Т.Рысқұлов атындағы №16 орта мектепте қазақтың біртуар арысына арналған музей ашылды
Алматы іргесіндегі Талғарда Бауыржан Момышұлының даңққа бөленген батырлық жолы басталған, аса көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың кіндік қаны тамған. Бұрын жай ғана «Бригада» аталып жүрген Алатау бөктеріндегі арыстың ауылына кезінде Асанбай Асқаров Тұрар Рысқұлов атын бергізіп, осы аттас колхоз құрғызған көрінеді. Жақсының сол шарапатының септік-себебімен кейін ауылдағы мектеп те жерлес асылдың атын иемдене, ұлтжанды азаматтардың ұйытқы болуымен Талғар қаласындағы ең ұзын көшеге елім деп еңіреп өткен ердің есімі берілген-ді.
Енді, міне, өз атындағы мектепте замана талабына сай талғаммен жасақталған Тұрар музейі салтанатпен ашылып жатыр. Бұл музейдің негізі осыдан ширек ғасырдай бұрын қаланып, әуелі шағын бұрыш болып ашылған екен. Мектептің сол кездердегі директорлары Сәния Тұрлиева, Ханым Солтанқұловалардың басшылығымен бірталай алғашқы ізденіс жұмыстары жасалып, Рысқұлов ұрпақтарымен байланыс орнатылып, көптеген жәдігерлер, құжаттар сол кездерде жинақталған. Бұл игі іске өз ықыластарымен мұғалім Дүйсеке Рақымжанұлы, кітапханашы Гүлжан Ахметова құлшына атсалысқан.
Көптеген құнды материалдармен, жаңа жәдігерлермен толықтырылған, кірсе шыққысыз етіп безендірілген үлкен бөлмедегі көз жауын алар көркем музейдің лентасын Алатау ауылдық округінің әкімі Серік Изимов қиды. Ауыл ақсақалы Нұрахмет ата мен ауыл имамы Кәрібай Қарабаев ақ баталы имани тілектерін қосты. Соңғы бес жыл бойы музейді өркениет өлшеміне сай жасақтау орайындағы жұмыстарды асқан тыңғылықтылықпен ізерлеген Рысжан Бекбосынова алғашқы таныстыру рәсімін жасады. Жаңа музей алты бөлімнен тұрады. Мұнда Тұрар Рысқұловтың өмір жолы һәм қайраткерлік қызметі, сондай-ақ шығармашылық мұрасы кеңінен қамтылыпты. Мәдениеттанушы Молдияр Серікбаев, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Талдыбек Нұрпейісов, рысқұловтанушы ғалым Ордалы Қоңыратбаев мектеп музейіне жоғары баға берді. Осы арада Ордалының Рысқұлов еңбектерінің 20 томдығын дайындап жатқанын, киногер Еркін Рақышевтің ардагеріміз туралы деректі фильм түсіріп жүргенін естіп және қуанып қалдық.
«Түркі тектес түгел бол!» деп өсиет айтқан тұғыры биік Тұрар музейінің ашылу салтанатына орай мектеп оқушылары шағын концерттік қойылым әзірлепті. Сахналық көріністер сонау сталиндік қуғын-сүргін жылдарын, сол қиындықта қайыспаған қайсар рухты елестеткендей болды. Аруақты бір аунатқан Тұрар туралы толғау, 85-тегі абыз ақын Әдібай Табылдиевтің «Ер Тұрардың елімен қоштасуы», мектеп мұғалімі Үміт Әбдікерімқызы жазған Тұрар туралы ән орындалып, ұлылық ұлағаты айғақталды.
Осынау игі істің негізгі ұйымдастырушысы мектеп директоры, аудандық мәслихат депутаты Матан Бекбосынов екендігін айта кету орынды болмақ. Биыл оның бастамасымен Ұлы Отан соғысына қатысушылардың есімдері түгел ойылып жазылған мәрмәр ескерткіш тұрғызылып еді. Директордың ендігі арманы – мектеп алдына Рысқұловтың ескерткіш мүсінін орнату.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.