Қасым Аманжолов – 100
Қазақ поэзиясының екінің біріне иық тоспас тәкаппар мұзартының бір биігіне қонып, нық орныққан мұзбалақ ақын Қасым Аманжолов бүгінгі ұрпаққа әрі сүйсіне, әрі сынай қарайтын қырағы қалыпта. Сүйсінетіні, «сен неткен бақытты едің келер ұрпақ» деп өзі айтқандай, бүгінгі біздің болмыс бітіміміз бен жарқын дәуірімізге қиял көзін қадаған Қасым уақытпен ілескен ұрпақ жаңаруынан терең мазмұндағы сапалық сипатты қапысыз таныған тәрізді: сынай қарайтындығы, от пен дауыл шарпысынан туған тәкаппар да текті жырларымызды зерделей алар кімің бар дейтіндей.
Неге екенін қайдам, тым ертеректе ақынның жалғыз шумақ:
Құраулап жылқы шақырған,
Қоңырау үнді келіншек,
Қуалап құлын қайырған,
Қайда жүрсің, жеткіншек? – деген омырауға үзіліп түскен сыңар тамшы – сырлы өлеңін оқығанда балауса сезімімді мұң шалып, көзіме жас үйірген еді. Енді аңдасам, Қасым ет жүрегін елжіреткен ұлы сағынышын, туған жерден алшақ, майдан даласында жүргендегі сырлы сезімін жалғыз шумақтың бойына байлап бере білген екен ғой. Сол сағынышы «Қайда жүрсің, жеткіншек?» деген сөздің өн бойында бұғынып жатқан жоқ па?
Жобасы, Қасым ақын поэзия сарайының қақпасын еркін айқара ашып енгенде өз өлеңдерімен бірге соны сарын, тың тегеурін, қуатты динамизмге толы тау теңселтер ерен екпінді ала келгендей. Қазақ сөзінің жарқ-жұрқ еткен жасынды қалпын соны ырғақ, тосын ұйқас, тұңғиық иірімдермен байытты. Ғабит Мүсірепов айтатын «қатар тұрған екі сөз бір біріне өз сәулесін түсіріп тұруы керек» деген қағидатын Қасым өлеңдері толық өтеп тұрғандай ма дерсің. Өйткені, онда қызмет атқармай бос тұрған селкеу сөзді таппаймыз.
Қасым поэзиясының өзгелерге ұқсамайтын ерен ерекшелігі неде деген сауалға талайлар жауап іздеген, әлі де ізденісті ойлар айтыла бермекке керек. Өйткені, ақынның ғажайып таланты сан қырлы жауһардың жарқылындай ерекше жаратылыстағы құдіретті құбылыс. Күн нұры қай қырынан түссе де жарқырай түсетін асыл тастай ақын сөздері де терең мазмұндық сипатта байқалады. Қасымның мол мұрасының кез келген тұсынан тосын бір нұрлы сипатқа тап келесіз. Ол сипат өлең бойындағы топан судай тасқынды қозғалысымен сізді де бей-жай қалдырмай, еліктіріп ала жөнеледі. Мәселен, соғыс даласында оқ пен оттың арасында жалын кешіп жүрген ақын Қасым:
Хат жоқ елден: достан да, жақыннан да,
Шынымен-ақ шіркіндер ұмытқан ба? –
деп кейістігі мол мұңдану үстінде отырып:
Жалғыз сенсің сырласым, осы өлең,
Ақын жыры, туысы, досы – өлең.
Мейлі мені ұмытсын дүние жүзі,
Жырлап тудым анадан, жырлап өлем, – деп жан сырласы, көңілінің хошы – өлеңі екендігін ескертеді. Бұл өзін өзі алдарқату, жалаң жұбату емес, өлең алдындағы ар тазалығы, көңіліне көрік қосқан жан салтанаты, деп бағаланбаққа керек.
«Өзім туралының» өн бойындағы тұнып тұрған Қасымның азаматтық бейнесі, ұстанған бағыт-бағдары, ақындық кредосы, пайым-парасаты, болмыс бітімі, толайым тұлғасы ғаламат поэтикалық қуатпен сомдалған ғой, осы туындысында ақын:
Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп.
Күніне жүз ойланып, мың толғанам,
Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп.
Барым да, бақытым да осы өлеңім,
Жақыным, жүрегімнің досы өлеңім.
Өмірге келгенім жоқ бостан босқа,
Мен қайтып, босқа жасап, босқа өлемін, – деу арқылы өлеңге деген өз позициясын білдіріп қана қоймай, сол өлеңмен етене егіздігін, өлеңмен бірге жасап, бірге ғұмыр кешіп келе жатқандығын айқын аңғартады. Ақын үшін өлеңнен басқа қастерлі де, қасиетті ұғым жоқ. Екінші ғұмыры – өлмес ғұмыры өлең екендігін бек жақсы сезінеді, ендеше жасық өлең жазуға қақысы жоқтығын шегелей бекемдейді. Сондықтан да, ақын «сөз соғам құлашымды еркін керіп, суарып шынықтырам күйге малып, болсын деп әрі әдемі, әрі берік» деген ұлы мақсат қояды алдына.
Ақын бұл сертінен шықты, шыққанда да қазақ поэзия әлеміне самғай көтерілген бір шоғыр жарық жұлдызды жыр жауһарларын оңды-солды еркелете еркін шашып, қазақтың қасиетті төріне оздырды. Оның өлеңдерінің ғасырлар озса да өңі кетіп оңбайтындығы, мінсіз, суретті сипаттарының сиқырлы реңкінің тозбайтындығы да осыдан.
Қасым поэзиясына ендей бойлап, терең тұңғиығына сүңгіген сайын адуынды дауыл қуаты санаңды ауыр салмағымен илеп, жаншып алады, енді бірде анаңның мақпал алақанындай майда жұмсақ қалпымен маңдайыңнан сипап, өн бойыңды майдай ерітіп, елжіреген сезіммен әлдилей ала жөнеледі. Оған жиі-жиі ойға оралар «Ақын өлімі» дастаны мен «Дариға сол қыз» толғау өлеңінің өн бойындағы ыза-кекпен суарылған кесек те келісті шумақтар, от оранған соғыс даласынан Дариға-өмір, Дариға-арманын шарқ ұра іздеген елең-алаң сезім селі дәлелдікке жүрмек.
«Келмейді өлгім,
Келмейді өлгім.
Қайратым қайда,
Келші осындайда».
Дедім де тұрдым, жүгіре бердім.
Қолымда найза, шағылып айға.
Жеңдік қой жауды, арман не, құрбым.
Күркіреп күндей, өтті ғой соғыс.
Таба алмай жүрмін,
Айқайлап ән сап,
Қайда екен, қайда,
Дариға, сол қыз?!
немесе «Абдолладағы» («Ақын өлімі»):
Құдірет күші, жер жаһанның
Қанатын бер қыран құстың.
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың!
Күллі әлемнің ашу-кегі
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені
Бомба бол да жарыл жүрек!
Соғыстың сұрапыл, сипаты, өлім мен өмірдің сілкініс тіресі, өмір болып ақын жанын жігерге малып, алға жетелеген Дариға қыз бейнесі немесе Абдолла ақынның жалын ішінде алау болып жанған жалаулы бейнесі, сол бейнені қия шыңға қырандай самғата көтеріп әкеткен қаһармандыққа толы күрескер рухы, асқақ айбынды аруақты тұлғасы мәңгілік есте қалады. «Айға шағылған найза» тұтқан сарбаз бейнесі қалың жауды қоғадай жапырып, алға ұрандата ұмтылған баяғының аңыздағы батырларынан елес берсе, кекке суарылған жүрегін көкірегінен суырып алып жау жолына бомба етіп атқалы тұрған Абдолла ақын бейнесі рухы ерен еңселі ер сипатын санаңа әкеліп, терең тебіреніспен сіңіріп кетеді. Ерен динамика, қуатты сілкініс, тегеурінді қимыл сенің де марғау жаныңа маздатып от тастайды, самарқау санаңа болаттай серіппелі сілкініс әкеледі. Бұл сөз қуаты, Қасым ақынның текті талантының отты табы, табындырар қалам қарымы.
Қасым поэзиясында жүрек қылын мақпалдай жұмсақ лебімен тербететін нәзік те сыршыл лиризмге молынан суарылған сұлу лирика, әуені пәрменді, айбыны асқақ буырқанған асау азаматтық бағыттағы өлеңдері қос өрімдей қатар түсіп отырады. Ақын қай арнада сөз қозғап, ой тербетсе де ағынан жарылып әділін айтады, ащы да болса ақиқатты алға тартады. Ол өз заманының мінберіне көтеріліп алып қалың жұртқа қарата сөз арнайды. Бұл ақынның ұлы бақыты, батпанды жүк арқалаған міндеті еді.
«Өлеңнің қаптатармын отты селін» деп серттескен «от шайнаған тентек» ақын жауға деген өшпенділік, туған ел мен жерге деген зор сүйіспеншілік сырларын жыр тілінде барынша жарқырата көрсете білді. Кезінде Николай Тихонов «бүкіл қазақ поэзиясының інжу маржаны» деп бағалаған «Ақын өлімі» поэмасынан бастап «Орал», «Байқал», «Елге хат», «Полковник Әлпинге», «Жылқайдар» тәрізді он сан жырлары майдандық поэзияның үлгісіне айналды. Жауынгер ақындар ішінде Қасым поэзиясы пәрменді қуатымен ерекше бағаланды да.
Қош бол, досым, жақыным,
Уақыт тығыз, сөз қысқа.
Кетіп бара жатырмын,
Сұрапыл бір соғысқа , – деген Қасым соғысты кезеңнің кескін сипатын көп сөзділікке салынбай-ақ «уақыт тығыз, сөз қысқа» деп келтесінен қайырып тастау арқылы ұғындырып, сені де қыл арқандай ширатып, шымырлы ой сорабымен алды-артыңды орап тастайды. Өзінің майдан даласына бел буып, етек-жеңін түрінген қалпын, шұғыл аттанып бара жатқанын байқатады.
Немесе, «Орал» өлеңіндегі:
Қош бол енді, Оралым,
Күле бер шалқып, сайранда!
Айтпақшы, қайда бораның,
Кетейін алып майданға, – деп шұғыл шешімге келеді. Ата жаумен айқасқа сыбай-салтаң түсе қалуға болмас, ол үшін Оралдың ашулы боранындай қайрат жігермен араласу керек болады ғой дейсің.
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Баяғы Қасым, бір Қасым,
Баяғы күйім, өлеңім, – деген ақын от оранған майдан төрінде жүріп те өзінің азаматтық асқақ рухына, ақындық қуат қарымына бір мысқал сызат түсірмей, керісінше, өршіл басын биік ұстап, найзасы мен өлеңін қатар жұмсап, ата жауды табаны астына тас-талқан етіп таптап, елге жеңіспен оралады.
«Жеңдік қой жауды, арман не құрбым» – деп қуанышты шаттығын жасыра алмаған ақын бейбіт тұрмыстың қан базарлы ортасында жүріп те жыр әлеміне құлшына құлаш ұрды. Оның өлең өлкесіндегі екінші есті де еңселі кезеңі басталды.
Жүрмін жортып қызықтап,
Көше қоймай баспаған,
Сыбырлайды жапырақ,
Жалт қарайды тас маған.
Алматыға оралған ақын сағынышын сарқып, мауқын басар мұңсыз тірлік құшағында жүріп жамырасқан жапырақтардан сыр аңдап, жалт қараған тастарға тіл бітіреді, солардың өзіне ақтарыла айтар тылсым күйін тыңдайды. Мұнда да ақын Қасым өлең жолдарына тосын теңеулер мен соны сарын әкелген шеберлік қалпынан айнымайды, нені жырлап, неге қалам сілтесе де барынша беріле, егіле, төгіле көңілінің көк еті сөгіле жырлайды. «Жалт қараған тас» деген бейнелі тіркестің кейіннен көп ақынның тіліне тиек болғанын бек жақсы білеміз.
Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далада атам қолға ту алған,
Бұл далаға жылап келіп уанғам,
Бұл даланы алғаш көріп қуанғам.
Бұл далада өскен жанда жоқ арман!
Ақын Қасым ұлы мекені – Даласын осылайша жырлайды. Бұл ақындар үшін сарқылмас ұлы тақырып – мәңгілік тақырып болғанымен дәл Қасымдай Даласын, Қазақстанын ерен шабыттың аясында аялай жырлаған ақын шамалы болды. Көбі Қасым толғанысының деңгейінен асар әбжілдік таныта алмады. Қасым соқпағынан шығып кетер соны жол таппады, таптаурынға тап келді.
Уа, дариға – алтын бесік туған жер,
Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр.
Жата алмас ем топырағында тебіренбей,
Ақын болмай, тасың болсам мен егер, – деп тебіренген Қасым алдындағы өлеңінің логикалық жалғасына осылайша өріс ашып, ғажап шеберлікпен өріп түсіреді. Өз сезімін ерекше нұрлы сипатпен ажарландырып, арнасын кеңейтіп, тұңғиығын тереңдете түседі. Туған жер деген қасиетті ұғым кімге болсын қадірі асқан, баға жетпес қымбат-ақ. Бірақ Қасымның мына шумағынан соң сіздің де туған топыраққа деген мархабатты мейіріміңіздің еселеніп сала берері ақиқат.
Қасым Аманжоловтың өлеңдерін оқу үстінде оның өз дәуірінің дауылпаз жыршысы болғандығын қапысыз танимыз. Оның партия, Ленин, колхоз, социалистік құрылыс, қызыл әскер тақырыптарына шабыттана қалам тербеуі осының айғағы. Бұл социалистік кезең көрінісі, замана талабы, қоғам сұранысы. Ендеше, осы орайда ақын Қасымға ревизионистік көзқарас аясында мін тағуға қақымыз мүлдем жоқ! Сөйте тұра, Қасым:
Ей, тәкаппар дүние,
Маған да бір қарашы.
Танимысың сен мені,
Мен қазақтың баласы! – деп бар дауысымен тіл қатудан еш тартынған жоқ. Бүгінгі «көкбөрінің ұрпағымын» деп дабылдатып жүргендердің қасында Қасымның сол тұстағы патриоттық көңіл күй ауаны, өз халқын барынша әспеттей отырып жырлай алуы азаматтық тектілік тұрғысынан да, саяси қалыппен алғанда да тым асқақ әрі батыл естіледі. Ақын ақиқатшылдығы, дар алдында да тартынбас тегеуірінділігі де осында.
Қасымның өз тұсындағы әріптестерінен мойны озық, еңселене көтерілуі поэзиясындағы диапозоны кең, динамизмге толы қуаттылығымен қатар, ірі патриоттығы әрі оны бүкпесіз бар дауысымен жырлай алуы десек, ақиқатты аттап кетпеспіз.
Бір ғажабы, Қасым қазақ даласының қай пұшпағына табаны тисе де сол өңірдің өз тума перзентіндей тебірене жырлады. Бүгінгі жер-жер, ру-руға, ауыл-ауылға бөлшектеніп алып, үй ішінен үй тігіп жатқан таяз, тар қылықты қаламгерлерге Қасым позициясы үлгі болса дейсің. Аядай ғана қазақ даласын бөлшектеудің не реті бар деп күйзелесің.
Қасымның шығармашылығы әр саланы: прозаны, драманы, сынды да қамтығанын білеміз.
Сөз жоқ, ұлы ақынның қаламынан төгіліп түскен дүниенің бәрі жасаулы жиһаздай сән-салтанатымен көңіл көзін қызықтырады десек, әбестіктен гөрі әсірелеу болып шығар. Не десек те, Қасым бізге ең алдымен, ақындығымен қымбат. Ол аударма саласында да өндірте, өтімді жұмыс жасады. «Аударған дүние сенің өз мүлкің болсын» деген қағидаға адал болды. Оған Пушкиннің «Полтавасын», Лермонтовтың «Маскарадын», Шевченконың өлеңдерін мысалға алуға болар еді. Қасым бұл орайда да аударманың классикалық үлгісін жасап берді. Ол ақырғы тынысына дейін өмір күйін толғаумен болды. Өліммен күресте зор қайрат, тегеурінді табандылық танытты, өлім алдында жасып, боркеміктенбеді.
Әттең, жоқ қой қанатым,
Жерім көп ұшып баратын.
Борышым көп беретін,
Сыбағам көп алатын, – деген ол шынында да өмірге деген ұлы құштарлығынан танбады. Өлімді аулақ серпіп тастады.
Көңілдің күйін төгейік,
Арманда кеттік демейік.
Бәрін де беріп ел, жұртқа,
Қарыздар болмай өлейік, – деген Қасым өмір-бесіктің әлдиінде жатып өлім күйіне бой алдырмай өмірден өтті. Бүгінгі мөлшермен есептегенде, өзек өртердей тым ерте өтті, өйткені, берері мол болатын.
Ақын Ғафу Қайырбеков ұстазы Қасымның әншілігін, күйшілік өнерін көп айтатын. Көкшетауға келген сапарларында ұлы ұстазының «Дариға сол қыз», «Туған жер», «Нұрлы дүние» әндерін әсерленіп айтатын. Бұл да көбіміз біле бермейтін Қасымның бір ғажап қыры ғой.
Мен бұл мақалада Қасымның өлең өлкесіне келуін, эволюциялық өсу жолын, кемелді биікке көтерілу кезеңдерін хронологиялық жағын сақтап, жүйелеп жазбаған тәріздімін. Ғалым сыншы болмағандықтан, оны міндет те санамасам керек. Негізгі мақсат, ақын поэзиясындағы ойда жүрген кейбір тұстарға назар құлату, ақынның туған елге деген ерен де еңселі махаббаты, соғысты кезеңдердегі айбынды үні, сезім ахуалдарын айту болатын. Өзінен бұрынғы және өз тұстастарынан ерекшелендірер сипаттарына да қал-қадірімізше қалам бағыттағандай болдық. Сөз барысында кемшін соқпасақ, асыра әспеттей айтқан тұсымыз жоқ та шығар деймін. Себебі, заманымыздың заңғар ақыны Қасым Аманжолов өлеңдері «өзімен бірге өлген» жоқ, өлмес ғасырларды бетке алып, неше буын ұрпақпен қанаттаса, қатарласа алға самғай бермек, сан мың қазақ оқырмандарына адал қызмет атқара бермек. Өйткені, оның өлең жолдарында байтақ жүректі дархан таланттың арман аңсары, ең бастысы, қасиетті өнерге, өлең тәрізді жарқын құбылысқа сарқа жұмсаған шексіз адалдығы жатыр.
Төлеген ҚАЖЫБАЙ.