Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) директоры Хелен Кларкты қабылдады. Кездесу барысында тараптар екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту және дамыту мәселесін талқылады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Қазақстан Президентімен өте сындарлы кездесу болып өтті. Біз Республика мен БҰҰДБ арасындағы екіжақты өзара қарым-қатынастар мәселесін талқыладық, сондай-ақ елдің қарқынды экономикалық дамуы мен Қазақстанның халықаралық аренадағы көшбасшылық рөл атқаратыны туралы мәселелер қозғалды. Осыған байланысты біз сондай-ақ Қазақстан әлемдік ядролық қарусыздану мәселесінде де көшбасшы болып табылатынын талқыладық, – деді Хелен Кларк журналистерге арналған брифингте.
Тәуелсіздік алғаннан кейін елдің ІЖӨ халықтың жан басына шаққанда 700 АҚШ долларын құраған еді, деп жалғастырды сөзін мейман. Ал енді – 9000- 10 000 АҚШ долларын құрайды. Қазақстанда экономиканың дамуы мен әртараптандыру жөнінде өте мықты, іскерлік көзқарас бар. Ондай көзқарас Қазақстанның елордасы Астананы дамыту бойынша да қалыптасқан. Мен қаланы, оның астаналық сәулетін көріп таңданысымды жасыра алмадым. Қазақстан халықаралық істерде өзінің сындарлы рөлімен барынша танымал.
Осыған байланысты Х.Кларк Қазақстанның өткен жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін, биылғы жылғы ИКҰ-ға төрағалығын атап өтті. Маңызды халықаралық іс-шараларды, ірі экономикалық форумдарды өткізуі әлем Қазақстанға өз жолын белсенді түрде ашып отырғанын көрсетеді, деді ол әрі қарай. Қазақстан, сондай-ақ көптарапты ынтымақтастықты алға жылжытуда БҰҰ-ның белсенді жақтаушысы болып табылады. Осы орайда Қазақстан Парламенті Сенатының бұрынғы төрағасының қазіргі уақытта Ұйымның Бас хатшысының орынбасарларының бірі ретінде жоғары қызмет атқаратыны бәріне аян. Осындай барлық жетістіктерді тани отырып, әсіресе, елдің аймақтағы рөлін ескеріп, БҰҰДБ Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеру ниетінде. Қазақстан қазіргі уақытта өз дамуында өзге елдермен өз тәжірибесін бөлісіп, оларға қолдау көрсетіп келеді. Біз БҰҰ-ның даму жөніндегі жетекші агенттігі ретінде әлемнің көптеген елдерімен жұмыс істейміз және осы бағытта Қазақстанмен өзара қарым-қатынастарға үлкен мән береміз.