• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2011

Алғашқы жауап алынды

372 рет
көрсетілді

Кеше Италияның Чивитавекья қаласының сотында алдын ала тергеу судьясының, прокурор мен адвокат Ивана Маннидің қатысуымен ұсталған қазақстандықтан алғашқы жауап алу үдерісі болып өтті, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі. Прокурор мәжілісте қазақстандыққа тағылған үш айыптау бабын хабарлады. Олардың ішіндегі ең ауыры әуе кемесін басып алуға әрекеттену болып табы­лады. Бұл бап ұзақ уақыт түрмеге қамауды қарастырады. Судья айыптаумен келісті. Аталған мәжілісте айыпталушының кепілдеме арқылы немесе кетпеу туралы қолхат беру арқылы бостандыққа шығу мүм­кін­дігі мәселесін адвокат көтерген жоқ. Себебі, тағылып отырған айып ауыр. Со­нымен бір мезгілде, адвокат ұстал­ған­ның денсаулығын тәуелсіз психо­те­рапевтің сараптамасынан өткізу туралы сұраныс жасады. Бұл сұра­нысты судья қолдады. Сөйтіп, айыпталушы қамауға алынды. Жауап алудың келесі уақытын судья кейін белгілейтін болады. Италиядағы Қазақстан консулына жергілікті биліктен ұсталғанға күн сайын барып тұру құқына қол жеткізу мүмкін болды. Сондай-ақ, кеше Қазақ­стан Республикасының Италиядағы елшілігінің өкілдеріне В.Г.Толмачевпен кездесу өткізуге жағдай туғызылды. Әңгіме барысында ұсталғанның қа­мау­дағы жағдайына арыз-шағымы жоқ екені анықталды. Ол бір адамдық камерада отырса, денсаулығына байланыс­ты да алаңдайтын ештеңе жоқ көрінеді. В.Толмачевтің өзі болса, көңіл-күйі өте басыңқы жағдайда екен. Оның айтуын­ша, оқиға кезінде өзінің іс-әрекетін ба­қылай алмай қалған; қылығына қатты өкінеді және тергеумен толық ынты­мақтасуға дайын. В.Толмачев итальян тілін меңгерген, сондықтан тәржімешінің қызметін қажетсінбейді.