• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
26 Мамыр, 2011

Қ.Тоқаев қызметіне ресми кірісті

344 рет
көрсетілді

24 мамырда еліміздің белгілі мемлекет қайраткері, Парламент Сенатының бұрынғы төрағасы, қазіргі таңда БҰҰ Бас хатшы­сы­ның орынбасары, Женевадағы Еуропа бөлімшесінің Бас дирек­то­ры Қа­сым-Жомарт Тоқаев Қарусыздану конференциясының Бас хатшысы – БҰҰ Бас хатшысының Қарусыздану конференциясындағы Жеке өкілі қызме­тіне ресми түрде кірісті, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі. Қарусыздану конференция­сы­ның қалыптасқан ережесіне сәй­кес аталған жауапты қызметке БҰҰ Бас хатшысының ұсынысы негізінде және Қарусыздану кон­ференциясы мүшелерінің толық қолдауымен тағайындалатыны белгілі. Халықаралық қоғамдас­тық­тың қарусыздану, оның ішінде ядро­лық қарусыздану  жөнінде келіс­сөз­дер жүргізу үшін баламасы жоқ жалғыз көпжақты форумы Қарусыздану конференциясы екені белгілі. Ол 1978 жылғы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарусыздану жө­ніндегі алғашқы арнайы сес­сия­сының шешімімен 1979 жылы құрылған. Қазіргі кезде бұл кон­ференцияға 66 мемлекет мүше және Қазақстан 1999 жылғы 5 та­мыздан бері оның құрамында. Осы ретте, Қарусыздану кон­фе­ренциясы Бас хатшысының мін­деті аталған форумның жұмы­сына және оның шеңберінде тал­қыланатын мәселелерге, сондай-ақ делегацияларға жан-жақты қол­ғабыс көрсету болып табылады. Жаңа тағайындалған Бас хат­шы Қ.Тоқаев өз сөзінде халық­ара­лық қоғамдастық 14 жылдан бері конференцияның күн тәрті­біндегі мәселелер бойынша нақ­ты келіссөздер күтетінін айрық­ша атап өтті. Сондай-ақ ол өз қызметінің ҚК үшін өте шешуші кезеңге дөп келгенін мойындай отырып, конференция мүше­ле­рі­н ұйымның беделін сақтап қалу үшін тізе қосып жұмыс жа­сауға шақырды. Қарусыздану конферен­ция­сы­ның аймақтық топтарының аты­нан сөз алған елшілер Бас хат­шының конференцияның жұмы­сын жан­дан­дыру мақсатындағы сындарлы ұсы­ныс-пікірлеріне әр­кез ашық екендіктерін мәлімдеді. Қытай, Ресей, Беларусь және Оңтүстік Корея елдерінің өкілдері Қазақстанның ядролық қа­ру­­сыз­дану саласындағы қадам­да­рын жо­ғары бағалай келіп, Қ.То­қаев­тың Қазақстандағы бір­қатар жауапты мемлекеттік қызметтерде болған кезінде екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға сүбелі үлес қосқанын да атап көрсетті. Осы салтанатты сессияда көп­теген делегациялар осындай жауап­ты қызметке қазақстандық өкілдің тағайындалуына еліміздің әбден лайықты екендігін білдіріп, өздері­нің құттықтауларын жеткізді.