Астанада өткен Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған республикалық ұлттық театрлар фестивалі өз мәресіне жетті
«Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІІІ сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, елімізде бейбітшілік пен келісімнің тұрақты орнағандығын осы фестиваль дәлелдей түскендей. Үш күнге созылған фестивальге қатысушы ұжымдар жоғары деңгейдегі өнердің биік шыңын көрсете білді. Мәселен, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры «Кенесары – Күнімжан» қойылымы арқылы көрерменге махаббат атмосферасын көркем жеткізе білсе, неміс және өзбек театрлары өздерінің көштен қалмай, өнерлерін одан әрі шыңдайтындықтарын дәлелдей түскені анық. Олай болса, өнер байқауының барлық қатысушыларына жаңа шығармашылық шабыт тілейміз», – деді Мәдениет вице-министрі Асқар Бөрібаев фестивальдың жабылу салтанатында.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІ сессиясында Мемлекет басшысының берген тапсырмасына орай ҚХА-ның қолдауымен, Мәдениет министрлігінің ұйытқы болуымен өткен өнер сайысында еліміздегі көшбасшы мәдениет ошақтары Қазақстан ұлттар театры, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры, Максим Горький атындағы мемлекеттік орыс драма театры, Қ.Қожамияров атындағы республикалық ұйғыр музыкалық комедия театры, республикалық корей музыкалық комедия театры, сондай-ақ неміс және Оңтүстік Қазақстан облыстық өзбек драма театрлары қазылар алқасының назарына отандық драматургтердің үздік туындыларын ұсынды.
Алдағы уақытта жүйелі өткізіліп тұратын болады деп жоспарланып отырған фестивальдің басты мақсаты – еліміздің әртүрлі мәдениеті мен тілін сақтап қалу, мәдениетті өзара байыту, этносаралық төзімдікті нығайту, Қазақстан халқының мәдениетаралық келісімін одан әрі дамыту болып табылатынын да айта кеткен жөн.
Үш күнге жалғасқан байқау нәтижесінде «Үздік спектакль» жүлдесімен И.Зайыровтың «Қарыз» пьесасын сахналаған Оңтүстік Қазақстан облыстық өзбек драма театры, «Үздік режиссерлік шешім» жүлдесімен С.Мроектің «Свобода» туындысын сахналаған республикалық неміс драма театрының режиссері Ирина Симонова марапатталса, Д.Рамазанның «Кенесары-Күнімжан» пьесасын сахналаған Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры мен Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» қойылымын көрсеткен М.Горький атындағы мемлекеттік орыс драма театры «Ең үздік ұлттық авторларының драматургиясы» үшін жүлдесін алса, Д.Исабековтың «Бақыт құсы» қойылымы үшін «Ең үздік театр дебюті» жүлдесін Қазақстан ұлттар театры, Тхай Дян Чунның «Хын Бу мен Ноль Бу» қойылымы үшін «Көрермендер көзайымы» жүлдесін мемлекеттік республикалық корей музыкалық комедия театры жеңіп алды. Ал «Ең үздік әйел адам бейнесі» жүлдесін ОҚО өзбек драма театрының әртісі Дилфуза Ибрагимжанова, «Ең үздік ер адам бейнесі» жүлдесін Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрының әртісі Сырым Қашқабаев алды.
Фестивальдің қорытынды кезеңінде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов сөз сөйлеп, К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының ұжымы сахна төрінде өнер көрсетті.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.