• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2011

Қош келдіңіздер, қандастар!

1266 рет
көрсетілді

Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайы салтанатты түрде ашылып, өз жұмысын  бастайды. * * * ҚҰРЫЛТАЙ Құрылтай құтты болсын, қандастарым! Әрқашан арман болған, жолдастарым! Білеміз қилы күндер, бастан кешіп, Қатыгез тұл тағдырдың арбасқанын.   Жолдарың шартарапқа айырылды, Сан рет қанаттарың қайырылды. Бүгінде құшақтайсың кең Далаңды, Бабадан мұра – Ұланғайырыңды. Халқының болашағын бағдарлаған, Кім қалды Елбасына таңғалмаған. Сендерді қарсы алып, ол күлімдеп, Дағдарыс кезінде де дағдармаған!   Еліңе қош келдіңдер, қандастарым, Келіп тұр сендермен бір ән бастағым. Осынау қазағымның асқар әні, Тілеймін мәңгілікке жалғасқанын!   Қайрат ЖҰМАҒАЛИЕВ. ___________________ ЕЛОРДАҒА ЖИНАЛДЫ КІЛЕҢ ҚАЗАҚ Міне, көптен күткен қан­дастарымыз төртінші рет өт­кізілгелі отырған Дүниежүзі қазақтарының құрыл­тайы­на қатысу үшін елордаға жи­налып, атамекендегі бауыр­ларымен шұрқыраса көрісті. Алматыдан шыққан 505-ші арнайы пойызбен кеше олар елорданың сапаржайынан түс­ті. Әлемнің 40 шақты мем­лекетінен келген 350-ге жуық делегат алдымен әсем шаһар Алматыға жиналған болатын. Сосын барып бұ­рын­ғы астанадағы Дүние­жүзі қазақтары қауымдас­ты­ғының өкілдері оларды Құрылтай өтетін елорда тө­ріне бастап әкелді. 505-ші пойыз сапаржайға келіп жеткенде күн шуағын ша­шып тұрды. Қазақ деген жалғыз ауыз сөздің құдіреті мен ежелгі қоныс – атаме­кеннің топырағы тартып келе жатқан бауырларды күтіп алу қашан да көңіл тол­қытатын сәттерге толы болмақ. Өйт­ке­ні, олардың әр­қай­сысы тек қарақан бастары­ның емес, со­ңындағы ағайын­ның сағыны­шын, арман-тілегін ар­қалап келе жатыр. Бір пой­ыз­да отыр­ғаны болмаса, түрлі зо­балаң­ның, нәубеттің салдары­нан тарыдай шашыраған қазақ­тың бүгінгі ұрпақтары әлем­нің түк­пір-түкпіріне қоныс тепкен. Олардың көпшілігі атамекенге, оның ішінде ел ордасы – Астанаға тұңғыш рет атбасын тіреген екен. Ендеше, елге келген осы қандаста­ры­мыздың бойында тосын сезім, бөлек күй болмағы заңдылық. Осы орайда, Президент Әкім­шілігі, қалалық әкім­дік, зиялы қауым өкіл­дері, әнші-бишілер қазақтың өзіне тән бауырмал мінезімен, қонақжай пейілімен пойыз­дың алдынан шығып, жерге түскен қандастары­мыз­дың то­сырқап тұруына жол бермей, бірден үйіріп ала жө­нелгені айтуға тұрарлықтай оқиға. Қандастарымыздың ая­ғы жерге тиер-тиместен әже­лер ша­шуын шашты. Құр­ман­ғазының рухты күйлері қонақ­тар­дың мерейін өсірсе, ал­ғаш­қы беташар әңгімелер мен лебіздер, арнау өлеңдер оқылып, олардың ұйыса кетуіне баса мән берілді. Сапаржай басындағы кішігірім жиында елге келген ағай­ынға ақын Кәкімбек Салықов пен Нұрғожа Ораз жылы лебіз білдірді. Ақсақал ретінде де, бел­гілі қаламгер ретінде де бұл екі ағамыздың елім деп келген қонақтардың алдынан шығып, жүрекжарды сөздерін айтатын әбден орны да, жөні де бар. Сон­дықтан ақын Кәкімбек Са­лықовтың «Қош келдіңдер, шетелдік бауырларым! Кетті өшіп бодандық ауыр халім. Торға түс­кен торғайдай күн кешіп ек, Тәуелсіздік өзгертті дәуір мәнін» – дей келе «Әр сөзімнен бі­лінсе отты лебіз, Жан жүректің қалау­ын жеткіземіз. Елордада құрыл­тай сәтті өтсе, Бір басылар са­ғы­ныш деп білеміз» деп жыр­ла­ғаны шынайы әрі тартымды шық­ты. Сол сияқты Нұрғожа Ораздың қандастарға қарата: «Сендерді осында алып келген «қазақ» деген жалғыз ауыз сөз. Қазақ әрқашан намысты болған. Сендер де намыстың туын жық­пай, қайда жүрсеңдер де қазақ атын асқақтатып жүрген жан­сың­дар. Сендер мұнда қыдырып келген жоқсыңдар. Елдің хал-жағдайын білуге, сол арқылы шетте жүрген бауырларымызға ақпарат жеткізуге, соларды осында көшіп келуге үгіттеуге жиналдыңдар. Ал, оның ара­сын­да атамекен топырағын басу бақыты, таныстық-білістік қуа­ны­шы жандарыңызға шаттық сыйласын. Аллатағала осындай қуанышқа бөлей берсін» – дегені елордаға жиналған қандас­тар­дың да ішкі ниетін дөп бас­қандай болды. Бұл екі арада қазақы дәстүрмен қонақтарға «Қош келдіңіздер!» атты ар­науын айтыскер ақын Жақ­сы­лық Орынбасар домбырасымен шалқыта төгіп-төгіп жіберді. Осы іс-шаралардан кейін елмен шүйіркелесе табысқан қан­дастарымызды арнайы өкілдер қонақүйлерге жайғастыру қа­мына кірісіп кетті. Айгүл СЕЙІЛОВА. ______ АҢСАУ Ой басып, жалғыз қалған шақтарымда, Аралап кетем қиял бақтарында. Жалғанда жалғыз жүрген қиын екен, Білінбей бұл өмірде жоқ барым да.   Ауылға барамын мен анда-санда, Аламын қуат жиып жанға сонда. Суы да туған жердің балдай тәтті, Шымырлар бойымдағы қан да сонда.   Жастықты жылдар жұтып, жалаңдаған, Әр күнін қимай көңіл алаңдаған. Сағындым ауылымның адамдарын, Куәсі балалықтың далаңдаған.   Батырып кешті бірге арайлаған, Жол жаққа анам жиі қарайлаған. Дәм жазса барып қалам деп жүргенде, Ақ кірді бұйра шашқа орайлаған.   Өлеңім қанат берді-ау құстай ұшып, Қиялмен ауылымды алам құшып. Ботадай боздап жырым сағынғаннан, Көзімнен жас шығады ыршып-ыршып. Бейбіт ДҮЙСЕМБЕКОВ. (Қондыбай)