Екібастұз қаласының атауы сол қалаға жақын орналасқан өзіне аттас көлдің атымен аталатыны жалпыға белгілі. Ал сол көлдің өзі сол атқа қалай ие болғаны туралы бірнеше нұсқа бар.
Айтылып жүрген жорамалдардың ішіндегі шындыққа ең жақын келетіні Екібастұз қаласының құрметті азаматы, зерттеуші-өлкетанушысы Серік Жақсыбаевтың нұсқасы болып табылады. Осы әңгіме жөнінде ол кісінің айтқаны мынау: «Екібастұз көлі атауының шығу тарихын зерттеу мені мына қорытындыға әкелді. Егер сызбадағы Екібастұз көлінің нақты конфигурациясына қарайтын болсаңыз, оның оңтүстік-батыс пен солтүстік-батыс жағында самай сүйегінің екі емізігі тәрізді жанама өсіндіге ұқсас екі шығанағы бар. Соларға қарап көлдің бұрын жайылма кезінде суға толатын екі көзі болғанын жорамалдауға болады. Ал басқа жағынан алсақ, бұл жорамал қазақтың «бас» сөзі орыс тіліндегі «исток» (қайнар көзі) мағынасында қолданылатынымен де расталады. Сондықтан бұл көл алғашқыда “екі басты тұзды көл” аталған болуы керек, орыс тіліне аударғанда “соленное озеро с двумя истоками”. Уақыт өте келе бұл атау бірігіп кеткен. Сөйтіп, көлдің қазіргіше аталуы – Екібастұз болып кеткен».
Бірақ, осы логикалық дұрыс тұжырымдалған жорамалға деректі дәлелдер жетіспейді. Осындай жетіспеушілік екі бас (кесек) көмілген тұз туралы айтылатын аңызда да және бұл мәселе жөніндегі барлық басқа да нұсқаларда бар.
Түрлі мұрағаттардағы тер төккен ұзақ ізденістерден кейін осы жолдардың авторына XIX ғасырдың сирек материалдарымен танысу мүмкіндігі тиді, онда біздің өлкенің өткен өмірі туралы өте қызықты мәліметтер бар. Әсіресе, 1860-1885 жылдардағы өте сирек кездесетін әскери-топографиялық картасының маңызы зор, оны Ресей империясының Сібір генерал-губернаторлығының генералдық штаб офицерлері құрған екен.
1878 жылғы 10-шақырымдық картаның (1860 жылғы әскери-топографиялық түсірулердің планшеті бойынша құрылған) үзіндісінде ол уақытта Екібастұз атты көлдің болмағаны анық көрініп тұр. Бұл ащы көл ол кезде Қарабидайық аталған. Сондай-ақ төменде Қарабидайық деген тұщы көл де көрсетілген. 1878 жылдың түсірілімдерінің өзінде-ақ атаулары бірдей екі көлді айыру үшін олардың біреуіне «тұз» сөзінің жалғанғанын көруге болады. Ол Қарабидайық-тұз болып тұр. Қарабидайық-тұз көлінің солтүстік-батысында 3500-3700 метрлік қашықтықта Екібас деген зират атауы жазылған (сол уақыттағы карталарда «м» әрпімен зираттар белгіленетін). 1885 жылғы топографиялық картаның (1878 жылғы түсірілімнің планшеті бойынша құрылған) үзіндісіне үңілсеңіз, тұзды көл Қарабидайық-тұз көлінің біртіндеп «Екибасъ» (картада жақшаға алынып көрсетілген) көліне айналғаны көрініп тұр. «Екібас» атты зираттың орны да картада көрсетілген.
Сөйтіп, атаулары бірдей екі көлді нақты айыру қажеттілігіне байланысты Қарабидайық тұзды көліне жобамен алғанда 1860 пен 1878 жылдар аралығында жақын жердегі зират атауы бойынша Екібас атауы бекітілгені әбден анық болып тұр. Біздің облыстағы және бүкіл Қазақстан бойынша гидронимдердің көпшілігі осы принцип бойынша құрастырылған.
Енді көлге де, қалаға да, шындығында, есте қалардай ат берілген осы Екібас деген жұмбақ атаудың өзі де қызығушылық туғызары анық.
Бұл жерде XIX ғасырдың әскери-топографиялық карталарына бағдар үшін ауқымды (енімен де, биіктігімен де) көлемі бар зираттардың атауы ғана енгізілгенін айта кеткен дұрыс. Мұндай кесенелер өте беделді әрі атақты қыр тұрғындары – билер, батырлар, болыстарға ғана тұрғызылғаны түсінікті.
Ресей офицер-топографтары (көбі қазақ тілін білмейтіндер) барлық жазба-атауларды ауызша естігендері бойынша жазып отырған және көбінесе фонетикалық қателер жіберген, ол осы жағдайда да орын алғаны көрінеді. Екібас (Экибас) деген ат қыр тұрғындары арасында қолданылмайтын, бірақ жергілікті қазақ руларының шежіресінде ұқсас Үкібас деген ат жиі кездеседі. Ал енді, бұл тарихи кейіпкердің осы аймақтың тумасы екенінде күмән жоқ, өйткені, кесенесінің оның туған жерінде ғана тұрғызылатыны анық. Қазіргі Екібастұз қаласы мен көлінің төңірегі XIX ғасырдың бірінші жартысында Баянауыл ішкі округіне жатқызылған және Ақбура-Тұлпар-Қозған болысының құрамына енетін. Бұл жерлерді Ақбура, Тұлпар және Майлытон деген бөлімшелері бар кең тараған Құлболды руы жазғы жайылым ретінде пайдаланған.
Егер Құлболды руының шежіресіне қарар болсақ, осы жерлерде көшіп жүрген Үкібас бидің атын кездестіруге болады. Оның өмір сүрген жылдары жобамен алғанда тап сол XIX ғасырға келеді. Бірақ бұл тұлғаның нақты сәйкестігін анықтау үшін осы болыстықтың 1830 жылдары халықты тіркеу құжаттарын қарау, сондай-ақ этнографиялық және генеалогиялық материалдар жинау, яғни қосымша зерттеулер жүргізу қажет.
Дегенмен, осы құжаттарға сүйене отырып қазірдің өзінде Екібастұз атауының пайда болуы туралы бұрынғы нұсқалардың барлығынан бас тартуға және осы атау-гидронимге негіз болған адамның аты екендігін және біздің қаланың аты болып бір кезде өмір сүрген Үкібас атты тұлғаның аты сақталғанын нық айтуға болар еді.
Дәурен АЯШИНОВ, өлкетанушы.