• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
29 Сәуір, 2011

Табысты өтетініне сенім білдірді

382 рет
көрсетілді

27 сәуірде Эр-Риядта Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров Сауд Арабиясы Корольдігінің Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік министрі Низар Маданимен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан Сыртқы істер министрі Е.Қазыхановтың 2011 жылғы 28-30 маусымда ‎Астанада өтетін Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясына қатысу үшін Сауд Арабиясы сыртқы саясат ведомствосының басшысы әмір Сауд әл-Фейсалға жолдаған ресми шақыруы табыс етілді, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі. Қ.Омаров жиын барысында Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық лауазымын ресми түрде қабылдайтын Қазақстан­ның аталмыш шараға ерекше мән беріп отырғанын атап өтті. Саудия тарапына басты халықаралық мұсылман ұйымына Қазақ­стан­ның төрағалығы кезеңіндегі қыз­метінің басым бағыттары таныс­тырылды. Сонымен қатар, Ар­найы өкіл Саудия дипломатымен ИКҰ сыртқы істер министр­лерінің Астанадағы кездесуі қар­са­ңында өте маңызды болып саналатын тақырып – араб әле­мін­дегі соңғы оқиғалар аясын­дағы халықаралық және өңірлік саясатқа қатысты өзекті мәсе­ле­лер жөнінде консультациялар өткізді. Өз кезегінде Мемлекеттік министр қазақстандық дипломатқа шақыру үшін алғыс айтып, ал­дағы Ислам Конференциясы Ұйы­мы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясына Корольдіктен жоғары деңгейде делегация қатысатындығына және аталмыш ұйымның төраға­сы лауазымындағы Қазақстанның барлық бастамаларына қолдау білдіретіндігіне, сонымен қатар, Астана форумын өткізу үшін ұйымдастыру және техникалық көмек көрсететіндігіне сендірді. Низар Мадани Қазақстанның ха­лықаралық беделінің, оның білгір де сауатты сыртқы саясатының, сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқ­ты ірі халықаралық құры­лым­дарды басқарудағы бай тә­жірибесінің арқасында аталмыш іс-шара табысты және жемісті өтетініне сенім білдірді.