Еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстанда» «Аңсатқан Ақан әндері-ай немесе «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі ұйымдастырған бір ән кешінен түйген ой» деген тақырыппен биылғы 1 ақпанда журналист, ақын Қорғанбек Аманжолдың мақаласы жарқ ете қалды.
Мәдениеттің мақсаты өзін басқаға таныту әрі мойындату. Өзін-өзі таныту – өркениеттер мен мәдениет философиясында ең басты мәселе. Шығыс пен батысқа өзара дәнекер болып, Еуразиялық өркениеттің алтын бесігі саналатын Қазақстан ХХІ ғасырда бүкіл әлемдік өркениетке бірлігі жарасқан тұрақты, берекелі мемлекет ретінде орнығуда. Осы орайда, жастардың құндылық бағдары қандай екені ойланатын мәселе. Көптеген зерттеулер бойынша жаһандану үрдісіндегі ақпараттық қоғамда жастардың аз пайызы ғана ұлттық өнерді құрметтейді екен. Қазақстан жастары да басым көпшілігі хип-хоп, рэп, рок секілді жанрларға бой алдыруда. Ұлттық музыка, дәстүрлі ән осы аталмыш жанрлардың көлеңкесінде қалып бара жатқандығын атап өту қажет. Бұл кімді болса да толғандыратын мәселе. Себебі, ұлттық музыка – ұлттық идеологияның мызғымас бөлшегі. Кез келген ұлтты, елді оның ұлттық болмыс-бітімін көрсететін музыкасыз қабылдау мүмкін емес. Әміре Қашаубаевты Франция әлемінің жарқын қабылдауы дала музыкасы сарынын Еуропаның мойындағандығының белгісі деп білеміз. Сол нышанды ұлттық мүдде тұрғысынан құрметтеп, дәстүрлі әнді дәріптейтін жастар аз. Аз болса да осы елдік сананы бойына сіңірген жастар ХХІ ғасырда ұлтымыздың асқақтығын, бекзаттығын насихаттайтыны анық. Қорғанбек Аманжол ағамыздың Алматы қаласының студенттері мен жастарынан құрылған қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық музыкасын насихаттайтын «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің алғашқы қарлығашы іспеттес «Алаштың Ақан серісі» әдеби сазды ән кешінен кейін жазған үзік ойын оқып қуандық. Иә, Арман Әубәкір бастап, аға-әпкелеріміз ұйытқы болып қазақ халқының ән мен күй өнеріндегі ірі тұлғаларын ірі мегаполис жастарына насихаттау жұмысын бастап та кетті. Жазушылар одағының қолдауымен «Алаштың Ақан серісі» атты ән кеші ұйымдастырылды. Аталмыш кеште зал лық толып, профессор Тұрсынбек Кәкішев бастаған ағаларымыздың ақ батасын алдық. Сахна төрінде орындалған «Балқадиша», «Сырымбет», «Құлагер», «Көкжендет», және т.б. әндерге құмарын қандырған көрермен қауымның ыстық ықыласын да молынан сезіндік.
Дәстүрлі ән кештерін өткізудегі басты мақсат – қазақтың ән өнерін, рухани байлығын жастарға насихаттау, сол әндерді сағынып жүрген ел ағалары мен апаларымыздың жан сарайын қазақы әуенмен сусындату. Осы жолда, біздің бастамамызды көтеріп, қолдайтын ағаларымызға алғысымыз шексіз болмақ!
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың PhD докторанты.