Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми БҰҰ Балалар қорының Қазақстан Республикасындағы Өкілі Ханаа Сингерді қабылдады, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Қ.Мәми ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы қызметін жоғары бағалап, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы балаларды әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру жөніндегі БҰҰ Балалар қорының бағдарламасын жүзеге асыруға еліміздің мүдделілігін білдірді.
– «Қазақстан мен ЮНИСЕФ өзара іс-қимылдың зор әлеуетіне ие», – деді Төраға және ол балалар құқықтарын қорғау, тәрбиелеу мен оқыту үшін жағдайды қамтамасыз ету саласындағы заңнамаларды жетілдіру жөніндегі БҰҰ Балалар қорының шараларына Сенат белсенді қатысып келе жатқанын атап өтті.
Қазақстанда биыл тәуелсіздіктің 20 жылдығы атап өтілетінін айта келіп, Қ.Мәми дербес өркендеудің алғашқы жылдарынан бастап елімізде адам құқы мен бостандығын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылып келе жатқанына тоқталды.
– «Президент Н.Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асқан әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси реформалардың бәрінің негізінде осы стратегиялық басымдықтар бар», – деді Төраға.
Х.Сингер жеткіншек ұрпақтың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі Қазақстандағы белсенді жұмыстарды атап өте келіп, кіші көрсеткіштер зерттеуін ұйымдастыру мен жүргізуге жәрдемдескені үшін Сенатқа алғыс айтты.
Мұндай зерттеу жүргізілген ТМД мен Шығыс Еуропадағы жалғыз ел Қазақстан болғанын атап өте келіп, Х.Сингер қорытынды баяндаманың тұсаукесерін жоғарғы палата қабырғасында өткізуді ұсынды.
Кездесу барысында жастар саясатының мәселелері де талқыланды. Қазіргі кезде «Жастар саясаты туралы» заң жобасы әзірленуде. Қ.Мәми атап өткендей, құжат жұртшылық арасында, әсіресе, жастар ортасында жан-жақты талқылануы керек. Төрағаның айтуынша, заң жастардың лайықты өмірі, олардың өзін көрсете алуы, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысуы үшін жағдай жасау тиіс.