• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2011

Мамыр

543 рет
көрсетілді

Батыс Еуропада «Mamer» деген атпен танымал болған қазақ жігіті ту­ра­лы біз жарытып ештеңе білмейді екенбіз. Оның басты себебі, бұл жігіттің өз отанында туып-өспегендігі, осы кезде де Қазақстанда тұрмайтын­дығы. Қа­лың ханзудың ортасында ән салып жүріп, 2009 жылы бірден ән таспасы Батыс Еуропаға тарағанда, ол отыздың үстіне жаңа шыққан еді. Иә, әншілік өнерімен талайды таңқал­дыр­ған Ма­мыржан Райысханұлы Қы­тай­дың Шың­жаң ұйғыр-автономиялық райо­ны­ның тумасы. Үрімші қаласынан 300 км жердегі шағын ауылда, қарапайым қазақ отбасында жарық дүние есігін ашқан. Ол әнші болуды бала кезінен армандап, әкесі Райыс­ханнан домбыра үйренеді. Тек дом­быра ғана емес, гитара, шертер сынды аспаптарды жақсы меңгеріп, өспірім шағынан ән айта бастайды. Біз Ма­мыржан туралы мәлімет іздестіру ба­ры­сында оның интернеттегі мекен-жайын тауып (www.myspace.com/mamermusic1.) біраз жай­ларға қаныққандай болдық. Ол: «Біз бір ата-анадан ағайынды онбыз. Бауыр­ларымның бәрі де домбыра тартып, кішігірім жиын-тойларда ән шырқай береді. Соның ішінде менің музыкаға құштарлығым алабөтен еді. Үйренем деген аспаптардың бәрін сатып әпер­ген, үйге әншілерді жиі-жиі қонақ еткен ата-анама алғысым шексіз. Олар менің нөмірі бірінші тыңдаушыларым және сыншыларым», деп жазады. Мамыржанның өнердегі жолын тақтайдай түзу, даңғыл деп айтуға әсте болмайды. Бозбала шағында арқасүйер ешкім таппай, Үрімшінің кафе-ресторандарын жағалап ән айтады. Оның үстіне Майкл Джексоннан бастап Металликиге дейінгі поп әнші­лерге еліктеп, ағылшынша рок, поп әндерді шырқап, тыңдарманның сезімін жаулап алуды көздеуі де жас­тықтың желігі деп бағаланады. Бірақ, беті қайтқан бозбала жоқ. «Осыдан әлемді аузыма қаратпасам ба?» деген ниет­пен 20 жасында туып-өскен Ми­чи­ганынан ешбір танысы жоқ, шулы-дулы Нью-Йоркке бір ғана сөмкесімен жол тартқан Мадоннаға ұқсап Мамыр­жаныңыз да 20-ны еңсеріп барып Бейжіңге ат басын тірейді. Бұл 2000 жылдың басы еді. Мұнда азулы Бей­жіңнің кәнігі пайдакүнемдері Мамыр­жанға қытайша ән салса, жолы ашы­латынын, табысы молаятынын түсін­діріп-ақ бағады. Бірақ жүрек қалауы болмаған соң, табысың да, жол-пұлың да онша қызықтыра қоймайды. Бұл туралы әншінің өзі: «Үрімшіде музы­канттар сауық үшін, пайда табу үшін ән салса, Бейжіңде өзіңді танытуға деген құштарлық оянып, әнің арқылы ілгерілей беруді мақсат етесің. Бейжіңде кәсіби әнші ретінде қазақтың ұлттық ән-күйлеріне жаңаша леп беру арқылы шығармашылығымды дамыттым, жаңа достар таптым, көптен бері ойымда жүр­ген «Із» тобын құр­дым. Бір қызығы, ең алғаш топ 2003 жылы құрыл­ған­да мүшелері кі­лең ханзу му­зы­канттары еді. Олар­ға қазақ ән­де­рін, домбырада ой­науға үйрету үшін көп күш-жігер жұмсадым. Нәтижесінде танымалдығымыз артты. Бірақ қазіргі таңда тобымыздың мүше­лері өзгерді, ескі мүшелерінен бір ғана Чжен Ду атты барабаншы қалды. «Қытайша ән сал» деп бастапқыда айтылған ұсыныстар әлі де айтылып келеді. Бірақ жүрегім қаламайды», дейді. Сонымен Мамыржанның есімі әлемді қалай жаулап алды дегенге келейік. Ол 2008 жылы Бейжіңде таны­мал продюсер Робин Халлерді кездестіреді. Жігіттің бойындағы жастық жалын мен дауысының әдемілігі әрі ән біткеннің байырғы табиғатын жоғалт­пай, оны осы заманмен ұштастыра орын­дайтыны продюсерді қызықты­рып, нәтижесінде Лондонның әлемге әйгілі «Real World Records» компа­ния­сынан алғашқы CD альбомы жарық көреді. Бұл дүниежүзінің түкпір-түк­піріндегі дарынды жастардың ғана альбомын жазуға мүмкіндік беретін бірден-бір компания болып есептеледі. Сондықтан одан шыққан әндердің бағы жанып, төрткүл дүниені аралап кететіні бар. Райысханның ұлының да «Eagle» («Бүркіт») деген атпен шық­қан ән альбомының Батыс Еуропаға бірден жол тартқаны – соның айғағы. Альбом туралы алғашқы жылы лебіз­дердің бірін Канаданың «National post» газетінің тілшісі айтты. «Аль­бом­ның әсері өте күшті. Әншінің өзі құдды суретші. Ол ән арқылы сурет салатындай, таби­ғат­тың сұлулығы көз алдыңа орнай қалады». «Бүркіт» ән альбомын өмірге алып келген компанияның негізін қалаушы Питер Габриель: «Мамердің ком­пози­циясын тілмен айтып жеткізу қиын, онда құдіретті сиқыр бар», депті. Иә, оның құді­ретті әрі сиқырлы болуының себебін бір кездегі көшпелі тірлікпен ғұмыр өткізген қа­зақ рухының еркіндігінен іздеген жөн шығар. Өйткені жинаққа «Қар­ғаш-ай», «Елігайдан» бастап түгелге жуық халық әндері кірген. Тағы бір жаңалығы, альбомдағы екі әнді Мамыржан және оның «Із» тобы шетелдік танымал әншілер Бела Флекпен және 2008 жылы өмірден озған Эктор Зазумен бірге орындапты. Сөз соңында айтарымыз, Мамыр­жан Райысханұлы қазір де 1,3 миллиар­дтан астам халқы бар, халық саны жөнінен әлемдегі ең бірінші қала боп есептелетін, сондықтан мыңнан тұлпарлардың ғана өнер аспанында жұлдызын жағатын қатал Бейжіңде тұрады, сонда жұмыс істейді. Қазақ жігітінің бағындырар биігі әлі де алда деген үміттеміз. Айгүл СЕЙІЛОВА.