Жаңғыру және жаңару
Ел алдында тұрған осындай міндеттерге шет ел инвесторлары да атсалысуы тиіс
Мемлекет басшысы кеңес отырысы жұмысын ашардағы сөзінде жиынға қатысушыларды құттықтай келе, оның бірінші рет Қазақстанның жаңа халықаралық университетінде өткізіліп отырғандығын атап көрсетті. Елбасы шетелдік инвесторлар және Қазақстан тарапынан сайланған кеңестің жаңа мүшелерімен таныстырды. Олар – «Финмекканика Групп» компаниясының төрағасы және бас атқарушы директоры Пьер Франческо Гуаргуалини, «Метро Кэш энд Кэрри Интернэшнл» компаниясының басқарма төрағасы Франц Мюллер, «Дженерал Электрик» компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Фердинандо Беккалли-Фалко, Қазақстан тарапынан еліміздің Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов, Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Инвестициялар жөніндегі комитетінің төрағасы, Кеңестің жұмыс органының басшысы Асылхан Серіков. Сондай-ақ кеңес құрамында өзгерістер болғаны хабарланды. Робин Ренвиктің орнына енді «Джей Пи Морган» инвестициялық банкін оның Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша директорлар кеңесінің төрағасы Клаус Дидрихс өкілдік ететін болады. Мемлекет басшысы кеңестің жаңа байқаушылары «Ресей жинақ банкі» ААҚ президенті Герман Грефті, «Труба металлургиялық компаниясы» ААҚ директорлар кеңесінің төрағасы Дмитрий Пумпянскийді қатысушыларға таныстырды. Кеңеске жаңадан қабылданған мүшелер мен байқаушылардың жұмысына табыс тіледі. Мұнан кейін Мемлекет басшысы осыдан 20 жыл бұрын, яғни 1991 жылы Қазақстанның өз тәуелсіздігіне ие болып, демократиялық қоғам мен ашық экономика құру мақсатында түбегейлі әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларды бастағандығын еске салды. Осы сәттен бастап ел жеке меншік пен еркін бәсекелестікке негізделген нарық экономикасын құру жолында мақсатты жұмыстар жүргізіп келеді. Осы уақыт аралығында Қазақстанда бизнес жүргізу және ел экономикасына инвестициялар салу үшін қолайлы жағдайлар қалыптастырылды. Өз дамуының жаңа кезеңіне көтерілген Қазақстан өткен жылдан бастап үдемелі индустрияландыру ісін жүзеге асыруды қолға алды. Сондықтан да осы отырыстың негізгі тақырыбы «Қазақстандық кәсіпорындарды жаңғырту мен жаңарту» болып отырғандығы бекерден-бекер емес. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының аясында ел Үкіметінің алдына өңдеу өнеркәсібі секторындағы еңбек өнімділігін 2014 жылға қарай 50 пайызға, ал экономиканың жекелеген секторларында бұл көрсеткішті 100 пайызға дейін арттырудың өршіл міндеті қойылып отыр. Мұнан кейін Елбасы бірінші сөз кезегін Еуропа Қайта құру және даму банкінің президенті Томас Мировқа берді. Томас Миров өз сөзін Қазақстандағы кәсіпкерлік секторды жаңғырту мәселелеріне арнады. Оның айтуы бойынша экономиканы жаңғырту мен әртараптандыру шикізат ресурстарына бай Қазақстан үшін аса өзекті мәселе болып табылады. Әртараптандыру дамудың бағыттарын нығайтады, ал жаңғырту алға қойылған міндеттерді орындау үшін қолайлы жағдай туғызады. Демек, аталған екі мәселе бір-бірімен тығыз байланысты қарастырылуы керек. Томас Мировтың айтуы бойынша, Қазақстандағы кәсіпкерлік секторға жаңғырту қандай артықшылықтар береді деген мәселені талдаған кезде оның мынадай екі қырын атап көрсетуге болады. Олар – негізгі капиталға инвестициялар, өндірістік қуаттар мен технологияларды жаңарту және қолда бар құрал-жабдықтар мен көмекші инфрақұрылымдарды қайта жаңғырту. Бұл мәселелерді сәтті жүзеге асыру үшін білім беруге қолайлы жағдайлар туғызу қажет. Сонымен қатар, жаңарту жұмыстарын сәтті жүзеге асыру үшін қаржыға қолжетімділік пен адам капиталын дамыту, басқару тәжірибесін қалыптастыру секілді факторлардың да маңызы зор. Өйткені, қаржы қолдауынсыз негізгі капиталды жаңғыртудың өзі мүмкін емес. Қазақстан осы бағытта қазірдің өзінде елеулі прогреске қол жеткізіп отыр. Дегенмен, жаңа технологияларды енгізе отырып, онда жұмыс істей алатын тиісті жұмыс күштерінің қалыптасуына, олардың біліктілігі мен дағдыларын арттыру ісіне де елеулі деңгейде мән берілуі тиіс. Әйтпесе технологиялар үшін салынған қаржылардың өзін ақтау тиімділігіне қол жеткізу қиындай түскен болар еді. Томас Миров өз сөзінде басқару тәжірибесіне да біраз тоқталды. Қазіргі күні Қазақстанда заман талабына сай басқарушылардың қалыптаса бастағанымен әлі де көптеген компанияларда бұл мәселенің ойдағыдай шешім таппағандығын атап өтті. Осылардың әсерімен Қазақстанда қазіргі күні өз жұмыстарын халықаралық стандарт талаптарына сәйкес құрған кәсіпорындар мен артта қалушы кәсіпорындар арасындағы үлкен алшақтықтардың бар екендігі байқалады. Мұнан кейін сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев Қазақстан кәсіпорындарын жаңғырту жөніндегі жоспарланған шаралар мен жүргізілген жұмыстар туралы есеп берді. Оның айтуы бойынша, өткен жылы Президент тапсырмасына сәйкес Үкімет «Атамекен» одағы» ҰЭП-пен бірлесіп, Бүкіләлемдік банктің техникалық қолдауы арқылы еліміздегі 200 өнеркәсіптік ксіпорындарға технологиялық аудит жүргізген. Аудит нәтижесінде негізгі қорлардың, әсіресе, құрал-жабдықтардың тозуы, басқару және маркетингтік-сату технологияларының жетілмегендігі, қаржы ресурстарына қол жеткізудің шектеулілігі, жаңа техникалық талаптарға жауап бере алатын білікті кадрлардың жетіспеушілігі секілді проблемалар анықталған. Осыған орай аталған кәсіпорындарға көрсетілетін мемлекеттік қолдауды айқындау мақсатында олар үш топқа жіктелген. Бірінші топқа даму мүмкіндігі жоғары және қаржылық жағдайы тұрақты кәсіпорындар, екінші топқа даму мүмкіндігі бар, бірақ әлемдік экономикалық дағдарыс салдарынан алған несиелері мен облигациялық заемдарын өтеуде қиындықтар қалыптасқан, яғни қаржылық сауықтыруды талап ететін кәсіпорындар, ал үшінші топқа сауықтыруға келмейтін және терең қайта құрылымдауды немесе банкроттық үдерістерді жүргізуді талап ететін кәсіпорындар жатқызылған. Осылардың ішінде екінші топтағыларды қолдау үшін Премьер-Министр жетекшілік ететін арнайы мамандандырылған жұмыс тобы құрылды. Осыған орай әзірленген бағдарламада аталған топтағы ірі және орта кәсіпорындар үшін олардың несиелерінің пайыздық ставкаларын субсидиялау, салық жеңілдіктерін беру және оларға стратегиялық инвесторлар іздестіру, 4 жылға дейін кепілдік тапсырыстар ұсыну секілді шаралар қарастырылды. Ал шағын және орта кәсіпорындарды сауықтыру үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бірқатар әдістері іске қосылатын болды. Сонымен қатар, Әсет Исекешев өз сөзінде кәсіпорындарды жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта үш бағыт бойынша жүргізілетіндігін атап көрсетті. Бірінші бағытқа жүйе құрушы кәсіпорындар жатқызылады. Оларға энергетикалық, мұнай өңдеуші және тау-кен металлургия кәсіпорындары кіреді. Мұндай кәсіпорынға көбінесе құрал-жабдықтардың моральдық және нақты түрде тозғындауы, негізгі қорларға түсетін жүктеменің шектен тыс көптігі, олардағы еңбек өнімділігінің төмендігі секілді проблемалар тән. Екінші бағытқа мәшине жасау, химия, фармацевтика, жеңіл және тамақ өнеркәсібінің ірі және орта кәсіпорындары жатқызылған. Егер мемлекет тарапынан ұзақ мерзімді тапсырыстар берілген жағдайда, бұл кәсіпорындардың жұмысын жақсартуға болады. Үшінші топқа енгізілген шағын кәсіпорындарға «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қолдау шаралары көрсетіледі. Олардың өндірістерін қайта жарақтандыру және кеңейту мәселелеріне көңіл аударылады. Бұдан соң Президент жанындағы шет ел инвесторлары кеңесінің 24-ші пленарлық мәжілісіне қатысқан шетелдік қонақтар сөз алды. Алдымен Азия даму банкінің вице-президенті Лакшми Венкатачалам ханым жаңа технологияларды инфрақұрылымға жеке меншік инвестициялар тарту арқылы ендіру тақырыбында сөз қозғады. Қазақстанның Кеңес одағы кезінде құрылған, ескіріп бара жатқан инфрақұрылымы ағымдағы қажеттіліктердің өзін қанағаттандыру үшін тиісті деңгейде қызмет көрсетуге қабілетсіз. Осы орайда Қазақстан инфрақұрылым саласына жаңа технологияларды анағұрлым тиімді әдістермен қалайша тарта алады деген сұрақ туады. Әдетте мемлекет жаңа технологияларды өндірушілермен және оны жеткізушілермен өзі тікелей келіссөздер жүргізіп, сатып алатын. Алайда, соңғы жылдары нарықтық экономика жағдайында Қазақстан басқа модельді қолдануда. Ол бойынша инфрақұрылым нысандарына инвестиция салатын компаниялар ұзақ мерзімді жобалар үшін жауапкершілікті, сондай-ақ оның тиімділігіне қатысты барлық тәуекелді толықтай өздерінің мойнына алады. Ал әлемдегі тәжірибе бойынша үкіметтер инфрақұрылымға қаржы құятын жеке меншік компанияларға технологиялық жаңартудың басты әрі негізгі құралы ретінде қарайды. Бұл, әсіресе, өнімділікті күшейтіп, шығынды азайтуға байланысты ғылыми-техникалық дамудың қарқынды кезеңдерінен өтетін секторларға байланысты. Қазақстан инфрақұрылым нысандарына инвестиция салатын әлемдік жетекші компаниялардың назарын аударту үшін конкурстық іріктеудің тиімді тәртіптерін жүзеге асыру бойынша барлық мүмкіндіктерін көрнектірек көрсетуі керек. Біздің ойымызша, инфрақұрылым нысандарына арналған ұзақ мерзімді жеке меншік инвестициялар оның базалық салаларына жаңа технологиялар тартудың тамаша әдісі. Кеңес отырысында біз Қазақстан Үкіметіне мынадай негізгі сәттерді жеткізсек дейміз. Қазақстан дағдарысқа дейінгі тұрақты даму деңгейіне қайта жеткендіктен сіздерге, алдымен елдің оңтүстік аймағында электр энергиясының жетіспеушілігі мәселесін шешуге тура келеді. Сұранысты төмендетуге энергияны үнемдеу технологиясын ендіру есебінен қол жеткізуге болады. Қазақстанның энергиямен қамтамасыз ететін жүйесі көмір жағатын электр стансаларына тәуелді. Олар халық тығыз қоныстанған ірі орталықтардың айналасында орналасқан. Мұндағы ауаны ластайтын газдар «таза көмір» технологиясын ендіруді көздейтін және тез арада жүзеге асырылуы тиіс жаңару есебінен қысқаруы керек. Келешекте бұл саладағы үлкен рөлді табиғи газ бен қайта қалпына келетін энергия көздері алғаны дұрыс, деді ол. АДБ вице-президенті жел энергетикасы мен күн энергетикасын дамыту стратегиясын құру арқылы келешекте Қазақстанға жетекші ғылымдық технологияны бере алатын әлемдік деңгейдегі инвесторларды тартуға болатындығын жеткізді. Жүкті тасымалдау және қамтамасыз етудің маңызының артуы ел аумағының үлкендігіне ғана емес, сонымен қатар Қазақстанда халықаралық сауданың мемлекеттің ішкі жалпы өнімінде елеулі үлесі барлығына байланысты. Сала технологиялары әлемде едәуір дамығандықтан, Қазақстанның оны енгізу арқылы жақсы пайда табуға зор мүмкіндігі бар. Азия даму банкі жеке меншік сектордан түсетін осы тектес бастамаларға қолдау көрсетуге әрқашан дайын, деді Лакшми Венкатачалам. Ал «Арселор Миттал» компаниясының президенті Лакшми Миттал өткен жылы болат, көмір және темір рудаларының өндірісіне жаңа технологиялар ендіру мақсатында 240 млн.АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынғандығын жеткізді. Ал 2011 жылы инвестиция көлемін 400 млн.долларға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Қуаты 1,2 млн.тонна болатын пішімдерге үздіксіз құйып тұратын жаңа мәшине құрылысы жыл соңында аяқталып, қолданысқа беріледі. Сондай-ақ №2 домна пешін күрделі жөндеуден өткізіп, қалған үшеуін 3 жылда қайтадан жаңартамыз деп жоспарлап отырмыз. «Би Джи» компаниясының атқарушы вице-президенті Крис Финлейсон кеңеске қатысқанына ризашылығын білдірді. Ол соңғы екі онжылдық ішінде еліміз жүйелілікпен, саяси болжағыштықпен ашық экономика жүргізіп отырғандығын атап өтті. «Би Джи» компаниясы Қазақстанның «Өнімділік-2020» мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген мақсаттарға жетуге ұмытылысына қолдау көрсетіп келе жатыр. Ол тауарлар мен қызмет көрсетуде және кадрлар мәселесінде бәсекеге қабілетті «қазақстандық мазмұнды» арттыру арқылы көрініс табуда. Заманауи экономикаға жоғары білікті мамандар керек. Бұл бағытта «Би Джи Групп» «Назарбаев университетінің» ғылыми кітапханасы мен зерттеу стипендияларын, сондай-ақ Би Джи кафедрасын жылына 450 мың доллар көлемінде қаржыландырып отыруды мойнына алды, деді Крис Финлейсон. Қазақстан өндірісін жаңартуда тау-кен өндірісі кешенінің рөліне келетін болсақ, «ENRC» компаниясының акционері Александр Машкевич кеңестің алдыңғы өткен отырысында адам капиталы бойынша ұлттық кеңес құруды ұсынғандығын еске салды. Себебі, оның пікірінше, жаңару алдымен адам ойынан басталуы керек. Бұл кеңес кәсіпорындардың ғылыми орталықтармен және оқу орындарымен өзара қарым-қатынасты қалыптастыруы мүмкін, деді А.Машкевич. Жаңартудың тағы бір маңызды құрамдас бөлігі бизнес үдерістерін оңтайландыру. Дұрыс ұйымдастырылған басқару үдерістері еңбек өнімділігін арттырады. «Өнімділік-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қазақстандық индустрияны дамыту институты шынай сектордағы кәсіпорындарға технологиялық аудит жүргізіп, ондағы құрал-жабдықтардың 40 пайызы әбден тозғандығы туралы мониторинг есебін жариялады. Біз бұдан соң жаңару ұмтылысын жүзеге асыратын ұсыныстар күтудеміз. Компания бірнеше серпінді жобаларды жүзеге асыруда. ENRC-дің инвестициялық портфеліндегі барлық жобалар өнімділікті арттырумен бірге, ресурсты үнемдеумен бірқатарға қойылады дей келе А.Машкевич, компаниядағы энергиялық тиімді өндірісті жаңартудың нақты мысалдарын келтіріп өтті. «Роял Датч Шелл» компаниясының атқарушы директоры Матиас Бихсел де өз сөзінде Қазақстан Үкіметімен арадағы жолға қойылған қарым-қатынасқа ризашылығын білдіріп, әріптестікті одан әрі жалғастыруға және Қазақстанның жаңару бағдарламасына үлес қосуға дайын екендіктерін ерекше атап көрсетті. «Эрнст энд Янг» компаниясы операциялардың бас директоры Джон Ферраро кәсіпорындардың көлемді жаңғыруын табысты жүзеге асыру үшін өндірістік, инновациялық, қаржылық және білім беруде жаңару жүргізу керектігін атап көрсетті. Қазақстандық инфрақұрылымды жүзеге асыру бағдарламасы елеулі қаржы көздерін, білімді және технологияны қажет етеді. Осы орайда біз инфрақұрылымды дамыту мақсатында мемлекет-жеке меншік әріптестігі тетігін батыл қолдануға кеңес береміз. Бұл тетік жеке инвесторлардың қаржыландыруын тартып қана қоймай, ноу-хауға қол жетімділікті арттырады. Сондай-ақ, арнайы мамандандырылған инфрақұрылымдық қор құру қажет. Ол жаңарту бағдарламасына қолдау көрсететін болады, деді Джон Ферраро мырза. Бұдан соң сөз алған «Делойт ТМД» директорлар кеңесінің төрағасы Жан-Поль Пикард БҰҰ статистикасы бойынша теңізге шығатын елдерден теңізге шықпайтын елдердің өнімділігі 50 %-ға аз екендігін Қазақстанға қаржы құю мәселесінде ескеру керектігін айтып өтті. Көптеген елдер «өнімділік бойынша кеңес» құрғандығын, ал Премьер-Министр орынбасарының осы туралы бастамасы қауымдастықтар мен компаниялар дамуы табысты болуы үшін негіз боларын атап көрсетті. Ал «Бейкер и Макензи Интернэшнл» атқару комитетінің мүшесі Коэн Ванхеренц еліміз қабылдаған ақпараттық және коммуникациялық технологияларды дамыту бағдарламасына өзгеріс енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, 2014 жылға қарай 100 адамға шаққанда кең жолақты интернет желісінің тығыздығын 24,2 адамға жеткізуге мол мүмкіндік бар көрінеді. Кеңес отырысында «Лукойл» ААҚ президенті Вагит Алекперов, «Эксон Мобил» корпорациясының вице-президенті У.Альберс, Дойче Банктің атқарушы директоры Питер Тильс, «Эни» бас атқарушы директоры Паоло Скарони, «Мицубиси» компаниясының Азия және Кавказ бойынша бас өкілі Хироси Мийоси, «Филипп Моррис Интернэшнл» компаниясының корпоративтік байланыстар бойынша вице-президенті Эвен Хурвин сөз сөйлеп, қазақстандық өндірісті жаңарту туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Кеңес мүшелерінің сөзінен кейін Тони Блэр, Альфред Гузенбауер, Романо Проди, Александр Квасьневский өз өтініштері бойынша сөз алып, жедел даму үстіндегі Қазақстан туралы жағымды пікірлерін білдірді. Пленарлық отырысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қорытындылады. Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде кеңес мүшелеріне Қазақстан үшін шынайы да пайдалы ақыл-кеңестерін, пікірлерін білдіргені үшін алғысын жеткізді. Сонымен қатар, кеңестің құрметті қонақтары Тони Блэр, Александр Квасьневский, Романо Проди, Альфред Гузенбауерге біздің елімізбен шынайы достық қарым-қатынастары үшін ризашылығын білдірді. Біз биылғы жылы өз Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өтеміз. Әрине, біз өз мерекеміздің тұсында қол жеткізген жетістіктерімізді айтатын боламыз. Бұл жетістіктер бізге оңайлықпен келген жоқ. Осы уақыт аралығында Қазақстан бірнеше ауыр дағдарысты бастан өткерді. Солардың ең біріншісі және ауыры біз үшін Кеңес одағының ыдырауы болды. Сол тұста Қазақстан құлаған империяның бір бөлшегі ретінде тым ауыр экономикалық жағдайлармен бетпе-бет қалды. Сол тұста біз бұрын болмаған өз дербес мемлекеттігімізді қалыптастыру, ішкі және сыртқы саясаттың жаңа жүйесін құру, экономиканы жұмыс істеуге мәжбүр ету, оны жекешелендіру, яғни либералды мемлекетті, либералды экономиканы қалыптастыру үшін өте күрделі бес-алты жылды жұмсадық. Одан енді ес жиямыз деген тұста Оңтүстік-Шығыс Азия дағдарысына тап болдық. Сондықтан біз өз дамуымызды 1999 жылдан бастадық. Соңғы 10-13 жылдың аясында ғана қалыпты даму жағдайына түстік. Осы үшін біз өз жетістіктерімізді мақтан тұтамыз. Бұл жылдардың өн бойында шет ел инвесторлары кеңесі менімен бірге болды. Соның арқасында біз 120 миллиард доллардың шетелдік инвестицияларын тартып, 150 миллиард доллардың өзіндік, ішкі инвестицияларын іске қостық. Мен бұрынғы ГДР – Шығыс Германия туралы айтқан Питер Тильс мырзаның сөзін ықыласпен тыңдадым. Мен өз сөзімде бұл мысалды жиі келтіретінмін. Өз кезінде Қазақстанның ГДР-ға көмектескен Германия Федеративтік Республикасы секілді қуатты демеушісі болған жоқ. Енді біз әлемге белгілі болған кезімізде, өз тәуелсіздігімізді бекіткен тұсымызда алдымызға жаңа өте өршіл міндеттерді қойып отырмыз, деп атап көрсетті Нұрсұлтан Әбішұлы. Өткен жылдан бастап Қазақстанда үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде үлкен жұмыстар басталды. Осы істің аясында тек өткен жылдың өзінде ғана 800 миллиард теңгені немесе 5 миллиард долларды құрайтын 152 жоба пайдалануға беріліп, 25 мың тұрақты жұмыс орнын құру мүмкіндігі қалыптасты. Ал үстіміздегі жылы тағы осындай 200 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Экономиканың шикізаттық емес секторында алға басу айқын сезілуде. Өткен жылдың қорытындысында елдің ішкі жалпы өнімі 7 пайызға өсті, оның 2 пайызын жаңадан іске қосылған индустрияландыру жобалары берді. Өңдеу өнеркәсібі, яғни шикізаттық емес сектор 18 пайызға, ал олардың өнімдерінің экспорты 67 пайызға өсті. Саладағы еңбек өнімділігі 1,5 есе өсіп, бір адамға 44 мың доллардан айналды. Ал осы көрсеткіш 2009 жылы 29,5 мың долларды ғана құраған еді. Осы ретте неғұрлым ірі жобалар шетелдік инвесторлардың қатысуымен және қаржыландыруымен жүзеге асырылғандығын айтуға болады. Жаңадан ерекше өндіріс түрлері, жұмыс орындары құрылуда. Еңбек өнімділігі арта түсуде. Сіздерге бұл жұмысқа белсене қатысқандарыңыз және қолдау білдіргендеріңіз үшін тағы да алғысымды айтамын. Шынында да Қазақстанның қалыптасуы мен дамуында сіздердің үлестеріңіз бар. Біз мұны бағалаймыз. Бірақ бұл бәсекеге қабілетті мемлекет пен экономиканы құру жолының басы ғана. Біз өз алдымызға өршіл стратегиялық мақсаттарды қойып, қызмет ету аясын белгіледік. Біздің проблемаларымыз бізге айқын. Біз әрбір отырыста сіздермен бірге бұл жайында айтып, оларды бірігіп шешіп келеміз, деді Елбасы. Осы ретте Президент мұнан әрі алға жылжу үшін төмендегідей бірқатар мәселелерді шешу қажеттігін атап көрсетті. Бірінші. Жаңғырту бағдарламасының локомотиві ірі кәсіпорындар, ұлттық компаниялар және табиғат қойнауын пайдаланушылар болып табылады. Біз шетелдік инвесторларды осы үдерістің қатысушысы болуына шақырамыз. Сіздердің соңдарыңыздан отандық кәсіпорындар да еретін болады. Сондықтан қазақстандық үлесті дамыту жөніндегі саясат экономиканы жаңғыртудың аса маңызды элементі болып табылады. Сіздер оны қолдап отырсыздар, енді осы істі одан әрі жылжытуымыз керек, деді Мемлекет басшысы. Тауарлар, жұмыстар мен қызметтер сапасының халықаралық стандарттарын енгізу бағытын ұстана отырып, отандық жеткізушілер Қазақстан үшін жаңа технологияларды игеру мен қазіргі заманғы менеджментті енгізуге ұмтылуда. Шағын технологиялық технологиялар осылайша ынталандырылуда. Дегенмен, жаңғыртудың бұл әрекетті тетігі әлі де болса жеткілікті пайдаланылып отырған жоқ. Бұған отандық тауарларды сатып алу көрсеткіштері дәлел бола алады. Жер қойнауын пайдаланушылар бойынша қазақстандық мазмұн үлесі бүтіндей алғанда 11,5 пайызды, жүйе құраушы кәсіпорындар бойынша 31 пайызды, «Самұрық-Қазына» тобы бойынша 38 пайызды құрады. Өткен жылы мұнай-газ саласында қазақстандық үлес жөніндегі өз міндеттемелерін тек 14 компания ғана толық орындады. Қалғандарында (шамамен 130 компания) аталған міндеттемені орындаудың орта көрсеткіші тек 25 пайыз көлемінде ғана болды. Сондықтан шетелдік инвесторлардан Үкіметтің индустрияландыру жөнінде жүргізіп жатқан жұмыстарын есепке ала отырып, қазақстандық кәсіпорындарды тапсырыстарға белсенді түрде тартуға шақырамын. Сіздер бізді дұрыс түсінуге тиіссіздер. Мен Үкіметтің алдына бұл саясатты қатаң жүргізу және сіздермен жұмыс істеу жөнінде міндет жүктедім. Бұл жұмыстардың қажеттілігі туралы біз сіздермен ортақ түсіністіктерге келетін болармыз деп ойлаймын, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Президент ел экономикасының мұнан кейінгі бір күрделі мәселесі ірі кәсіпорындардың қуат үнемдеу тиімділігін арттыру екендігін атап көрсетті. шет ел инвесторлары кеңесінде бұл мәселе талай рет сөз болып келеді. Тек бір ғана тау-кен металлургия кешені елде өндірілген электр қуатының жартысынан астамын жұмсайды. Индустриялық бағдарлама аясында жаңадан іске қосылып жатқан жобалар электр қуатының жұмсалуын одан әрі молайта түсетіндігі түсінікті. Отандық металлургияның осы секторында ғана кәсіпорындардың электр қуатын ысыраптау деңгейі әлемнің алдыңғы қатарлы металлургиялық кәсіпорындарымен салыстырғанда, бір жарым және одан да көп есе жоғары болып отыр. Ал еңбек өнімділігіне келер болсақ, бізде ол 1,5-2 есе төмен. Мұндай кәсіпорындарда өнімнің өзіндік құнына шаққандағы материалдық шығын көлемі 70 пайызға дейін жетуде. Кәсіпорындардың өндіргіштік қуаты көп тозғындаған. Олардағы құрал-жабдықтар 30 жылдан бері пайдаланылып келеді. Сондықтан мен еліміздің кәсіпорындарына қуат үнемдегіш алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу мен қуат ысырабын азайту жөнінде жүйелі шаралар әзірлеу жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Біз бұл іспен қазір мықтап шұғылданудамыз. Осы бағытта сіздерді бірігіп жұмыс істеуге шақырамын, деді Мемлекет басшысы. Екіншіден, шағын және орта кәсіпорындар өз қолдарында бар ресурстар мен мүмкіндіктерді тиімді пайдалана және жаңаруға деген ұмтылысты айқын таныта отырып, жаңғыртудың алдыңғы легінде жүруі керек. Мемлекет бүгін кәсіпкерлік үшін барлық қолайлы жағдайларды қалыптастыру үстінде. Қабылданған «Өнімділік-2020» бағдарламасы басқарушылық технологияларды және іс үстіндегі, сонымен қатар жаңадан ашылған өндірістерді техникалық қайта жарақтандыру ісін одан әрі жетілдіруге бағытталған. Елбасы шетелдік инвесторларды осы іске де белсене қатысуға шақырды. Үшіншіден, интеллектуалдық негізсіз жаңғыртудың өзі мүмкін емес. Осыған орай Елбасы жаңғырту жоспарының сәтті жүзеге асуы ең алдымен, адамдарға, кәсіпорындардың бүкіл қызметкерлері мен олардың басшыларының жұмысына тікелей байланысты екендігін атап көрсетті. Осы ретте Елбасы шетелдік инвесторлардың Батыс және Шығыс Қазақстанда құрған кадрларды оқыту орталықтарының жұмысына жақсы баға беріп, оларда білікті жұмысшылар мен инженерлер әзірленіп жатқандығын айта келе, ендігі кезекте компаниялардың топ-менеджментін жетілдіру бағытында осындай оқуларды ұйымдастыру жөн болатындығын атап көрсетті. Үкіметке шетелдік инвесторлармен бірлесе отырып, білім және кадрлық модернизациялау мәселелері жөнінде нақты ұсыныс енгізуді тапсырды. Төртіншіден, Жаңғыртудың негізі инновациялар болып табылады. Тиімді инновациялық-экономиканы құру – тіпті жоғары дамыған ел үшін де күрделі істердің бірі. Мен Кеңес одағы экономикалық жүйесінде жұмыс істеген адаммын. Енді жаңа жүйеде жұмыс жасап жатырмын. Мен Кеңес одағы өнеркәсібінің дамыған елдерден қаншалықты артта қалғандығын және оның себептерін жақсы білемін. Сондықтан да мен бұл міндетті өте күрделі деп есептеймін, деді Президент. Осы кездесу өткізіліп отырған жаңа халықаралық университет тек өткен жылы ғана құрылды. Ол енді әлемдік деңгейдегі ғылыми орталыққа, «болашақ инновациясын» әзірлеудің тәжірибе көзіне айналуы тиіс. Бұл университет – ерекше оқу орны. Ол үшін арнаулы заң қабылданды. Университет батыстық университеттердің жүйесі және тәртібімен жұмыс істеуде. Мұнда оқыту тек ағылшын тілінде ғана жүргізіледі. Оған студенттер іріктеп алу үшін 20 интеллектуалдық мектеп құрылды. Біздің жаңа университетіміз әлемнің көптеген университеттерімен бірігіп жұмыс істеуде. Мұнда америкалық, еуропалық және шығыстық университеттердің профессорлары сабақ береді, деді Елбасы. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы инновациялық технологиялар паркі ретінде қайта құрылып отырған Алматыдағы «Алатау» ақпараттық-технологиялық паркіне де инновацияларды нақты жүзеге асырудың орталығына айналу міндеті жүктелгендігін айтты. Бұл екі инновациялық орталықтар Елбасының жеке бақылауында болады. Осыған орай Мемлекет басшысы шетелдік инвесторларды аталған орталықтарды дамыту жөнінде әріптестікке шақырды. Қазақстан әлемдік экономиканың белсенді қатысушысына айналуға ұмтылыс танытып келеді. Елбасы осыған байланысты Үкіметтің алдына 2016 жылға таман Қазақстанды әлемдік сауда, логистикалық және іскерлік хаб ретінде қалыптастыру ісін қамтамасыз ету жөнінде міндет қойылғандығын жеткізді. Біз транзиттік әлеуетті дамытудамыз, жұмыс күштерінің, жүктердің өтуін жеңілдетудеміз, дамыған логистикалық және көліктік инфрақұрылымдарды құрудамыз. Біз «Батыс Қазақстан – Батыс Қытай» секілді ірі жобаны қолға алдық. Оның 2700 шақырымы біздің елден өтеді. Бұл жоба келесі жылы аяқталады. Сонымен қатар, Каспий теңізіндегі Ақтау портын дамыту, Қытай Халық Республикасына, Иранға, Парсы шығанағына екінші темір жол салу, Алматыны ірі іскерлік және қаржы орталығына айналдыру, туризмді көтеріп, қызмет көрсету саласын жандандыру секілді ауқымды істермен шұғылданудамыз, деген Елбасы осыған орай шет ел инвесторлар кеңесінің келесі отырысында Қазақстанды сауда, логистикалық іскерлік және қаржы орталығының халықаралық хабы ретінде қалыптастыру мәселесін талқылауды ұсынды. Елбасы сөзінің соңына таман үстіміздегі жылы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтуге байланысты жоғары деңгейдегі экономикалық форумдар мен шаралар өткізу жоспарланып отырғандығын айта келе, шет ел инвесторлары кеңесінің келесі мерейтойлық 25-ші отырысын 2012 жылдың 22 мамырында Астанада, V Астана экономикалық форумының қарсаңында өткізуді ұсынды. Сонымен қатар, Елбасы шет ел инвесторлары кеңесінің отырысын ендігі кезекте бұрынғыдай жылына екі рет емес, жылына бір рет өткізу ұсынылатындығын айтты. Алғашқы жылдарда біздің алдымызда шешімін табуға тиісті мәселелер көп болғандықтан, біз жиі жиналып отырдық. Енді біз елдің даму деңгейінің көтерілуіне байланысты мүлдем басқа мәселелерді талқылау үстіндеміз. Сондықтан кеңес отырысын ендігі кезекте жылына бір рет өткізсек де жеткілікті болар, ал төтенше проблемалар пайда бола қалған жағдайда мен оны сіздермен бірлесіп шешуге қашан да болсын әзірмін, деді Президент. Мемлекет басшысы кеңес мүшелері мен қонақтарына оның жұмысына белсене қатысқандары үшін, Астанаға келіп, жаңа университеттің жұмысымен танысып, атқарылып жатқан шараларға қолдау білдіргендері үшін алғысын жеткізе келе, кеңес отырысын жабық деп жариялады. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, Венера ТҮГЕЛБАЙ, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.