• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2011

Несіпбек АЙТҰЛЫ: «Қазақтың асығы түгел болмай, басқаның дүниесі түгенделмейді»

698 рет
көрсетілді

Татулық пен тұрақтылықты, ел азаматтарын қазақ ұлтының маңайына топтастыруды өзек ететін 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында ақын, Сәкен Сейфуллин мұражайының директоры Несіпбек Айт­ұлы­на жолығып, ел тұрғындарының бірлігі мен тұтастығына қатысты бірер сауал қойған едік. – Несіпбек аға, 1 мамыр – бір­лік мерекесі. Бұл мерекені әлемнің көптеген елі әр түрлі маз­мұнда тойлайды. Қазақ хал­қы үшін бұл мерекенің мән-маңызы неде? – Біз бұрынырақта, бала кезімізде 1 мамырды халықаралық ынтымақ күні деп мерекелеп кел­дік қой. 1 мамыр біз үшін сол кездегі үлкен мерекелердің бірі болатын. Есімізде қалғаны, дәл осы күні бүкіл дүние жүзі ха­лық­тарының ынтымақ күні деп ақ көгершін ұшырып жататынбыз. Ал енді Қазақстан үшін бұл күннің мәні тіпті тереңдеп кетті деп ойлаймын. Себебі, Елба­сы­мыз Нұрсұлтан Назарбаев  тәуел­сіздік алғаннан бергі 20 жыл ішінде көпұлтты Қазақ­стан халқын сүттей ұйытып, тағ­ды­рын жарастырды. Қазір Қа­зақ­стан бейбітшіліктің үлгі­сіне ай­налған ел болды. Себебі, түпкі саясат – әлем халқын, халықтар арасындағы руха­ният­ты, мемлекеттер ара­сындағы сыйлас­тық­ты жарас­тыру. Рас, Кеңес өкіметінің тұ­сында халықтар достығы деген үлкен саясат жүзеге асты. Бірақ, шыны керек, сол саясаттың тегеу­рінімен қызыл империяның қа­бағынан, тізесінен қорық­қан­нан кейін ғана жұрт ішінде ты­ныш­тық орнағандай, ел бір-бірімен, ұлттар бір-бірімен жа­қын­дас­қан­дай көрінетін. Алайда, әр ұлт­тың, әсіресе, аз ұлт­тардың ішінде бір сыз, өкпе, тіпті қан қатып жатты. Өйткені, Кеңес өкі­меті тұсында кешегі ре­прес­сия­лық қырғын, халық­тың аш­тық жылдары көрген қия­наты, яғни 30-шы жыл­дар­дың басында қолдан жасалған геноцид, әлеу­мет­тік теңсіздік секілді келең­сіздіктер кеңінен көрініс берген еді. Бұған қоса, тіл мәселесі жө­ніндегі Кеңес Одағының конс­ти­туциясында жазылған «ұлттар өз бетінше дамиды, өз бетінше гүл­денеді» деген ұлт саясаты қағазда жазылды да, ал шын мәнінде жүзеге асқан жоқ. Бұл қолдан жасалған, күштеп та­ңылған саясат болды. Ал еліміздегі соңғы 20 жыл ішіндегі ұлт саясаты ешқандай күштеусіз, ешқандай зорлықсыз шынайы түрде жүзеге асып отыр. Қазақстандағы әр ұлт өкіл­деріне еркіндік берілді. Олар­дың мә­дениетіне, тіліне, қызметіне еш­қандай қысым жасалған жоқ. Қа­зақстандағы ел бірлігі, ынты­мағы дегеніңіз күштеп таңылған емес. Ол табиғи түрде жүріп, халықтың ақжарма тілегінен бір-біріне деген шынайы сенімі орнады. Осыған әрдайым тәубе деуіміз керек. Кейде артық-кем сөздер айтылып жатады. Кейбір мәселелерге қатысты ой-пай­ым­дар шолақ қайырылып жатады. Мен мұндай пікірлерге көп жағ­дайда қосыла бермеймін. – Қазақ жеріндегі ұлтара­лық бір­лік идеясына қарата ай­­тыл­ған: «этносаралық толе­рант­тылықтың бірегей моделі» деген түсінікті өз ішімізде жиі естіп жатамыз. Әлемнің кейбір елдері азаматтары да ой-пай­ым­дарын осы пікірдің төңіре­гінде өретінін көріп жүрміз. Сіздің пікіріңіз қандай? – Төзімнің де шегі бар. Әрине, қазақ халқы – ежелден кең, дархан халық. Жеріміз қан­дай кең болса, пейіліміз де сон­шалықты кең. Қонақжайлығымыз және бар. Қазақ өзі бастап, басқа халыққа шабуыл жасап, өзгенің қолындағысын тартып алатын халық емес. Табиғатында жоқ. Қа­зақ халқының осы төзімділігін, дархандығын, кеңпейілдігін пайдалана беруге болмайды. Әр ұлт­тың өзінің намысы болады. Кез келген кішкентай ұлт, аз халық болсын, оның намысына тиген кезде шамданады. Намыс дегеніміз – өзгенің тарихын жоққа шы­ғармау және аяққа таптамау, тілін қорламау, әдет-ғұрпын сыйлау. Баяғыда сақ патшайымы Томирис Кир патшамен соғысқан кезде: «Бізбен шын соғысқың келетін болса, алдымен, біздің бабалары­мыздың зиратына тиісіп көр, сонда көресің сақтардың қалай со­ғыс­қанын», депті. Сондықтан, мәселе – әр халықтың өзара, бір-бірімен сыйластығында жатыр. Бұл бір-бірінің мәдениетін, та­рихын, тілі мен ділін сыйлаудан да көрінеді. Және бұл бақай есеппен, басқа да бір қулық-сұм­дықпен емес, шынайы сыйластық түрінде болуы керек. Қазақта сөз бар: «Сыйға – сый, сыраға – бал» деген. Біз осындағы өзге ұлт өкілдерін сыйладық па? Олар да бізді солай сыйлауы керек. Біз оларды алақанымызға салып, тө­бемізге көтердік пе? Олар да қа­зақ халқына сондай сый көрсетуі керек. Сыйластық екі жақтан бірдей болмаса, ешқашан шын мә­ніндегі береке-бірлік болмайды. Әрине, қазақ халқының кейбір тұстарда төзімділік танытатын көн­бістігінен, кеңдігінен есесі кетіп жататын тұстар кездеседі. Бір­ақ, аса бір айғай-шу туды­ра­тындай, одан бір трагедия жасай­тындай жағдай жоқ. – Қазақ халқы – мемлекет құраушы халық. Яғни, ол елдегі этносаралық бірлік пен ке­лісімнің сақталуына алдымен мүдделі және жауапты. Ал өзге эт­ностар мемлекет алдындағы жауапкершілігін соншалықты сезініп отыр ма? Олар қазақ ұлтының маңайына қанша­лық­ты топтасып, ел дамуына үлес қоса алып отыр? – Өткенде телеарнадан Мұрат Ахмадиевтің сөзін тыңдадым. Ұй­ғыр халқының белгілі өнер қай­раткері: «Біз қазақтың та­рихын, тілін білмесек, осы мемлекеттің аза­маты болып отырғанымыз шы­найы емес», деп айтқан еді. Қазақ жеріндегі этностар елімізге тура осы тұрғыдан қарайтын болса, оларға мың да бір рахмет. Қа­зақ тілін білуге талпынып жатқан өзге ұлт өкілдерін көргенде ішің жылиды. Әрине, түрлі жағдайлар да орын алып жатады кейде. Ондай жәйттердің болмағанын қа­лар едім. Алдымен қазақ халқын, негізгі халықты сыйлап, тәуел­сіздігімізді, мемлекеттілігімізді шынайы мойындау керек. – Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде өзге этнос өкілдеріне өз мәдениетін, тілін дамытуға, әдет-ғұрпын сақтауға, жандан­ды­ру­ға жан-жақты жағдай жасал­ды. Енді олардың да мемлекеттік тілді үйрену деңгейі сы­на­латын кез жетті деп ойла­май­сыз ба? – Әлдеқашан жетті. Алайда, со­лардың тілге керенаулық та­ны­тып отырғандары қазақша білмейтін қазақ азаматтарының кі­нә­сінен деп ойлаймын. Өзінің же­рінде, өзінің бесігінде отырып, қазақ тілін білмеу – намыс­сыз­дық. Алдымен, қазақтар қазақ тілінде сөйлейтін болсақ, жағдай басқаша болар еді. Мәселен, Қа­сым-Жомарт Тоқаев аз жылдың ішінде тілді үйреніп алды ғой. Демек, іс басындағы, билік ба­сындағы азаматтарда ниет болуы керек. Бұл мұз ерімей, біз басқаға тілімізді қалай үйретеміз? Қазақ өзінің намысын оятып, өз көшін түземей ме алдымен? Барлығын өзімізден бастауымыз керек. Ниетімізді түзейік. Екіншіден, өзге этностар мемлекеттік тілдің мәртебесін, дең­гейін көтеру үшін күресуі керек. Олардың тілі мен мәдениетіне еш­қандай көлеңке түспейді. Біз оларға «өз тіліңде сөйлеме» деп отырған жоқпыз ғой. Үйінде сөй­лесін, мектебі ашылып, әдебиет­тері дамып жатыр. Газеттері шы­ғып жатыр. Этностар қазақ хал­қына көмектесіп, біз тірек бол­сақ, олар сүйеу бола білуі керек. Сонда ғана елдің шаңырағы ас­қақтап, босағасы берік болмақ. – Егемендік алған жылдар кезеңін саралай келе көз жү­гірт­сеңіз, бірлік қуаты қанша­лықты нығайыпты? – Меніңше, бекіді, нығайды. Әйтпесе, айналамызда қандай жағ­дайлар болып жатқанын көріп отырмыз ғой. Қазір Қазақстанда тұратын этностар өздерінің Ота­ны Қазақстан екенін түсінді. Кеткендер қайтып келіп жатыр. Гер­манияға кеткен немістер қайтып келіп, «қайран, ауылым», деп жылап көрісіп жатқан жағдайлар кездеседі. Демек, олардың тағды­ры қазақ жерімен мәңгі бай­ланған. Біз дұрыс өмір сүру үшін, үйіміздегі баламыз, отбасымыз, ошақ қасымыз аман болу үшін де бір-бірімізбен тату болуымыз керек. Бізде, шын мәнінде,  бас­бұзарлық, тентектік жасап, бүй­ректен сирақ шығаратын топтар жоқ. Бар болса, сырттан келіп жат­қан ағымдар, оның ішінде діни ағымдар деп ойлаймын. Ал Қа­зақстанның өзінде тұратын түпкілікті халық мұндай сыңар­жақтық пен сыңарезулікке бара қояды деп ойламаймын. Бұл, әрине, бірлік қуатының арқасы. – Президент Қазақстан хал­қы Ассамблеясының XVII съе­зінде «Биыл біз 1 мамырды ал­ғаш рет жаңа форматта атап өте­тін боламыз. Бүкіл Қазақ­стан бойынша бұқаралық шерулер, патриоттық акциялар өтеді. Көктемгі 1 мамыр мерекесі біздің еліміздің барлық этностарын бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түсуге тиіс», – деген еді. 1 мамыр, сіздің ойыңызша, қандай сипатта түрленіп, жандануы керек? – Баяғы 1 мамырдың сары­ны­мен кете беруге болмас. Әрине, түпкі мазмұны сол. Яғни, ұлттар арасындағы достық пен бірлік, ел ішіндегі тыныштық. Бірақ, мұ­ның астарында қазақтың мүддесі тұруы керек. Атап айтқанда, мемлекет тәуелсіздігі, тұтастығы, рә­міздері құрметтелуі тиіс. Қазақ­станға, қазақ жеріне, қазақ хал­қына деген құрмет тереңдей түсуі керек. Міне, осы тұрғыда жан­дануы керек деп ойлаймын. – Мереке қарсаңында ха­лық­қа айтар тілегіңіз. – Кешірімді болайық, кең болайық. Қазақ – осы жердің иесі. Сондықтан, қазақтың асығы мен есебі түгел болмай, басқа­ның дүниесі түгел болмайды. Қазақтың мерейі үстем болса, мем­лекетіміздегі өзге ұлт өкіл­дерінің де төрт құбыласы түгел болады. Үй ішінен үй тікпейік. Елімізге тыныштық, халқымызға бірлік тілеймін. Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.