• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
29 Сәуір, 2011

Арландардың арыны

380 рет
көрсетілді

Жақын арада Қытайдың Гуянг қаласында был­тырдан бері Халықаралық әуесқой бокс федерациясының (АІВА) бастама­сы­мен өткізіліп келе жатқан Дүниежүзілік бокс сериясының (WSВ) бәсекелері аяқталады. Осы бәсекеге баға беретін болсақ, клубтық командалар арасында қараша айынан бері жал­ғас­қан жарыс жаман өтті деп айта алмаймыз. Жа­рыс ережесі бойынша, Азия, Америка және Еуропа құрлықтарында құрылған командалар өзара кез­дескен соң, үздіктері жартылай финалға шығып, 6-7 мамыр күндері Қытайда өтетін фи­налдық сынға жолдама алды. Осы жолдаманы ал­ған команданың бірі – біздің «Астана арландары» болса, екіншісі – Францияның «Париж юнайтед» клубы. Біздің боксшыларға жолдама алу оңай бол­ма­ды. Жартылай финалдық бәсекеде «Лос-Анд­же­лес матадорс» командасымен кездескен «арландар» финалға шығу үшін барын салып, бүкіл күш-қайратын жұмсады десе болады. Осы кездесудің алдында да «арландарға» топтық жекпе-жекте «Баку алауларына» қарсы қолғап түйістіру оңай болмағанын айту керек. Енді, міне, бәрі артта қал­ды. Ең бастысы – білікті маман Болат Ман­кеновтің жетекшілігімен  «Астана арландары» фи­налда. Финалда жеңімпаз атанған команда AIBA тарапынан қомақты қаржыға ие болса, бә­секе бас­талған кезден бері әр командада ең үздік нә­ти­же көрсетіп, WSВ рейтингінде жоғары ба­ғаға ие болған боксшы 2012 жылғы Лондон Олим­пиа­дасына берілетін жолдама үшін бақ сына­са­тын болады. Бұл жолдамаға біздің боксшылар ара­­сынан Қанат Әбутәліпов пен Ержан Мүсә­пі­ров таласатын болды. Олардың жекпе-жектерін 27-28 мамыр күндері боксшылар арасында өтетін же­келеген чемпионатта тамашалайтын бо­ла­мыз. Ал әзірше оқырмандар назарына «Астана ар­лан­дары» құрама командасының бас бапкері Бейбіт Есжановпен болған әңгімені ұсынуды жөн көріп отырмыз. Команда бапкерімен «Астана ар­ландарының» Лос-Анджелестен келген күнінің ертеңінде, Алматыға оқу-жаттығу жиындарын өткізуге барар алдында кездескен едік. – 18 сәуір күні таңертең Лос-Анджелесте кеш батқан кезде www.worldseriesboxing.com cайтынан «Астана арландары» мен «Лос-Анджелес матадорс» командасының арасындағы кез­десудің есебін бақылап отыр­ған едік. Бірақ жекпе-жектің бей­не­материалы болмаған соң, көре алмадық. Ержан мен Бақыт жеңілгенде өзімізге-өзіміз сенбедік. Сіз сол жерге жігіттерді бастап бардыңыз ғой. Кездесу қа­лай өтті деп ойлайсыз? – Жекпе-жектер оңай болған жоқ. Ең жеңіл салмақтағы Қанат Әбутәліпов өз тәсілімен, тәжіри­бе­сімен ұтты. Қарсыласы арген­ти­налық Фернандо Мартинестің Қанатқа күші жетпеді. Ержан Мүсәпіров бүгінгі күнге дейін жақсы бокстасып келді. Бірақ АҚШ-та шаршаңқырады ма, мүмкін финалға шыққаннан кейін психологиялық жағынан өзін дайындай алмады ма, осы жолғы жекпе-жекте Эрик Могель Флорестен ұтылды. Ал Бақыт Сәр­сек­баев жеңілген жоқ. Төре­ші­лердің неге оған жеңіліс бергенін түсінбей қалдық. Әрине, бір жа­ғы­нан Бақытты да түсінуге бо­ла­ды. Биыл ол 30-ға келеді. Ол енді кешегі 20 жастағы шауып жүре­тін жігіт емес. Оның жеңілгеніне жасы әсер етті ме деп ойлаймын. Марат Молдагереев туралы айтсам, ол бізге кейін келген жігіт. Оның бокспен айналысқанына 5-6 жыл болды. Халықаралық аренада тәжірибесі жоқ. Соған қарамастан, ол жеңіске жетті. Ал Бернат Иштван америкалық бокс­шымен мұның алдында кездескен болатын. Сол кезде Бакуде өткен айқаста ол Хавьер Торресті ұтқан еді. Олар бір-бірін жақсы біледі. Иштванның бокспен айналыс­қанына 3 жыл болды. Сондықтан мен ол рингке көтерілгенде аздап алаңдағаным рас. – Осы жарыс қараша айы­нан басталды ғой. Қазір жарты жыл өткенде құрамаға қандай баға берер едіңіз? Қай боксшы кө­ңіліңізден шықты, қайсы­сы­на көңіліңіз толмады дегендей. – «Астана арландары» жобасы ашылғанда біраз боксшы ша­қы­рылды. Рас, алғашқы кезде көбі бұл жобаны түсінбей қалды. Біз де түсінбей, ұлттық құрама командамен қарым-қатынасымыз қа­лай болады екен деп ойлап жүр­дік. Сондықтан көп әріптес­те­ріміз жігіттерін командаға бергісі келмеді. – Командаға алғашқы кезде біраз жігіттер алынған еді. Кейін олар неге көрінбей кетті? – Бағдат Әлімбеков, Нұрлан Сейтімбет, Азамат Смағұлов, Берік Абдрахманов, Мирас Байыр­ха­нов сияқты жігіттер бұл жобаға дайын емес екендерін көрсетті. Енді жаңа маусымда біз коман­даны күшейтетін боламыз. Бізде қазір ауыр салмақта проблема бар. Милютин Станкович жобаға дайын емес. Жас жігіт, 20-да ғана. Бұл – ауыр салмақ үшін өте аз жас. Бернат Иштван да жас жігіт. 1989 жылғы. Ганадан келген Ампонсах Максуэлл де дайын емес. Оның тәжірибесі өте аз. – Оларды қалай таңдап ал­ды­ңыздар? – Шілде айында Лондонда жеребе болған. Сонда бұл жобада ле­гионер болуы керек делінген. Таңдап алмасаң, WSВ басшы­ла­ры күштеп беретін еді. Сөйтіп, бізге WSВ мамандары шетел бокс­шылары туралы мәлімет беріп, олардың қатысуымен өткен жекпе-жектерді көрсетті. Біз осы кассеталарды көріп, өзімізге лайық жігіттерді алу үшін Лон­донға барған едік. Бірақ легионерлерді таңдауға келгенде біздің команданың нөмірі 9 болды да алдымыздағы 8 команда біз қарап жүрген боксшыларды алып кетті. – Алдарыңызды ораған кімдер сонда? – АҚШ, Италия, Үндістан ко­ман­далары. Үнділер көп легионерлерді алды. Қазір оның не себептен құрылмай қалғанын білмеймін. Содан кейін оның легионерлерін Корея командасы алып кетті. Сондықтан амал жоқ, бізге Иштван, Станкович пен Мак­суэллді алуға тура келді. – Өзбек легионерлері бізге қалай келді? Олар орта жолда қо­сылды ғой? – Бізде ауыр салмақта проблема болған соң, легионерлерді іздей бастадық. Қазақтарды алуға болмайды. Неге десеңіз, легионерлер көп болуы керек. Сол себептен біз амалсыздан алысқа бар­май, жақын шетелдің бокс­шыларын іздей бастадық. – Оларға көңіліңіз тола ма? – Рамжон Ахмедов бізге көп көмектесті. Біз Сардор Абдул­лаев­қа зор үміт артқан едік. Негізі, оның тәжірибесі мол. Бізге кел­генде оның салмағы 130 кило болатын. Қазір 119-ға түсті. Бұл да ол үшін әлі көп. Оған тағы 8-10 кило түсіру керек деп ойлаймыз. – Боксшылардың жарысқа дай­ындығын, медициналық тексеруден өтуін, күнделікті режімін айтып берсеңіз. Осының бәрі қалай жүргізіледі? – Жігіттердің дайындығын бә­ріміз ақылдасып істейміз. Дәрі­гер­леріміз бар. Юсуп Шамузов деген дәрігеріміз Халық­аралық әуесқой бокс федерациясының ме­дицина комиссиясының мүше­сі. Бақыт Сәр­секбаевтың бапкері Кәрім Мах­мұдов, тағы бір бапкеріміз Олег Ковальчуг бәріміз боксшыларға жауап береміз. Енді финалға аз уақыт қалды ғой. Шаршаған жігіттерді үйлеріне демалуға жібердік. Мүсә­пі­ров, Сәрсекбаев, Сі­ләм от­ба­сылы жігіттер. Бала­ларының маңдайынан бір иіскеп қайт­сын. Осы бокс­шы­лардың бәрі 6-7 мамыр күндері Қытайда «Париж юнайтед» коман­да­сына қарсы жекпе-жек өткі­зеді. Ал 27-28 мамыр күн­дері Қанат Әбутәліпов пен Ержан Мүсәпіров жекелеген чемпионатта Олимпиада жол­да­ма­сы үшін күш сынасады. Қанат алжирлік Әбділхафид Беншабламен, ал Ержан Қытай Жимин Вангпен кездеседі. Осы жекпе-жекте жеңгенге 20 000 АҚШ долларымен қоса, Олимпиада жолдамасы беріледі. Жеңілген боксшы 10 000 АҚШ дол­ла­рын алады. Ал 6-7 мамырда финалда жеңген командаға 500 000 доллар табыс етіледі. Ұтылған ұжымға 150 000 АҚШ доллары тиеді. – Финалда Қанат Сіләмға көп үміт артамыз. Бірақ бір байқағанымыз, ол жанкүйер­лердің қолдауына сеніп бокс­та­сатын сияқты ма, қалай? – Ол жігіттің тәжірибесі жеткілікті. Оның тәсілі сондай бол­ған соң, өзіне сеніп бокстасады. Қанат әр секөнтті бақылап оты­рады. Өзінің дайындығына сенеді. Біз де оның алдағы жекпе-жегіне сенеміз. Қанат өзі бізге кеш келді. Сол себептен рейтингте жи­наған ұпайы аз болды да, Олим­пиада жолдамасы үшін кездесуге өтпей қалды. Ол ерте келгенде бізге қатты көмекте­сетін еді. Соған қарамастан, қазір жақсы нәтиже көрсетіп отыр. – Келесі маусымға кімдерді шақырасыздар? – Клубтағы жігіттерді айтсам, Міржан Рахымжанов, Қанат Әбу­тәліпов, Мерей Ақшалов, Ержан Мүсәпіров, Қанат Сіләм қалады. Бақыт Сәрсекбаевты білмеймін. Оның жасы болса келіп қалды. Әрі қарай бокстаса ма, жоқ па, бізге белгісіз. Бізде ауыр салмақта проблема көп деп жаңа айттым ғой. Станкович пен Мак­суэллден құтылатын шы­ғармыз. Олардың тәжірибесі аздау, уақыт болса өтіп барады. Бізге бірде-бір жеңіс әкелмесе, оларды неге ұстауға тиіспіз?! – Боксшылардың мате­риал­дық жағдайы қалай екен? – Материалдық жағдайы жақ­сы. Жақсы айлық алады. Олар­дың айлығын WSВ басшылары шешкен. Ал легионерлер біздің жігіттерден көбірек алады. Олар­дың жалақысы Лондонда өткен жеребеде белгілі болған. Өткен жекпе-жектерде әрбір боксшы жеңіс үшін 5 000, ал жеңіліс үшін 1000 АҚШ долларын алып отырды. Жалақысы – 2 500 АҚШ доллары болды. – Сәрсекбаевтың Олипиа­да­ға баруы мүмкін бе? – Осы жарыста Бақыт Олимпиада жолдамасы үшін таласа алмады. Енді ол басқа жарыс­тар­да өзін көрсете алса, команда осы жігіт бізге әлі керек деп шешсе, Олимпиадаға баруы  мүмкін. Жарысқа Қанат екеуінің де барғаны дұрыс болар еді. Ол үшін Сәр­секбаев 69 килоға ауысса, Қанат 75-те қалса деймін. 75-те Серік Сәпиев те бар. Қазір еш­теңе айта алмаймын. Бәрін уақыт көрсетеді. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.