылыс орын алғанын, Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың тегеурінділігі арқа­сын­да жабылғанын, еліміз ядролық қарудан ерікті түрде бас тартып, төрткүл әлемге үлгі көрсеткенін айта келіп, апат зардаптарын жою­ға белсене қатысқан жандарға алғыс хаттар мен бағалы ескерткіш сыйлықтар тапсырды. 6 адам санаторийге жолдама алды. Солардың бірі Владимир Ботнаренко алғаш­қы­лар­дың қатарында Украина жеріне аттанып, жарты жылдай жұмыс істепті. Жетпісті алқымдап қалған ол сол кездері қырықтың қырқасынан енді асқан екен. – Осыдан 5 жыл бұрын 50-шақты едік. Жыл өткен сайын қа­тарымыз сиреп келеді. 16 адам мү­гедектер қатарында. Шынын айтсам, дәл бүгінгідей марапат күт­пеп едім. Бұрындары дәл осы­лай басымыз қосылып көрмепті. Тіпті арамызда бір-бірін білмейтіндер де бар көрінеді, – деп Владимир Тимо­феевич ағынан жарыл­ды. Әну Ақпанов, Николай Гош, Ар­тур Есләмов, Павел Радченко секілді азаматтар тепсе темір үзетін 25 жасында ажалмен бетпе-бет келсе, Владимир Французов небәрі 20 жаста болған. Әкімдіктің шараға тиянақты дайындалғаны көрініп тұрды. Аудан әкімінің орынбасары Алтын­шаш Тай­шабаеваның айтуынша, оны өт­кізуге аудан әкімі Марат Иманбайұлы бастама көтеріп, 700 мың теңге бөл­гізіпті. Чернобыль зардаптарын жоюға қатысқан азаматтарға дастарқан жай­ы­лып, жергілікті көркемөнер­паздар концерт қойды. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы, Ғабит Мүсірепов ауданы.