Beeline бірінші болып Байқоңырда кең жолақты интернетке қол жеткізді
Әлемде Байқоңырдан да басқа ғарыш айлақтары бар. Алайда, бүгінгі таңда пайдалануы жағынан Байқоңыр мына жаһанда бірінші кезекте тұр. Қай жағынан алсақ та, Байқоңыр ешқандай қалаларды қайталамайтын кішігірім шаһар. Осы бір көкке жалғанған ғажайып ғарыш қаласын ғаламтор қызметінсіз елестету мүмкін емес.
Оның үстіне бұл қалада ғарыштық технологияларды дамыту, зерттеу саласына қызмет ететін ерекше мамандық иелері – Қазақстан мен Ресей азаматтары тұратыны аян. Әсіресе, мұнда сапалы да жылдам интернетке деген сұраныс та жоғары. Осы мәселеге орай еліміздегі Beeline Байқоңырда кең жолақты ғаламторға қол жеткізген бірінші ұялы операторға айналды.
Оқырмандардың баршасы телекоммуникация саласының адамы емес. Сондықтан қарапайым тұтынушыларға FTTB (Fiber-To-The-Building) технологиясы не екендігін түсінікті тілмен айтқанда, ол «үйге дейінгі талшықты желі» деген атауды білдіреді. «Талшық» сөзінің астарында мыс сымның орнына талшықты сымды пайдалану ұғымы жатыр. Талшықты желі арқылы ғаламтор мен телевидениені қосуға болады. Оның өткізгіштік қасиеті ADSL технологиясымен жұмыс жасайтын мыс сымға қарағанда жүктемесін оңай атқарады.
Осынау жағымды жаңалыққа жаршы болу үшін біз де арнаулы ұшақпен Байқоңыр қаласына бет алған едік. Айтқандай, бұл қалада кәдімгі ғарыш ракеталарынан бөлек, күн сайын дерлік кішкентай ракеталар ұшып жатады екен. Айтулы оқиғаға орайлас алдымен В.Челомей атындағы халықаралық ғарыш мектебіне саяхат шектік. Мұнда ғарышкерлер мен ғарыш саласына қызмет ететін жандардың балалары, сондай-ақ келешекте косманавт болуды көксейтін өрендер оқиды. Яғни, ерекше мектепте академик Владимир Челомейдей тамаша ғалымның ізбасарлары білім алуда. Кезінде осы ғалымның жетекшілігімен «Протон» ракета-тасымалдаушысы, жасанды жер серіктері жасалынғаны белгілі.
Халықаралық ғарыш мектебінің шәкірттері мұнда ракеталардың кішігірім макеттерін жасап, технологиялық талаптарға сәйкес ұшырып жататынын көрдік.
Адамзаттың ғарышты бағындырғанына тура жарты ғасыр толғанда Байқоңырға табанымыз тиген соң, ондағы Ғарышкерлер аллеясына, ғарыш саласының тарихына арналған мұражайға, ашық аспан астындағы музейге соғудың сәті түсті. Сондай-ақ, ғарыш айлағынан кезекті ракета-тасымалдаушының ғарышқа көтерілгеніне куә болдық. Қып-қызыл отқа оранып ғарышқа бағыт алатын ракетаны тамашалау – бұл да сирек болатын ғанибет. Әрине, мұның бәрі бөлек әңгіме.
Негізгі оқиғаға оралсақ, сонымен Қазақстандағы Beeline брэндінің иесі «Кар-Тел» ЖШС Байқоңыр қаласында кең жолақты интернетке қол жеткізді. Ендігі жерде байланыс FTTB технологиясы арқылы ақпаратты беру жылдамдығы секундына 100 Мбит-ті құрайтын болады. Осылайша Қазақстандағы ұялы байланыс операторы Байқоңыр қаласындағы FTTB желісін дамыту жөніндегі локальдық серіктесі «Телескан» компаниясымен қажетті келісімге қол қойды.
Осы арада «Кар-Тел» компаниясы «ВымпелКом ЛТД» компаниялар тобына кіретінін еске сала отырып, маңызды оқиғадан кейін «ВымпелКом ЛТД» компаниялар тобының ТМД елдеріндегі бизнесті дамыту жөніндегі вице-президенті Дмитрий Кромский өз ойын былайша өрнектеді:
– Мен федералды ғарыш агенттігіне, Байқоңыр қаласының әкімдігіне және «Жердегі ғарыштық инфрақұрылымдары нысандарын пайдалану орталығы» ФММК-сына заманға лайықты телекоммуникациялық технологияны дамытуға қолдау көрсеткендері үшін зор алғысымды білдіремін. Бұл шара қаланың қарыштаған ырғақпен дамуына ғана емес, ғарыш әлемін игеруіне жәрдемін тигізеді деп ойлаймын, – десе, технологиялық тұрғыда әбден дамыған Байқоңыр қаласы әкімінің орынбасары Анатолий Петренко:
– Қаламызда интернетке деген сұраныс – ауадай қажет мәселелердің бірі. Ендеше, Байқоңырда жаңадан енгізіліп жатқан қызмет осындағы Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының азаматтарының арасын жақындатып қоймай, Ресейде, Қазақстанда, Украинада, Белоруссияда және басқа да мемлекеттерде тұрып жатқан әріптестермен, достармен үнемі байланыста болуға зор септігін тигізеді, – деді.
Қазіргі таңда күнделікті қызметімізді интернет байланысынсыз елестету қиын. Уақыт үдерісіне ілесуде арзан да жедел интернеттің пайда болуы Байқоңыр қаласындағы ғарыштық нысандар мен мекемелердің табыстылығына, ісінің алға жылжуына айтарлықтай ықпалын тигізері анық. Осы мәселеге орай «Жердегі ғарыштық инфрақұрылымдары нысандарын пайдалану орталығы» ФММК бас директорының бірінші орынбасары Валерий Крехтунов мырза:
– Өзімізбен тұрақты серіктестік танытып келе жатқан Beeline компаниясының бізге жаңа ұсыныстармен шығып, нысандарымызды заманауи үлгідегі байланыспен қамтамасыз ете алатынына ризамыз. Бүгінгі таңда жедел мәліметтер алмасу – барлық саладағы басты табыс кепілі бола алатын тетіктердің бірі. Әсіресе, жоғары технологиялық ғарыш саласында бұл аса өзекті болып табылады. Уақыт талабынан туындаған осы сұранысымызға Beeline компаниясы дер кезінде үн қатып, нақты шараны жүзеге асыруы – біз үшін маңызды оқиға, – деді.
Реті келіп тұрғанда, FTTB технологиясын бүгінгі таңда еліміздің Астана, Алматы, Жезқазған, Қарағанды, Петропавл, Тараз және Шымкент қалаларының тұрғындары пайдаланып отырғанын атап өтелік.
Болашақта FTTB технологиясымен Қазақстанның басқа да ірі қалалары мен облыс орталықтары қамтамасыз етілетін болады. Осы арада Beeline компаниясы бұған дейін де Қазақстан аумағында бірінші болып, 2008 жылы GSM 1800 стандартында ұялы байланыс қызметін ұсынуға ресми рұқсат алғанын айта кетуге болады.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» – Байқоңырдан.