Өткен ғасырдың 50-60-жылдары Қытайдан келген азаматтардың арасынан белді де беделді тұлғалардың шыққаны белгілі. Осы арада Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің 2001 жылғы Бейжіңде өткен Қазақ мәдениеті күндерінде: «Қай жерде, қай қиырда жүрмеңіздер, сіздер біздің отандастарымыз болып есептелесіздер. Сіздердің араларыңыздан шыққан көптеген қандастарымыз қазір Қазақ елінің әдебиеті мен мәдениетін, ғылымын көркейтуде соқталы үлес қосуда. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі әдебиетін осы қазақ диаспорасынан шыққан жазушы Қабдеш Жұмаділовсіз, ақын Жәркен Бөдешевсіз, әнші Майра Мұхамедқызынсыз, биші Шұғыла Сапарғалиқызынсыз көзге елестету мүмкін емес. Сіздер біздің тың күшімізсіздер, тынысымызсыздар. Сондықтан да өздеріңізді біз еш уақытта да ұмытпаймыз», деген сөзі ойға оралып отыр. Шынында, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары сол алдыңғы толқынның ізін басып, атажұртына келгендер арасынан да жұлдыздай жарқырап шыққан әр саланың майталман мамандары жетіп артылады. Бүгін солардың бір тобының жүрекжарды сөздерін жариялап отырмыз.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін шет елде тарыдай шашылып жүрген ағайындарды тарихи отанына қайтару мәселесін де қолға алды. Мұндай сүйінішке толы жақсы жаңалық алыстағы біздің де құлағымызға жетіп жатты. 1993 жылы «Достық үйінің» сол кездегі басшысы Қытайға барған бір сапарында қазақ жастарын жинап, Президенттің елге шақыруынан хабардар етті. Көп уақыт өтпей, Шыңжан университетінде оқытушы болып жүрген жолдасым Талғат Мамырұлын Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы жұмысқа шақырды. Ол кісінің мамандығы информатик-физик. Келесі жылы мен де келдім. Мен Үрімші қаласындағы ғылым-техника баспасында редактор едім. Сөйтіп, 1994 жылы алғашқылардың бірі болып атамекен топырағын басу бақыты бұйырды.
Тоқсаныншы жылдардың басында туындаған кәсіпкерлік қарапайым саудадан басталғаны белгілі. Бұл сатыны біз де басымыздан өткіздік. Еңбегіміз жанып, қолымызға біршама қор жинағаннан кейін жұбайымыз екеуміз келешекте тиянақты кәсіппен айналысқанды жөн деп шештік. 1997 жылы «Мерхамитқызы» кәсіпорнын құрып, соның негізінде 2000 жылдан бері ұлдарымыз Еркебұлан мен Нұрсұлтанның есімдерінен үйлестірілген «Ерке-Нұр» компаниясы жұмыс істеп келеді. Кәсіпорын ұлттық киім және ұлттық киім үлгілерінің негізінде өркениет талғамына сай қазіргі заманғы киім тігумен айналысады. Өзімізге етене таныс ұлттық киімдерімізді тігіп, саудаға шығарып келе жатқан жайымыз бар. Бүгінде кәсіпорын халықтың салт-дәстүрі мен қолөнер шеберлерінің ежелгі әдісін сақтай отырып, ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған жоғары сапалы киім үлгілерін, оқушылар киімін, сонымен қатар, әртүрлі арнайы жұмыс киімдерін және сыйкәделер жасаумен айналысады. Жүзден аса адамды жұмыспен қамтып, өзіндік ерекше бағыт-бағдарымен көпшіліктің ықыласына бөленіп отырған «Ерке-Нұрдың» тауарлары нарықта үлкен сұранысқа ие. Әрине, алғашқы кезде тапсырыс мерейтойларға шапан тігумен шектелуші еді. Кейін зиялы қауым өкілдері мен белгілі өнер жұлдыздарынан бастап, жастар да жаңа заман талабына сай киім үлгілерін бізге тіккізетін болды. Уақыт өте келе үлкен мемлекеттік тапсырыстармен жұмыс жасай бастадық. Осы жылдың басында өткен дүбірлі дода – VII қысқы Азиада ойындарына арнап сыйкәделер жасадық, өнер ұжымдарына концерттік киімдер тіктік.
«Ерке-Нұр» кәсіпорнының осындай тамаша табыстары Үкімет жағынан да ескеріліп, көптеген марапаттарға ие болды. Отандық «Шағын кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін» және «Сапалы тауар өндіруші» сынды ондаған атақтарды иелендік. ІІІ, ІІ дәрежелі «Алтын сапа» сыйлығын да жеңіп алдық. Менің де атқарып жатқан азды-көпті еңбегім ескеріліп, «Ата заңның 10 жылдығы», «Астананың 10 жылдығы» және «Атамекен одағы» ұлттық экономикалық палатасының ІІІ дәрежелі «Атамекен» медалін иеленіп, «Ең үздік кәсіпкер әйел» атағын алдым.
Кәсіпорын жанынан 2004 жылдан бері «Ерке-Нұр» сән театры жұмыс істеп келеді. Жыл сайын жаңа коллекциялармен толыға түсетін «Ерке-Нұр» сән театры ел тәуелсіздігінің 15 жылдығына Қазақстан халқы Ассамблеясы делегациясының құрамында Германия, Бельгия, Голландия, Америка елдерін аралап, қазақтың киім үлгілерін көрсетіп, үлкен құрметке ие болып қайтты. Сондай-ақ, республикалық және халықаралық, атап айтқанда: Қытай, Түркия, Германия, Швеция, Ресейде өткен бүкіләлемдік сән өнері сайыстары мен фотомодель байқауларында «Ерке-Нұрдың» таңғажайып киімдері жүлделі орындарды иеленді. 2007 жылы «Жыл таңдауы» байқауының қорытындысы бойынша «Ең үздік сән орталығы» атағына ие болғанымызды да айта кетсем деймін.
Кәсіпорынның жанынан «Ерке-Нұр» – Шарапат» қоғамдық қорының құрылғанына аз уақыт болса да қиналған жанның жанынан табылып, жетімнің басынан сипап дегендей, игі істерімен көпшіліктің алғысына бөленіп келеді. Халықаралық қазақ-қытай тіл академиясы мен колледжінде оралман жетім және тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан жиырмадан астам студенттің тегін білім алуына, жатақханамен қамтылуына жағдай жасап отырмыз. Студенттердің Қытай Халық Республикасында қытай тілінен алған білімдерін тәжірибемен ұштап қайтуына көмек қолын созудамыз.
Өзім 1966 жылы 22 ақпанда Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында дүниеге келдім. Отбасындағы төрт баланың үлкенімін. Аталарымыз аласапыран жылдары Семей өңірінен Қытайға қоныс аударыпты. Атам Қабыл он саусағынан өнері тамған кісі болыпты. Әкем Мерхамит Пекин университетінің атом-физика факультетінде алғаш білім алған қазақтардың бірі. Әкем туған жері Шәуешек қаласында мәдениет саласында істеді. Ол кісі 1986 жылы ең алғаш Тарбағатай аймағында айтыс ұйымдастырушысы болған. Мінекей, атадан балаға мирас болып келе жатқан киелі өнер мені де өзіне баурап келеді.
«Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген дана халқымыз. Отанымда еңбек етіп жүргеніме өзімді шексіз бақытты санаймын. Қазақ елінің бір азаматы ретінде шеттен келген ағайындардың жағдайы туралы тұжырымдама дайындаған едім. Осы жоба жүзеге асса, көшіміздің бұдан әрі көлікті болуына аз да болса үлесін қосады деп сенемін.
Бүгінгі күні еліміздің қаншалықты дамығанын, өркендегенін, әлемдік деңгейге жеткенін көріп отырмыз. Қазақ тәуелсіз ел болды дегенді ести сала қуаныштан жүрегі жарылардай болып, құстай ұшып жеткендер нарық қиыншылығын барша қазақстандықтармен бірге көрді. Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде атамекеніне оралған оралмандардың саны миллионнан асып, халық санының көбеюіне, ұлттық құндылықтардың жандануына, мемлекет іргесінің нығаюына өзіндік үлестерін қосуда. Бұл Елбасы реформасының арқасы.
Фарида МЕРХАМИТҚЫЗЫ, «Ерке-Нұр» компаниясының президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.