Қарабалық кентінің тұрғыны Ольга Мұртазина екі жасар баласын енесіне қалдырып кетеді. Әжесі қасында отырған немересінен әп-сәтте көз жазып қалады. Қолды-аяққа тұрмайтын бүлдіршін далаға шығып кетіп, көп қабатты үйдің жанындағы қазылып тасталған канализация құдығына түсіп кетеді. «Қайрақ» кеден бекетінің қызметкері Руслан Темірбаев оқиға орнына жақын жерде тоқтап тұрған машина ішінде отырып, жанұшырған дауыстан селт ете қалады. Ол әйелдің даусы шыққан жерге жүгіріп келеді де, құдыққа секіріп түсіп, су түбіне кеткен баланы алып шығады. Суға шашалса да, тұншыға қоймаған бала аман қалады.
– Алғашында менде баланы аман алып қалу керек деген ғана ой болды. Құдықтың қауіпті екенін соңынан ғана барып түсіндім, мен де екі баланың әкесімін ғой...– дейді Руслан.
Бір қызығы, дәрігерлер дереу ауруханаға жеткізілген кішкентай Тимурдың ешқандай жарақат алмағанын, денсаулығының қалыпты екенін анықтады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай облысы, Қарабалық ауданы.