• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
26 Мамыр, 2011

Бір айда бірнеше алтын

458 рет
көрсетілді

Жақында бокстан Қазақстан құрамасы Белград, Алматы, Баку және Ташкент қала­ларында өткен төрт бірдей халықаралық турнирге қатысты. Сербияның астанасы – Белградта өткен турнирде 81 кг. дейінгі салмақта күш сынасқан Азамат Белгібаев пен 69 кг. салмақтағы Манат Өмірзақов бас жүлдені жеңіп алды. Азамат жартылай финалда әлемнің үздік боксшы­лары­ның бірі сана­латын 2009 жылы Миланда өткен әлем чем­пио­натының күміс жүлдегері, 2010 жылғы Гуанч­жоу­дағы Азия ойын­дары­ның же­ңім­пазы өзбек Дильшот Расуловпен кездесіп, оны нокаутқа жіберді. Манат Өмірзақов та жар­тылай финалда қарсы­ла­сын оңдырмай ұтты. Ал финалда қос боксшымыз Венгрияның өкілдерінен басым түсті. Осы турнирде жастар арасындағы Азия чемпионы Нұр­бол Қалжанов (56 кг.), Чехияда өткен халықара­лық турнирдің жеңімпазы Самат Бәшенов (60 кг.), биылғы ел чемпионатының күміс жүлдегері Алмасбек Әлімбеков (64 кг.) және аса ауыр салмақ­тағы Рүстем Іргебаев жартылай финалда қарсы­ластарынан ұтылып, қола жүлдені қанағат тұтты. Одан кейін Алматыдағы жыл сайын Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес Одағының Батыры, Ха­лық Қаһарманы   Сағадат Нұрма­ғам­­бетов турниріне қатысқан былғары қолғап шеберлеріміз 11 елдің боксшыларымен жұ­дырық­та­сып, 9 алтын және 4 күміс медальді иеленді. Солардың ішінде 52 кг. сал­мақта күш сынасқан тараздық Олжас Сәттібаевтың өнеріне Алма­ты­дағы «Достық» спорт кешеніне жиылған жан­күйерлер қол соқ­ты. Тараздық боксшы финалда Азамат Үсенә­лиев­пен (Қыр­ғызстан) қолғап тү­йіс­тірді. Оның алдында үнді Харижан Сантош­ты жеңген Олжас қырғыз боксшысын 15:12 есебімен тізе бүк­тірді. Одан кейін турнирде ең жеңіл сал­мақтағы Біржан Жақыпов (49 кг.), 56 кг.-дағы Алмас Жа­қыпов, Бекман Сойлыбаев (60 кг.), Батыржан Жүкенбаев (64 кг.), Серік Сәпиев (69 кг.), Әділет Ниязымбетов (81 кг.) және аса ауыр салмақтағы Иван Дычко жеңімпаз атанды. Әзірбайжанның Баку қаласында бокстан жас­өс­пірімдер арасында өткен турнирде біздің құ­ра­ма 3 алтын, 2 күміс және 3 қола медальді же­ңіп ал­ды. Осы елдің тұңғыш президенті, көрнекті мем­лекет қайраткері Гейдар Әлиев кубогы үшін өткен бәсекеге алыс-жақын шетелдерден көптеген командалар қатысты. Олардың арасында Ирландия, Шотландия, Түркия, Тәжік­стан, Түркімен­стан, Өзбекстан, Украина, Грузия және біздің елден барған балғын боксшылар қолғап түйістіріп, өз құрдастары арасында ең мықтыны анықтады. Бұл сында Қайыргелді Дәуітбек (63 кг.), Ақылбек Әділғалиев (66 кг.), Дидар Төлеген (80 кг.-дан жоғары) бірінші орынды иеленсе, Олжас Қалаубек (46 кг.) пен Бекжан Қыбыт­қалиев (54 кг.) күміс медальді, Алмас Шын­темірұлы (50 кг.), Тілек Қозбақов (80 кг.) және Елдос Қадырбаев (80 кг.-дан жоғары) қола жүлдені иеленді. Дастан КЕНЖАЛИН.