• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2011

Мәскеуде бар бір үйің...

826 рет
көрсетілді

Әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашылып кеткен қазақтар көрші Ресей елінде де біраз баршылық. Қазақстанның 9 облысы Ресейдің 12 облыс-өлкелерімен шектеседі. Соған орай қазақтар Астрахань, Орынбор, Саратов, Омбы, Волгаград, Челябі, Түмен, Қорған, Самара, Новосібір облыстарында, Ал­тай республикасында молырақ. Сонымен қатар Мәскеу, Санкт-Петербург сияқты ірі орталық­тарда, Кемеров, Том, Калиниград, Мурманск облыстарында, Якутия (Саха) республикасында, Татарстан мен Башқұртстанда тұра­тын қандастарымыз аз емес. Ресейде қазақ диаспорасының ал­ғашқы қоғамдық ұйымдары 80-ші жылдардың аяғы мен 90-шы жыл­дардың басында құрылды. Мәс­кеудегі «Қазақ тілі» мен «Мұ­ра­гер» қоғамдары сол тұңғыштар қа­тарынан саналады. Біздің қолы­мызға тиген «Мұрагер» кітабын­да белгілі журналист, ғалым, дипломат Серікқали Байменше Мәс­кеу қазақтарының осы қоғамы­ның құрылу тарихы мен бүгінгі жүргізіп отырған жұмысын деректі хикаяттармен әсем баян­дайды. Көкіректі қарс айырған аңсау, жүрекке мейіздей қатқан сағы­ныш қазақ үшін қасиетті сезім болса керек. Қызыл империяның құрсауы тыпыр еткізбеген кезде де бабалар аңсаған бостандық, еркіндік аңсаған қазақтың тарпаң қимылы білінбей қалмады. Со­ның бірі өткен ғасырдың 60-шы жылдары күйіп тұрған қызыл сая­саттың орталығы Мәскеуде оқып жүрген қазақ жастары құрған «Жас тұлпар» ұйымы еді. Оның соңғы кездесуі Ленинградта өт­кен екен. Жастұлпарлықтар осы концертте тек ғана қазақша ән салған көрінеді. Осыдан шошын­ған кеңестік билік қазақ жаста­рының бұл ісін ұлтшылдық деп бағалапты. Әрине, содан кейін ол қоғамнан шеттетілді. «Ұшқыннан жалын лаулайды». Біз қылышы­нан қаны тамған саясаттың өтінде жүріп, қоғамдық санада тәуелсіз ел, азат ұлт болуға талпынған арманның іргетасын қалай алдық. 1986 жылғы желтоқсаншылардың қимылынан өзімізді танығандай боламын» деп жазды кейін осы ұйымды құрушылардың басында болған Мұрат Әуезов. Желтоқсан күркірі санада азат­­тық ұғымын жаңғыртты. Жаң­ғыртып ғана қойған жоқ, ға­сырлар бойы аңсаған тәуелсіз­дікке жетуіміздің ақжолтайы да болды. Мәскеу қаласында түрлі тағдырмен тұрақтап қалған қазақ­тардың да атажұртқа, елге деген сарытап сағынышын бабалар аң­саған Тәуелсіздік күшейте түс­кен­дей. Сол сағыныш 80-ші жыл­дардың аяғында Мәскеудегі ұлт­жанды азаматтардың ұйымдас­тыруы­мен құрылған «Мұрагер» ұйымын өмірге алып келді. «Мұрагер» бірден көктен түс­к­ен жоқ, кездейсоқ та құрылған жоқ. Ол «Жас тұлпардың» жал­ғасы, мұрагері, Желтоқсан жауы­нынан кейінгі ашылған гүл іспетті болатын. «Сексенінші жыл­дардың жастары ұлтжанды еді» дегенді осы күні жұрт көп айтады. Желтоқсан оқиғасының өзі сол ұлтжандылықтың белгісі емес пе? Қызық-ақ... Сол кездегі кейбір жұмысшы, студент жастар өздері тұрған жатақханаларда басқалар­ға қазақ екенімді білдіремін, өзге жұрттар менің ұлттық киімімді көрсін деп қазақы шапан киіп жүретін» деп жазады автор. Осын­дай жүректе қайнаған ұлт­жанды сезім Нұрлан Өміржанов сынды жігіттердің тәуекелге баруына түрткі болды. Ол жалғыз емес еді, Марат Сырлыбаев, Мыр­затай Өксікбаев, Ерназар Нұриев, Айшат Байғазиева, Саида Молдамәмбетова, Алтынай Сейтімовалар Мәскеуде, оның төңі­регінде тұратын қазақ жастары туралы ақпарат жинау үшін, қа­ланың түкпір-түкпірін шарлаған. Ал жастардың жиналатын ор­ны болмай аңтарылғанда Мәскеу қаласында өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан тұрып келе жатқан қандасымыз Қайдар Құмар­бек­ұлы ақсақал оларды үйіне ертіп барып, «Мұрагерді» құру мәсе­лесі қазақы кең дастарқанның басында шешімін тапқан еді. Жи­налған жастардың барлығы да Нұрланның пікіріне тоқтап, жаңа ұйымның атын «Мұрагер» қойды. 1989 жылы 20 мамырда қоғамның алғашқы құрылтайы өтті. Қо­ғамның тарихын оның мүшелері осы күннен бастайды, сондықтан жыл сайын осы күнді Қайрат Рысқұлбековтің рухына арнап ас беретін, еске алатын қасиетті күн ретінде өздері белгіледі. Кітаптың өн бойында бүгінде сексеннің сеңгіріне қарай бет тү­зеген қадірменді ақсақал Қайдар Құмарбекұлының есімі аталып отырады. Өйткені, бүкіл ғұмырын туған жерден сыртта өткізіп келе жатса да тілін, дінін, қазақы қалпын сақтап қалған ұлтжанды Қайдар аға Мәскеудегі қазақтарға қатысты барлық қоғамдық жұ­мыс­тардың тұма бастауында тұр. Өзі жерасты құрылыстарын жүр­гізетін құрылысшы-инженер, 1952 жылы Мәскеу метропо­литенінің құрылысына қатысқан. Бөтен жерде жүріп, көптің қара­сына сіңіп, бөгде болып кетпеді. Өзі сыртта жүрсе де, жүрегі елде жүрді. Халқының Мәскеуге жолы түскен жақсыларымен де таныс болды. Ол да «Мұрагер» қазақ мә­дениеті қоғамының негізін қалау­шылардың бірі болып табы­лады. Мәскеудегі бүгінге дейін қазақ диаспорасы арасында Қай­дар аға қатыспаған, істің оң шешімін табуға ол араласпаған шара жоқтың қасы. Кейінгілерге бас­көз, қадірменді жан. Автор осы кісінің айналасында болған, қа­зақ­тардың ынтымағына, бірігуіне атсалысқан Тұралы Мүсіреп­беков, Рабиға Игембаева, Ләйла Мусина, Азат Қонысбек, Ғания Жақыпқызы есімдерін құрметпен атайды. Өмір бір орнында тұр­майды, аға буын бастап берген істі қазір жаңа лек жалғастыруда. Серікқали Байменше «Мұра­гер­дің» қалыптасу жолының оңай болмағанын баяндайды. Оның басталу жолы Кеңес Одағының тарап, барлық жерде экономи­калық байланыстардың үзілуіне орай қиындықтардың етек алған жылдары болатын. Қазақстанмен ақпараттық, мәдени қарым-қа­тынас толас тауып қалғанда да, жастар Ресейдің федералдық заң­дарын бағытқа алып, өздерінің ұлтымызға қызмет ететін тамаша идеяларын жүзеге асыра берді. «Мұрагердің» мүшелерінің бас қосатын жері болуы үшін Нұрлан Өміржанов пен Жәнібек Елекбаев бас болып, Қайрат Байтенов, Серік Байсақалов, Талғат Ералив, Оразгүл Әбілдаева, Мұра Бекбаев, Гүлнұр Уалхановалар өзде­рі­нің және тапқан демеушілік қар­жысына Николоямкий көшесі №5/2 мекен-жайындағы 49 жылға жалға алған бір қабатты үйдің ағаш қабырғасын іргетасына дейін алып тастап, қайта тұрғызды. 1995 осы бір қабат үйде «Мұ­рагердің» кеңсесі ашылды, кейін ол қазақ жастарының күшімен екі қабатты үйге айналды. Осы үйде мұрагерліктердің мәжіліс залы, қонақ үй дәрежесіндегі бөлме­лері, жертөлесінде имандылық бөлмесі бар. Ал үйдің ауласында қазақтың ақ боз үйі тігулі тұр. Оның Мәскеу төріне келуі де өз алдына бір жыр. «Мұрагер» қоғамы Мәскеу қа­зақтары үшін ұлттық, рухани рух­ты көтеретін, ынтымаққа бас­тайтын шаралар орталығына ай­налды. Олар бірінші рет Мәс­кеуде «Алтын күз» фестивалін, 1991 жылы тұңғыш рет Наурыз мейрамын өткізді. «Мұрагермен» қанаттас құрылған «Қазақ тілі» қо­ғамы екеуі Мәскеу қазақта­рының басын біріктіретін түрлі шаралардың шын мәнісіндегі ор­талығына айналған. Және бұл қоғамдар Қазақстанның Ресейдегі елшілігімен тығыз байланыста жұ­мыс жүргізеді. Олардың бар­лығын автор кітапта тартымды баяндайды. Осы екі қоғамның жүгін арқалап жүрген жігіттер мен қыздардың және аға буынның ойласуымен 2007 жылы сәуірден бастап шыға бастаған «Қазақ тілі» газеті бүгінде Ресейдің түкпір-түкпіріне тарайды. Оның тиражы да алғашқы кезден кө­бейіп, мың данаға жетті. Көптің өтінішімен «Қазақ тілі» қоғамы­ның өңірлік веб-сайты ашылды. «Мұрагер» мен «Қазақ тілі» қоғамдары осы сайт арқылы тек «Қазақ тілі» газетін ғана насихаттап қоймайды, жалпы Қазақстан мен Ресейдегі және диаспора өмі­ріндегі маңызды жаңалық­тарды жұртшылыққа жеткізіп тұруға, Ресей қазақтарының ой-пікір ал­масуына кең жол ашты. «Мұ­рагер» қоғамы өзінің қа­лыптасу жолында қазақтың шетте жүрген талай ұл-қызының да ысылуына, жан-жақты өсуіне ықпал етті, тәрбиеледі. Осыдан жиырма жыл бұрынғы 20 мен 30-дың ара­сындағы жастар қазір бизнестің, жоғары қызметтің шыл­бырын ұстаған тамаша азаматтар. Олар­дың кітапта суреттері, өмір­баяндарының берілуі де құп­тарлық. Мәскеуде өткен ға­сырдың бас кезінде он бес қазақ тұрған екен, қазір қоғамдық ұйым­дар есебі бойынша, қазақ­тардың саны 25 мыңдай болады. Олардың 70 пайызынан астамы ой еңбегімен айналысады. Мәскеу қазақтары жастары­ның «Мұрагер» футбол коман­дасы мәскеуліктерге жақсы та­ныс. Оның жанкүйерлері әрине, алдымен Мәскеу қазақтары. Ұлт­аралық футбол лигасының жа­рыстары олардың араласуына, танысуына, бірігуіне дәнекер. Ко­манданың «Алға, «Мұрагер!» деп аталатын дербес әнінің мәтінін Мәскеуде тұратын белгілі ақын Тұрсынай Оразбаева жазды, әнін сегіз қырлы, бір сырлы, өнерпаз азамат Абуислам Тұрсынбаев шығарды. Футбол мұрагерліктер жүргізіп отырған намыс ісінің бір парасы ғана. «Ата-бабадан қалған асыл тілге, арналы мәдениетке, барша рухани қазынаға, ұрпақ­тардың салиқалы сабақтастығына мұрагер боламыз деп топтасқан жастар қоғамын тұғыр ете оты­рып, қазақы мұратқа қызмет ету парызын таңдаған алыстағы ағайынның абзал істерін зерттеу тұрды алдымызда. Тарихи отаны­нан алыс, туған ортасынан шет жүрген қандас бауырлардың атамекені көп біле бермейтін нұс­қалы еңбектерін қаттау арқылы Қазақ атты қасиетті ұлтымыздың табиғи жақсылық-жаратылысын да жұртшылық жүрегіне жеткізсек деген ізгі мақсат маздады көкейде» деп ой түйіндейді автор. Иә, кітап сол межеден көрінген. Гүлғазира БАЛТАБАЕВА, тарих ғылымдарының кандидаты, Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.