«Нағыз жігіт төрт жағдайда басын иеді: өмірге әкелген ата-анасының алдында, сүйікті жарына, қиналғанда иығына сүйенсін деп жан досына, мойнына асылсын деп бала-шағасына», дейді Евгений Ханкин. Ауызбіршілікке де қызмет етіп, қоғамдық жұмыстардан да қалмай, ағайынға да болысып, іскерлікте те алдына жан салмайтын Ахметжан ШАРДИНОВ сондай азамат.
Өткен жылы Елбасының Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары болып сайланған Ахметжан Бәкірұлы Алматыда 20 жылдан бері үздіксіз көпір құрылғылары зауытының директоры қызметін атқарып келеді. Еңбекпен көзін ашқан азаматпен тілдесудің сәті түскен еді.
– Президенттік сайлауды сәтті атқарғанымызға көп уақыт өте қойған жоқ. Бір үйдің баласындай, баршамыз дерлік Елбасына дауыс бердік. Елдіктің ертеңіне дауыс бердік. Менің қуанғаным – халқымыз осы ауызбіршілік пен тыныштықтан айырылмау қажет екендігін әбден түсінді. Мына алмағайып заманда аузымыз бір болса ғана алға жылжитынымызды көрдік. Қазақстанда жұмысын білетін, алдағы күндердің аманатын түсінген адамның ісі ілгері басады. Ешкім ұлтына, жынысына бөлініп жатқан жоқ. Жұмақты адам жанкешті еңбегімен жасап алады. Елбасының өзі де «Мысықтың түсі қандай болғаны маңызды емес, тышқан ауласа болғаны», демеп пе еді. Қалжыңмен болса да, астарлап айтылған бұл сөздің салмағын жеңілдетпеу керек. Елімізде ешкім де шеттетіліп отырған жоқ. Әркім өз міндетін адал атқарса, жақсы өмірге ұмтылса, бәріне де қолы жетіп жатыр. Еңбек етіп, бала-шағамның несібесін айырамын, елге пайдамды тигіземін деген адамға қолбайлау көріп тұрған жоқпыз. Бизнес саласында да солай. Қоғамдық қызметтерде де басқаша болып көрген жоқ. Сондықтан біз осы байлықты бағалап, ұрпағымыздың келешегі үшін алға ұмтылғаннан басқа әңгіме болмауы керек. Елбасы біреу – қалғанымыз тіреу болайық дегенді бекер айтып жүрген жоқпыз.
– Ахметжан Бәкірұлы, атқаратын қызметіңізден бөлек, Алматы қалалық мәслихатының депутатысыз. Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени бірлестігінің төрағасысыз. Оған қоса, «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасы басқармасының мүшесісіз. Осының бәріне қалай үлгересіз?
– Сізбен сұхбатты да таң алдына белгілеп отырғанымыз осы ғой. Бәріне үлгеру керек. Пайғамбар жасына да жеттік. Қоғамдық жұмыстар да шашетектен. Өндірістік жауапкершіліктің де ауыртпалығы жетеді. Біздің мемлекетіміз қарыштап алға жылжып келеді, осы даму үдерісінен қалыспау үшін оның ырғағына бейімделу қажет. Негізгі жұмысты да, қоғамдық жұмысты да үйлестіріп отыруға күшімді саламын. Ерте тұрамын, кеш жатамын. «Мына шаруа менің міндетім емес», деп айта алмаймын. Бұл істі біз істемесек, кім істейді?
Ал, Елбасы мені Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары етіп тағайындаса, бұл – үлкен абырой, орасан жауапкершілік пен сенім. Мен өзімнің Мемлекет басшысының командасында екенімді мақтан тұтамын. Және Президентіміздің барлық бастамасына шын ықыласпен қолдау көрсетемін.
– Егер бүгінде Алматы көпір құрылысы зауытының аты Қазақстаннан тысқары жерлерге де танымал болса, онда сіздің де үлкен үлесіңіз бар екендігі айтылады…
– Бұл ұжымды 20 жылдан бері басқарып келемін. Оған дейін Қапшағайдағы жол-құрылыс материалдары комбинатын, оның алдында Алматыдағы тас өңдейтін зауытты басқардым. Көпшілік егер бастық болсаң, басқарып отыра беруге болады деп ойлар. Әсте олай емес. Мұның артында үлкен жауапкершілік жатыр. Кешегі Кеңес өкіметінің құлауын, сомның девальвацияға ұшырап, халықтың өтпелі кезеңде қиналғанын көрдік. Бірақ, сағымыз сынған жоқ. Осының бәріне қарамастан, сол кезде ұжымда 500-ге тарта адам жұмыс істесе, қазір де сонша адам отбасын асырап отыр. Мұның бәрінде Елбасының саясаты жатыр. Алдымен Нұрсұлтан Әбішұлы экономиканы алға сүйреді, содан кейін саясатты жолға қойды. Бір зауыттың жауапкершілігі оңай болмай отырғанда, бүкіл мемлекетті басқарудың қиындығы қандай екендігін елестете беріңіз. Сондықтан да, біздер әрқайсымыз өзіміздің отырған жеріміздің жауапкершілігімен мемлекетті алға апаруға міндеттіміз.
Ал зауыттың жайына келсек, елде де, сыртта да бізге бәсекелестік тудырып отырғандар бар. Бірақ, біздің темір-бетон материалдарын шығаратын зауыттардан айырмашылығымыз үлкен. Өйткені, көпір құрылымдары материалдарын жасауға деген талап аса жоғары. Бұл бір толайым инженерлік құрылым. Сондықтан да, көпір салушылар құрылыс саласының ақсүйектері деп текке айтылмайды.
Біз бүгінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Және біздің өнімдер бүгінгі ТМД кеңістігіндегі ең сапалысы деп айтуға ұялмаймын. Кеңес өкіметі тұсында да біздің зауыт Ресейдің шекаралық аймақтарын көпір салатын материалдармен қамтамасыз етіп келген. Осы бағдарлама бойынша бізге келген шетелдік тапсырыс берушілер қазір де бізде осындай сапалы құрылғылар шығаратын, заманаға бейімделген зауыт бар екендігін көріп таңқалады. Ресей, Қырғызстанмен де жұмыс істеп келеміз. Кедендік одақтың құрылуы біздің зауыттың келешегіне мұнан да кең жол ашады деп үміттенеміз.
– Үлкен ұжымды басқартып, тамаша табысқа жеткізіп, елдегі танымал жандардың қатарына қосылуға ықпал еткен алдымен еңбек қой, аға?
– Үш ұл өсіріп, ағаш егіп, жетістіктерге жеткен болсам, алдымен ата-анамды ауызға алар едім. Мен өсіп-өнген, тату отбасында Талдықорған жақта, Жаркентте дүниеге келдім. Соғыстан кейінгі қиын-қыстау жылдарға қарамастан, әке-шешеміз бізге жақсы тәрбие берді, жоғары білім алуға септесті. Әскер қатарында шыңдалдық. Үлкенге деген сыйластық пен патриоттық сезім жетекшілік қызметке жетеледі.
Кеңес өкіметі кезінде «Тимур және оның командасы» деген әйгілі фильм болды ғой. Расында да біз осындай рухпен өскен ұрпақпыз. 30 жыл үлкен ұжымдарды басқара жүріп ұққаным – қашан да айналаңды ниеттес жандар, жоғары кәсіби мамандар, күшті командалық рух қоршау керектігін түсіндім. Осындай күшті тетік жұмыс істесе ғана екі есе табысқа жетесің.
Ең бастысы – ұжымның әрбір адамы өзінің әлеуметтік жағынан қорғалғанын сезіне алуы қажет. Қиналғанда қолұшын беретін, күш-жігері барда отбасын асырай алатын ортасы болуы керек. Зауыттың жұмысы тоқтамаса, дастарқанның да берекесі үзілмейтінін біздің қызметкерлердің бәрі сезіне алады.
– «Жақсы демала білген адам жақсы еңбек етеді» деген де қағида бар ғой?
– Жарты мыңға жуық адамның жауапкершілігі, тағдыры, келешегі мені басшы ретінде бей-жай қалдырмайды. Қайда барсам да бір көріп қызығы таусылған соң, өз еліме, отбасыма, жұмысыма асығамын. Әлемде Алматыдай сұлу қала жоқ. Тәуліктің 70 пайызын жұмыста өткізеді екенмін. Алдыма келген әрбір адамның мәселесін талқылап, реттеп, қуантып шығарып салғаннан ләззат алып, демалып қалғандай, қанағат сезіміне бөленемін.
Бізде 500-ге тарта адам жұмыс істейді. Әрқайсысының жеке басының, отбасының мәселелері жеткілікті. Оның үстіне темір-бетон өндірісі – аса күрделі сала. Сондықтан біз әлеуметтік қамсыздандыруға айтарлықтай көңіл аударамыз. Студенттерге білім алуға грант бөлеміз. Тәжірибеден өтуге шақырамыз. Қызметкерлерге емдеу-сауықтыру орындарына жолдама бөлеміз.
Өткен жылы бізге ТМД-ның барлық елдерінен кәсіподақ қызметкерлері келіп, зауыттың әлеуметтік бағдарламасына жоғары баға беріп кетті.
– Алматы қалалық мәслихатының депутатысыз. Оңтүстік астана да мәселесі бір басына жететін қала емес пе?
– Бүгінгі таңда мемлекетіміз дәл осы әлеуметтік саланы жақсартуда орасан шаруа атқарып жатыр. Мұны қаланың қым-қуыт өмірінен, салынып жатқан жолдардан, жаңа ауруханалар мен мектеп, балабақшалардың ашылуларынан ел көріп отыр. Әркім ескі үйін жаңартып, баспанасы жоқ болса, мемлекеттік бағдарламалармен пәтерлерге қол жеткізуде. Талай қоныс тойына куә болдық. Қазір қаламызда көліксіз үй жоқ. Кейбір отбасыларында бірнеше мәшинеден бар. Істеймін деп құлшынған адамның екі қолына бір жұмыс табылады. Жағдайым жаман деп айтып жүрген адамды өз басым көрген жоқпын. Мемлекет өзінің әлі жететін жұмыстардың бәрін жолға қойды. Кешегі қаржылық дағдарыстан қиналмай шығуымыздың да бір себебі осында.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.