Сәрсенбі күні Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палатаның жалпы отырысы болып өтті. Төраға алдымен әріптестерін мамыр айындағы мейрамдармен құттықтады. Ол өз сөзінде сәуір айының соңында Астанада Түркі тілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының екінші отырысы жоғары деңгейде өткенін, онда осы ұйымға төрағалық ету мәртебесі Әзірбайжаннан Қазақстанға табыс етілгенін айтты, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Жалпы отырыста «Беларусь Республикасындағы, Қазақстан Республикасындағы және Ресей Федерациясындағы техникалық реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыға салынды. Бұл заң жобасы бойынша Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Альберт Рау баяндама жасады. Талқылаудан кейін заң жобасы мақұлданды.
Келесі кезекте «Тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, темір жол көлігінің қызметтеріне қол жеткізуді реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралып, ол бойынша Көлік және коммуникация министрінің орынбасары Азат Бектұров баяндама жасады. Бұл заң жобасы бойынша Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Сағынбек Тұрсынов қосымша баяндама жасады. Тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, темір жол көлігінің қызметтеріне қол жеткізуді реттеу туралы келісім 2010 жылы 9 желтоқсанда Мәскеуде Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы Үкіметтерінің арасында жасалды. Заң жобасы талқылаудан өтіп, толықтай мақұлданды.
Мәжілістің жалпы отырысында «Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы», «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары депутаттардың талқысына шығарылды. Осы екі заң жобасы бойынша Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев түсінік берді. Бұл заң жобалары бойынша Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Ержан Рахметов қосымша баяндама жасады.
Парламент Мәжілісінің барлық комитеттері алғашқы заң жобасы бойынша оң қорытындылар берді. Жұмыс тобына 230-дан астам түзету келіп түсті, олар мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымы саласындағы мүдделі министрліктер мен ведомстволар, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының жиырма сегіз отырысында және комитеттің кеңейтілген отырысында жан-жақты қаралып, қорытынды салыстырма кестеде көрсетілді.
С.Мыңбаевтың сөзіне қарағанда, елімізде көп тұтынылатын АИ 92, 93, 95 маркалы бензин өндіруде әзірше Ресейге тәуелділік бар. Қазақстанда бүгінде аталған маркалардағы 13 миллион тонна бензин шығарылады. Атырау, Шымкент және Павлодар МӨЗ-дерін жаңғырту үдерістері аяқталатын 2015 жылы бұл көрсеткіш 17 миллион тоннаға ұлғаятын көрінеді. Кейінгі жылдары аталған бензин көлемі де жеткіліксіз болады. Сондықтан 2020 жылға қарай елімізде төртінші МӨЗ салу жұмысы қолға алынады екен.
Ал «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының негізгі мақсаты маңызды әлеуметтік мәні бар, сондай-ақ ел экономикасына елеулі әсер ететін өнімге, тауарларға және көрсетілетін қызметтерге бағаларды мемлекеттік реттеу тетігін енгізу болып табылады. Заң жобасымен жұмыс барысында жұмыс тобы табиғи монополиялар салаларында және реттелетін нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның құзыретін нақтылау бөлігінде түзетулер енгізді. Парламенті Мәжілісінің барлық комитеті заң жобасы бойынша оң қорытындылар берді.
Талқылаулардан кейін екі заң жобасы да толықтай мақұлданды. Сонымен бірге, Үкіметтен келіп түскен жаңа заң жобаларына қорытынды әзірлеу уақыттарын нақтылау бойынша шешім шығарылды.