• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
26 Мамыр, 2011

Тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды

726 рет
көрсетілді

 Дүниежүзі қазақтарының 4-ші құрылтайына шекара асып, алыс-жақын шетелден ат арытып, атажұртына деген сағыныштарын арқалап келген қандастарымыз кеше елордадағы «Отан қорғаушылар» монументіне барып, гүл шоқтарын қойды. Гүл шоқтарын қою рәсімі аяқталған соң, Отаны үшін от кешкен жауынгер боздақтардың рухына бір сәт үнсіздік жарияланып, артынан Қазақстанның әнұраны орындалды. Біз монумент алаңында орна­ласқан «Мәңгілік алау» алдында бір-бірімен арқа-жарқа әңгіме­лесіп, шат-шадыман күй кешкен қонақтардың арасынан кейбір қандастарымызды сөзге тартып, Қазақстанға деген жылы лебіздері мен атамекен топырағын бас­қан сәттегі әсерлерімен бөлісу­лерін сұраған едік. Өзін Өмірхан Алтын деп таныстырған қандасымыз құрыл­тайға Германияның Мюнхен қа­ла­сынан арнайы келгенін айтты. Кезінде Мюнхендегі Азаттық радиосында журналист болып қызмет атқарған әріптесіміз екен. Құрылтайға бірінші рет қатысуы емес. Мұның алдындағы жыл­дар­да Астана, Түркістан қалала­рын­да өткен құрылтайларға қа­тысса, биылғы жылғы құрыл­тайға Еуропаның Дания, Голландия, Швеция, Франция, Ұлы­британия секілді елдерінен бар­лығы 45 адам арнайы делегат болып келіпті. «Әрбір құрылтайдың өзіндік ерекшелігі бар ғой. Келген сайын көңілімізді шаттық сезімі кернеп тұрады. Отанға, атажұртқа деген сағынышымыз орасан. Мен Ас­та­наға өткен жылы келген едім. Бұл қала жыл сайын емес, ай са­йын өзгеріп тұрады екен», – деді Өмірхан ағамыз әсерімен бөлісіп. Өмірхан Алтын бізбен әңгіме­сінде шеттегі қазақтар үшін көші-қон, қандастардың келіп-кетуі, шетелдегі қазақтар мен Қа­зақстандағы қазақтар арасын­да­ғы түрлі саладағы байланыс мә­селелеріне айрықша назар ау­да­рылса деген тілегін де жеткізді. «Әрине, әлемге тарыдай ша­шы­лып кеткен қазақтардың өзінің жергілікті жағдайына байла­ныс­ты туындаған, бүгінге дейін шешілмеген мәселелері бар. Құрыл­тайда солар талқыланса дейміз», – деді ол. Енді бір қандасымыз – Моң­ғолия­ның Баянөлгий қаласынан келген Сиез Қазезұлы. «Моңғо­лия­дан келген азаматтардың ара­сында түрлі сала өкілдері бар. Өзім дәрігермін. Қазақстанға осы­дан 10 жыл бұрын жолым түс­кен болатын. Бір байқағаным, осы жылдар ішінде еліміз көр­кейіпті. Астананың әдемілігі де көз тартады. Біз алыста жатсақ та, еліміз үшін қуанып жүреміз. Ел ішінде үлкен шаралар атқа­ры­лып жатыр ғой. Болашақта дү­ние­жүзі қазақтарының рухын көтеру жағы назардан тыс қал­маса екен дейміз. Отбасыма келсем, бір балам Америкада, екінші балам Қытайда оқып жатыр. Олар болашақта Қазақстанға келуі әбден мүмкін», – деді С. Қа­зезұлы. «Отан қорғаушылар» монументі алдына жиналған қандас­тарымыздың арасында жастар­дың қарасы да едәуір көрінді. Солардың арасынан Голлан­дия­ның астанасы Амстердам қала­сы­нан келген Әбубәкір Зенгин мен Ілияс Чокгулен деген екі жас­ты кездестіріп, әңгімеге тарт­тық. Екеуі де Қазақстанға бірінші рет келіпті. Әбубәкір әуежайда қызмет етсе, Ілияс компьютерлік технология мамандығы бойынша оқитын студент екен. «Біздің Қазақстанға келгіміз келеді, елді әлі де көргіміз келеді. Атажұртқа келер алдында виза алуда біраз қиналдық. Сондықтан, осы мәсе­ле оңайлатылып, шетелдегі елші­ліктердің бізге қарайласқанын қалаймыз», – деді Ә.Зенгин. Бір атап өтерлігі, Арқа төсіне жиналып, қазақ жеріндегі қара­көз бауырларымен қауышқан қандастарымыздың жүзінен тарихи Отанына деген ыстық сезімдері ерекше байқалып тұрды. Шара соңында олар «Отан қорғаушылар» монументі ал­дында естелікке суретке түсіп жатты. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.