Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық режімде Үкімет отырысы өтті. Онда Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов «Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі көрнекі ақпараттық карта туралы» баяндама жасады.
Экономикалық даму және сауда министрлігі 2020 жылға дейінгі еліміздің стратегиялық даму жоспарының негізгі бағыттарымен тығыз байланысты Мемлекет басшысы тапсырмаларын іске асырудың көрнекі ақпараттық картасын дайындады. Мемлекет басшысы осы жылдың басындағы ел халқына Жолдауында, «Нұр Отан» ХДП-ның ХІІІ съезінде және Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономикалық, саяси, әлеуметтік салалардың дамуына бағытталған, сонымен қатар еліміздің серпінді дамуына мүмкіндік беретін бірқатар міндеттерді алға қойған еді. Бұл карта еліміздің әл-ауқатының тұрақты және орнықты өсуіне, нәтижеге қол жеткізілетін жұмысты көрнекі түрде көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар карта еліміздің жақын кезеңде дамуының негізгі міндеттерін, оның орындалу мерзімін және қол жеткізер нәтижесін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына бекіте отырып көрсетуге мүмкіндік бермек. Жалпы, картаның Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асу барысын тексеріп, қорытындысын бағалауда да берері мол.
Аталмыш карта дағдарыстан кейінгі даму, экономиканы әртараптандыруды жеделдету, азық-түлік қауіпсіздігі және болашақта келетін инвестиция сынды аспектілерді қамтиды. Сондай-ақ мұнда азаматтар үшін көрсетілетін қызметтер, мемлекеттік басқару жүйесін дамыту, ұлтаралық келісім мен қауіпсіздікті және халықаралық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз ету де назардан тыс қалмаған.
Аталмыш құжатпен танысқаннан кейін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов өз кезегінде бұл құжатқа тиісті толықтырулар енгізу үшін бір аптада оны Үкіметтің веб-сайтына орналастыруды тапсыра келе, Үкімет мүшелері бұл картаны қабылдау үшін келесі сейсенбіде дауыс беретінін айтты. Жалпы алғанда, ол бұл құжатта жүктеліп отырған бағыттарды дұрыс деп бағалайтынын да тілге тиек етті.
Сондай-ақ отырыста «Газ және газбен жабдықтау туралы» заң жобасы да қаралды. Бұл жобаны таныстырған Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың айтуынша, аталған құжатта ішкі рынокқа газ жеткізуге басымдық беріледі. Және де ішкі рынокқа тауарлық газ жеткізу бойынша бірыңғай ұлттық оператор құруды көздейді. Бұл оператор өңделген ілеспе газды сатып алуда басым құқыққа ие болса, әрбір облыс пен қала үшін бірыңғай көтерме бағаны енгізу мәселесі де заң жобасында қарастырылған. Бұл ретте бағаны Үкімет белгілейтін болады. Министр мұнымен қоса, бұл заңды қабылдау газ саласының алдында тұрған мәселелерді кешенді шешуге мүмкіндік беретінін де айтып өтті.
Отырыста сондай-ақ Кәрім Мәсімов энергия тиімділігі еліміздің индустрияландыру бағытында негізгі мәселе екендігіне де тоқталды. Мұнда ол индустрияландыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламалары аясында елімізде энергия үнемдеу мәселесі алғашқы орында тұруы қажеттігін қадап айтты. Сондай-ақ мұның Елбасының тікелей тапсырмасы екеніне тоқтала келе, бұл тұрғыда барлық әкімдерге индустрияландыру бағдарламасы шеңберіндегі барлық нысандарды қарап шығуды тапсыратындығын да қаперге салды.
Селекторлық кеңестен кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев жуыр арада министрлікте жанармай бағасы талқыланатынын жеткізді. Ведомоство басшысының айтуынша, бүгінгі таңда дизель отыны мен АИ-80 маркалы бензинінің бағасы Мұнай және газ министрлігі мен Табиғи монополияларды реттеу агенттігі бірлесіп белгілеген шекте қалыптасып отыр. Рыноктағы бұл өнімдердің бағасы дизель отынына 82 теңгені, ал АИ-80-ге 80 теңгені құрайды. Және мұнымен қоса ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жанармай жүз пайыз жеткізілген. Ал бағасы Үкімет бекіткен шекті нормадан төмен. Министр өз сөзінде жанармай рыногында айтарлықтай мәселе туындап отырмағандығын атап өте келе, әйтсе де АИ-92, АИ-93 бензин маркалары бойынша шешімін табуы тиіс жәйттер болуы мүмкіндігін де назардан тыс қалдырмады. Біз ресейлік мұнай жеткізілімін есепке алғанда да бұл бензинді өзімізде түгелдей өндірмейміз. Осы күндері Ресейде АИ-92 маркалы бензин біздің валютамен алғанда 125 теңге, ал бізде 99 теңге көлемінде болып отыр. Әрине, арадағы бұл 25 пайыз деген біраз айырмашылық. Сондықтан да бұл мәселелер төңірегінде біраз сұрақтар көтеріліп жатыр. Біз осыған орай, жоғарыда айтып өткендей, бұл мәселені жақын арада талқылайтын боламыз, – деді ол. Сонымен қатар осы брифингте Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков көктемгі егіске арзан бағамен жеткізілетін 354 мың тонна жағармайдың 290 тоннасының құны төленгенін айта келе, бүгінгі көктемгі егіс науқаны жұмыстары төңірегінде тұқым және өзге де қажеттіліктер бойынша туындап отырған мәселелер жоқтың қасы екендігін айтты. Сондай-ақ ол өткен апталарда банктік кепілдемелерді алуға мүмкіндіктері төмен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар кепілдігімен қаржыландыру шешімі жасалғанын және бұл шаралардың нәтижесінде төлемдер операторларға уақытында жеткізілгендіктен жағармайды жеткізу көлемі айтарлықтай артқанын да баяндап өтті. Осыған сәйкес көктемгі егіске арналған жағармайды жөнелтуді мұнай өңдеу зауыттары да арттыра түскен.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.