• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
26 Мамыр, 2011

“Астананың” үміті – Кройцигер

311 рет
көрсетілді

“Джиро д’ Италия” – велошабандоздар көпкүндігі Еуро­па­дағы атақты “Тур де Франс” және “Тур де Вуэльте” сияқты жарыстардан бір де кем соқ­пайды. Италияда жыл сайын ма­мыр-маусым айларында өтетін бұл жарыс 1909 жылдан бастау алған. Қызық үшін айта кетейік, бір ғасырдан астам уақыт вело­шабандоздардың көзқұрты бол­ған жарысты ұйымдастыруға ұйытқы болған спорт функционерлері немесе айдай әлемге атын шығаруды мақсат еткен мил­лиардер біреу емес, қара­пайым журналист. Газет үшін басылымның та­ралымын өсіру, оқырмандар қа­тарын көбейту – өзекті мәселе­лер­дің бірі әрі табыс көзі. Бас редактор айтты бітті, тапсырма орындалу керек. Спорт газетінің велоспорт бө­лі­­мінің бас редакторы Арманда Кунс деген қасқа бір күні кәлла­сын шайқап-шайқап оты­рып, то­сын шешімге келеді. Ба­сылымға оқыр­ман тарту үшін газет бас­та­масымен велошабандоздар бәйге­сін өткізуді ойға алады да, 1908 жылдың 7 та­мыз­да Спорт газеті­нің бірінші бе­тіне 1909 жылдан бастап “Джиро д’ Италия” көп­күндігінің бастала­тын­дығы жөнін­де хабарландыру беріп жібереді. Ұрыста тұрыс жоқ. Хабар­ланды, жарыс өткізілуі керек. Сонымен, Спорт газеті Ита­лиядағы велошабандоздар жа­ры­сын ұйымдастырған бірінші басылым болып тарих парағына жазылған. Жеңімпаздар жүл­де­сін жалғыз басылым көтере алмайтындығы белгілі. Жақсы идеяны Италияның велоспорт одағы іліп әкетеді. “Джиро д’ Италия” 1909 жыл­дың 13 мамырында жергілікті уақытпен 14:53-те Лорето қала­сынан басталып, Миланда тізгін тартады. Тарих үшін айта кетейік, ең алғашқы жеңімпаз Луиджи Ганна. Сегіз кезеңнен тұратын, ұзақтығы 2488 шақырымдық жарысқа қа­тыс­қан 127 велошабандоздың мә­реге тек 49-ы ғана келгендігі, сол уақыттың өзінде жарыс тәртібі аса қатал болғандығын байқа­тады. Биылғы жарысқа Қазақстан да “Астана” командасын үкілеп қос­қан. 2008 жылы “Астана” коман­да­сының құрамында болған ис­пан­дық Альберто Контадор осы жарыста бас бәйгені жеңіп алған еді. Бүгінде Контадорсыз қалған “Астана” “Джирода” үмітті чех­тың жас велошабандозы Роман Кройцигерге артып отыр. Бұған дейін “Джиро д’ Трентино” кезе­ңінде бірінші болған Кройцигер Льеж-Бостан-Льеж жарысында төртінші болып мәреге келген. Кройцигер алғашқыда қарсы­лас­тарына есе жібергенімен соң­ғы кезеңдерде тұрақты келе жа­тыр. Ал, көпкүндіктерде үнемі бас бәйгеге үйреніп қалған Альберто Контадор үшін бұл жарыс аса маңызды. Өйткені, допинг қолданды деп айыпты бола жаз­дағаны бар, оның үстіне жаңа командасы “Saxo Банктің” беделін көтеруі керек. Ондай жағ­дай­да Контадорға байланысты алып-қашпа сөздердің ыстығы басы­лады. Өзі де әлемдік рейтингтегі биік орнын сақтап қалады. Осының бәрін ой елегінен өт­кіз­ген Контадорыңыз бас бәй­ге­нің жалын өзінен басқаға ұс­та­туға бекінген сыңайлы. “Джиро д’Италия” көпкүндігі мидай жазық далада өтіп жатқан жоқ. Жарыстың 13-ші кезеңі Альпі тауында өтті. Гросглонер асуы­ның биіктігі теңіз денгейінен 2137 метр болған. Соңғы асуда Контадор бар күшін қос аяғына жиып, қатары­нан суырылған. Оны ба­ғып келе жатқан венесуалық Хосе Рухано да соңынан қосарға қос ат алып қуған. Мәреге қос жүйрік үзеңгі қағыстырып келді. Әйтсе де сәттілік вене­суал­дықтың жа­ғын­да екен. Сынық сүйем озды. Үшінші болып 11-ші кезеңде бірінші болған Джон Гадре келді. 14-ші кезең Австрияның Лиенц қаласынан Монте Дзон­ко­ланға дейінгі 190 шақырымға созылған. Бастапқы жобадағы Монте Кростис еңісі велошабандоздар өмірі үшін аса қауіпті болғандықтан, сарапшылар ұй­ға­рымымен алынып тасталды. Со­ның өзінде таулы аймақ спорт­шыларға ауыр соқты. Мәреге ал­ты шақырым қалғанда көп­күн­дікте көш бастап келе жатқан Альберто Контадор тағы да сы­нап­тай сырғыды. Михаэл Скарпони мен испандық Игорь Антон соңынан салды. Олардың ек­піні­не “Астаналық” чех Роман Кройцигер ілесе алмады. Сонда да ма­ман­дарымыз Кройцигердің мүм­кін­дігін жоғары бағалап отыр. 16-шы кезеңнен кейін де жал­­пы есепте өзгеріс болған жоқ. Топ басында қой бастаған серкедей жұлқынып Альберто Контадор жеке-дара келеді. Сегізінші орын­дағы Роман Кройцигер одан 9 минөт 47 секөнт ұтылуда. Екінші, үшінші орындағы қос ита­лиялық Михаэл Скарпони мен Виченцо Нибалиге 4 минөттен астам уақыт қана ұтылып келе жатқанын ескерсек, оншалық қауіпті де емес. “Астана” командасының спорт­­тық директоры Дмитрий Седун “Контадорсыз-ақ топ бастап, той тойлаймыз” дегенді жарыс алдында айтып еді. Оның бір білгені бар шығар. Жарыс көрігі мәредегі қарақшы таяқ көрінген сайын қызып келеді... Бақтияр ТАЙЖАН, “Егемен Қазақстан” – Италиядан.