Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны орындалғаннан кейін алғашқы сөзді Нұрсұлтан Назарбаев алды. (Президент сөзі бөлек беріліп отыр).
Бұл Құрылтайға әлемнің 35 елінде тұратын қандастарымыздың арасынан 400-ге жуық өкілдер келген екен. Ал Астана мен облыстардан келген қонақтардың бәрін қосқанда, делегаттар саны 700-ге жуық болды. 4-ші құрылтайдың ерекше маңызы сол – ол Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында болып отырған аса ірі, ұлан-асыр ұлттық шара болды. Жиналған халықтың бәрінің де жүзі жарқын, бір-бірімен қуанышты көңілмен қауышуда. Айналаңның бәрінен тек қазақ тілі ғана естілгенін көру де бір мәртебе екен. Осының өзі-ақ көңілді көк аспанға көтергендей. Бұл да біздің Тәуелсіздігіміздің ұлы жетістіктерінің бірі.
Құрылтай делегаттарының арасында шығармашылық, ғылыми, педагогикалық зияткерлік, бизнес, спорт, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар. Соның ішінде Чехияның экс-министрі Жәмилә Стехликова, Чувашияның экономикалық даму министрі болған, ал қазір Чебоксары жоо доценті Гүлмира Акимова, Моңғолияның оқу-ғылым және мәдениет министрінің орынбасары Күләндә Чоной және т.б. болды. Сондай-ақ шетелден келген барлық 50 ғалымның ішінде аса көрнекті тарихшы Ермұхан Бекмахановтың қызы Нәйла Бекмаханова, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері, Алашорда көсемдерінің бірі – Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы мен немересі – Уфадан Алматыға қоныс аударған әкелі-балалы академиктер Дәулет Мұхамеджанұлы мен Асқар Дәулетұлы бар. Қазақ халқының өкілі ретінде мақтан тұтуға лайықтылар арасынан Түмен мемлекеттік думасы іс басқарушысының орынбасары Кенесары Қойшы, Саратов қаласындағы ірі кәсіпорынның жетекшісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бейсенбай Шарлапаев, Еуропа қазақтары мәдени орталығының жетекшісі, философия докторы Әбдіқайым Кессижи, Астрахань қаласындағы гигиена және эпидемиология институты директорының орынбасары Сатыпалды Жантаев, Ташкент нейрохирургия орталығы директорының орынбасары Марат Мырзабеков және т.б. болды. Атамекеннен делегат болып сайланғандар арасында академиктер М.Жұрынов, Ө.Айтбай, С.Қирабаев, Ә.Бейсенова, Т.Шарманов, көрнекті ақын-жазушылар Т.Молдағалиев, М.Айтхожина, Қ.Жұмаділов, Н.Оразалин, Ғ.Жайлыбай, О.Асқар, Т.Әбдік, Ұ.Есдәулет, және т.б. бар екен. Ал өнер адамдарынан Е.Рахмадиев, Б.Төлегенова, А.Әшімов және т.б. болды.
Еуропа қазақтарының федералдық мәдени орталығының жетекшісі, философия докторы Әбдіқайым Кессижи өзінің сол құрлықтағы қандастарының атынан айырым сөз алып тұрғанын айтып, біздің тарихымыздың қызығы да, күрделілігі де бар, деді. Сол жақта өмір сүріп жатқан азаматтар өз еркімен елін, атажұртын тастап кеткен жоқ. Еуропаға қызық қуып, жақсы тұрмыс, керемет байлықты іздеп барған емес. Тағдыр тәлкегі осыған душар етті. Осылай деп тәуелсіздіктің тағылымды тұстарына тоқталды. Білген адамға тәуелсіздіктің оңай келмегенін, қазақ мемлекетін құру үшін талай шайқастардың болғанын, шейіт кеткендердің де аз еместігін атап өтті.
Ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздіктің бақытын Алла бізге көруге жазыпты. Елордамыз Астанада, Президент Нұрсұлтан Назарбаев бас болып, Әнұранымызды асқақтатып, бүкіл әлем қазақтарын бір шаңырақтың астына жинап отыр. Қай заманда, қай дәуірде мұндай алқалы жиын болып еді. Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасында, деген Әбдіқайым Кессижи Назарбаев сынды көшбасшысы бар қазақ халқының ұрпағы екенін мақтанышпен айтып, еліміздің Орталық Азияда, түркі әлемінде алғаш рет, бұрын тек қана Еуропа мемлекеттері басшылық жасап келген ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалық еткені қандастарымызға зор мақтаныш болғанын, еңселерінің көтерілгенін тілге тиек етті.
Экономиканың биік деңгейде өрлеуі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ересен еңбегі, көреген саясаты, жан-жақты ойластырып жасаған реформаларының нәтижесі. Оны біз жақсы білеміз. Биыл сайлау өтті. Нұрсұлтан Назарбаев жеке-дара шығып, жеңіске жетті. Бұл ешқандай да кездейсоқтық емес, халықтық мейірімі мен ықыласы, деді еуропалық бауырымыз.
Талантты ақын Бауыржан Қарағызұлы құрылтай төрінен ел тәуелсіздігі, оны бекемдеген Елбасы, ел бірлігі туралы қаумалай келген қандастарымыздың көңіл-күйін тап басқан жыр жолдарын шашу етті.
Сарыарқаның төсіндегі сәнді де, сәулетті қала әсем Астанаға келіп, дүниежүзі қазақтарының құрылтайына қатысу мен үшін зор мерей, деп сөз бастаған Қытай елінің Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы үкіметі төрағасының орынбасары Тілепалды Әбдірәшитұлы Нұрсұлтан Әбішұлының дана басшылығында еңбекшіл, ержүрек, ақкөңіл Қазақстан халқы ерен ерлік, өршіл рухпен тәуелсіздік тұғырын бекітіп, ел абыройын биікке көтерді. Зор жетістіктерімен халықаралық қоғамдастықты өзіне қарата алды. Бұған бүгінгі Қазақстанның тұрақты саяси жағдайы, гүлденген экономикасы, ұлттардың жарасқан берекесі куә. Абзал дос, көрші ретінде біз бұған шын жүректен шаттанып, шын ниетпен сүйінеміз, деді делегация басшысы.
Үшінші болып сөз кезегін Ресейдің Алтай өлкесі Құлынды ауданындағы қазақ мектебінің директоры Нұрғайша Баринова алды. Дүниежүзі қазақтарының кезекті құрылтайы әлемнің жанарын жаулап, сәулеті мен дәулеті келіскен әсем Астанада атажұрттың тәуелсіздігі нығайып, мерейі тасыған сәтте өтіп отыр. Орта толсын, әлеумет, деп бастады ол өзінің сөзін. Жақында Қазақстанда болған кезектен тыс президенттік сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлының жеңіске жеткенін шетте жүрген біздер ырысты елдің ынтымағы арта түскені деп бағаладық. Тек біз емес, орыс, татар, башқұрт, чешен көршілеріміз де Қазақстанды тұрақтылық пен берекенің ұйытқысы болып отырған ел деп санайды. Елбасы Н.Назарбаев Ресеймен ортадағы екіжақты қарым-қатынастың мағынасы мен мазмұнына айрықша маңыз беріп, оны өркендете түсуге мүдделілік танытып отыр. Уақыт пен келешек алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, осы үрдісті жалғастыратын халықтық дипломатияға үлесімізді қосуға біз де борыштымыз, деді ол. Одан әрі шешен Ресейде тұратын қандастарымыздың тілдік, мәдени өміріндегі ахуалы туралы айтып берді. Қазір Ресейде 1 млн.-ға жуық қазақ тұрады, олар Астрахань, Орынбор, Түмен, Челябі, Волгоград, Саратов, Самара, Новосібір, Алтай өңірлерінде тығыз қоныстанған. Елдің 26 аймағында 39 мәдени орталығымыз бар. Осыдан 4 жыл бұрын орталығы Самара қаласы болып ұлттық мәдени орталығымыз да құрылды. Бұл орталық қоғамдық ұйымдардың басын біріктіріп, мәдени бастамаларға қолдау көрсетуді, ұлттық салт-сананы жаңғыртуды көздейді, деді ол. Сонымен бірге, Н.Баринова шешімін таппай отырған мәселелерге де тоқталып өтті. Бір млн.-ға жуық қазағы бар Ресейде қазақ тілінде білім беретін екі-ақ мектеп бар. Алтай өлкесіндегі Құлынды ауданының Керей ауылындағы 80 жылдық тарихы бар мектеп соның біреуі. Мен осы мектепте ұзақ жылдардан бері директор болып істеймін. 80 үйлі Керей ауылы тарих көшіне ілесіп, ата-баба дәстүрін, салтын ұмытпай, Ресейдің бір бұрышында отырған Қазақстанның бір аралы іспеттес мекен. Қазақша балабақшамыз, мешітіміз де бар. Қазақстаннан оқулықтар, ақын-жазушылардың шығармаларын алудан да кенде емеспіз. Өкінішке қарай, қазақтар тығыз қоныстанған басқа өңірлер мұндай жағдайға қол жеткізе алмай отыр. Осы мәселені екі елдің білім министрліктері бірлесе отырып шешсе деген ұсынысым бар, деді ол сөзінің тоқетерінде.
Он тоғыз жылдан бергі Қытай Халық Республикасы мен Қазақ елі арасындағы қарым-қатынастар нәтижесіне тоқталған ол одан әрі Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, басқа да халықаралық ұйымдардың арасында екі ел бірін-бірі қолдап, тығыз ынтымақтастықта екенін жеткізді. Аумақтық қауіпсіздік, экономика, сауда, оқу-ағарту, денсаулық сақтау, т.б. салалар бойынша қарым-қатынаста стратегиялық әріптес екенін де атап өтті. Қытайдағы ұлттардың терезесі тең, керегесі кең, деген Тілепалды Әбдірәшитұлы көрші елде 1,5 миллион қандасымыз негізі бір автономиялық облыс, автономиялық аудан, бірнеше қазақ ұлттық округтерінде өмір сүріп жатқанын айтып, мемлекеттік халық құрылтайында қолданылатын жеті тілдің бірі қазақ тілі екенін, сондай-ақ Шыңжаңда қазақ тілінде 18,5 сағат жұмыс істейтін радио барын, қазақ тілінде екі арна тәулік бой хабар тарататынын, алты баспа қаламгерлердің кітабын оқырманға үздіксіз ұсынып отырғанын жеткізді.
Сарыарқаның төсіндегі сәнді де сәулетті қала әсем Астанаға келіп, дүниежүзі қазақтарының құрылтайына қатысу мен үшін зор мерей, деп сөз бастаған Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы үкіметі төрағасының орынбасары Тілепалды Әбдірәшитұлы Нұрсұлтан Әбішұлының дана басшылығында еңбекшіл, ержүрек, ақкөңіл Қазақстан халқы ерен ерлік, өршіл рухпен тәуелсіздік тұғырын бекітіп, ел абыройын биікке көтерді. Зор жетістіктерімен халықаралық қоғамдастықты өзіне қарата алды. Бұған бүгінгі Қазақстанның тұрақты саяси жағдайы, гүлденген экономикасы, ұлттардың жарасқан берекесі куә. Абзал дос, көрші ретінде біз бұған шын жүректен шаттанып, шын ниетпен сүйінеміз, деді.
Түркиялық журналист Сәуле Исмаил өз сөзінде бүгінгі таңда Түркиядағы қазақтардың 10-нан астам қоғамдық ұйымдары, 2 қоғамдық қоры, 2 құрылыс кооперативі, 3 егін шаруашылық бірлестігі бар екенін айтты. 40-тан астам шағын зауыт, 1 мыңнан астам тері өнімдерін дайындайтын кәсіпорын, жарты мыңдай сауда дүкендерін ашқанбыз. Яғни, қазақтардың 75 пайызы нақты өнім өндірумен айналысады, дей келіп, одан әрі Түркиядағы қазақтардың арасынан шыққан бір мыңнан астам жоғары білімді дәрігерлер, адвокаттар, инженерлер, оқытушылар барын тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол бір кезде Ататүріктің есімін естіген аталарымыз «атамекенде ел тізгінін қолына ұстар осындай асыл перзент туса» деп көксеген екен. Құдайға шүкір, енді, міне, сол аңсаған арман ақиқатқа айналды. Есемізді ешкімге жібермейтін Елбасымыз бар. Тұрлаулы да тұғырлы тәуелсіздігіміз бар. Еуразияның ортасында айбыны мен сәулеті асқан Астана тұр, дей келіп: Түркі дүниесі дегенде ТҮРКСОЙ еске оралады. Түркі өркениетін халықаралық деңгейде үйлестіру мақсатындағы ұйымның құрылуына Қазақстанның ұйытқы болғаны шетте жүрген бізге үлкен мәртебе берді. 2010 жылғы мамырдың 24-і күні Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүлдің қатысуымен Түркі академиясының ашылуы, Түркі тілдес мемлекеттердің ақсақалдар алқасының құрылуы неше жылғы табанды еңбектің жемісі деп білеміз. Бұл түркі әлеміндегі үлкен жаңалық, елеулі оқиға болды. Иә, Күлтегіннің көксегені, Абылайдың аңсағаны асыл мұрат болып кеудемізде жатыр. Көбейейік, кеңейейік! Өсейік, өнейік, сөз аяғын тебіреніспен түйді.
Көрнекті жазушы Смағұл Елубай өз сөзінде тоқсаныншы жылдардағы қиындықтарды алға тарта келіп, қазақ элитасының елдік сипаттағы оң қимылына, екі білекті сыбанып жіберіп нартәуекелмен Арқа төрінде жаңа астана салуға кіріскенін айтты. Бұл шынында өзі жас, экономикасы жер бауырлап жатқан ел үшін қолға алар жоба емес еді. Бірақ, тарих қазақ элитасының сол асығыс та асқақ арманын шындыққа айналдырды. Бүгінде, мінеки, араға жылдар салып, сол ақылға сыймас арманның жүзеге асқанын көріп отырмыз. Шындыққа айналған арманның, яғни Астананың төріндеміз. Бұл табан астында төбе көрсеткен тегеурін, қазақ бойында бұққан пассионарлық қуат екен. Сол ұлы істің басында нағыз пассионарлық тұлға Нұрсұлтан Назарбаев тұрды, деген Смағұл Елубай бұдан кейін, өткен ғасырдың 20-30-жылдары қазақ басына төнген қызыл нәубет халқымыздың тең жартысын жер жастандырғанын, сол зұлмат болмағанда бүгінде санымыз 40 миллионнан асқан алып ел болып отыратынымызды алға тартты.
Сондай алапаттардан аман қалған халықтың ата топырақта басын қосатын көші-қон мәселесі екенін білдірген жазушы, кейбір азаматтардың бұған селқос қарайтынына мысалдар келтірді. Мұндай немқұрайдылық, айналып келгенде, тәуелсіз Қазақстан тағдырына – немқұрайдылық деп білеміз. Себебі, енді бір 15 жылда Қазақстанға көшкісі келетіндердің саны ғана емес, ниетінің өзі бұлақтай тартылуы мүмкін. Өйткені, атажұртын аңсайтын аға ұрпақ кетіп, оның орнына келген жас ұрпақ бірте-бірте өзге ұлттарға сіңіп, «атамекен», «Қазақстан» деген ұғымдар оларға жай сылдыр сөз болып қалуы мүмкін. Шетелдегі 5 миллион қазақ ұрпағынан болашақта біржола айрылып қалмау үшін қазірден бастап жүйелі жұмысқа ұйытқы болғанымыз жөн, деді жазушы.
Моңғолиядан келген ғалым Асай Рәмішұлы өзінің сөзін ұлттың бірлігі жолында бүгін төртінші рет бас қосып отырғандарына ризашылығын білдіруден бастады. Бұл Құрылтай қазақ ұлтының осыдан 20 жыл бұрын «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, басымыз құрала алар ма екенбіз деп алаңдап жүрген шағында емес, биік мақсат, ортақ мүдденің жолында біріге алатынымызды өзіміз танып білген, өзгелерге мойындатқан кезеңде өтуде. Бұған қоса Қазақстан Президентінің әлемдік деңгейдегі көрнекті қайраткер биігіне көтерілгендігі де қазақ елінің мәртебесін биіктете түсіп отыр. Біз, шетелдегі ағайындар да осы биікке ұмтылып, осы деңгейді бетке ұстауымыз керек, дей келіп, Моңғолиядағы қазақтарды қолдау жөніндегі өзінің кейбір нақты ұсыныстарын айтты. Соның ішінде Моңғолияға қазақ БАҚ өнімдерін жеткізу қажеттігін алдымен тілге тиек етті. Бұрын емін-еркін жетіп тұратын газет-журналдар қазір жеткізілуден қалды. Ал өзімізде шығатын БАҚ қаржы тапшылығынан жабылуда. Сондықтан осы мәселе шешіліп, бізге қазақ БАҚ өнімдері жеткізіліп және радио хабарларын тыңдай алатын жағдай тудырылса екен, деді ол. Сонымен қатар, Армения мен Әзірбайжанда да ашылған Абай орталығының Моңғолияда да ашылғанын қалайтынын айта келіп, Моңғолия қазақтарының біразы атамекенге жылына бірнеше дүркін келіп жатады. Бірақ Ресейді басып өтетін жол ұзақ. Шығыс Қазақстан арқылы тартылуға тиісті төте жол көптен айтылғанымен, әлі күнге салынған жоқ. Осы мәселені шешуді өтіне кел деп маған ондағы ағайындарыңыз аманат етіп еді, соны жеткізіп отырмын, деді шешен. Оның ұсыныстарының қатарында Моңғолиядан келіп оқып жатқан жастарға арнайы бағдарламамен жеңілдік жасау қажеттігі де айтылды. Сөзінің соңында: «Шетелдегі қазақ диаспорасы болып табылатын біздер Қазақстанды өзіміздің ұлттық Отанымыз деп санап, осы елдің азаматы ретінде сезінеміз. Сондықтан біз өзімізді Қазақстанның қамқорлығына бөленуге лайықтымыз деп санаймыз. Бірақ үнемі ала берейік дегеннен аулақпыз, керісінше, атажұртымыздың кетігіне кірпіш болып қалансақ екен деп тілейміз, деді.
Парламент Мәжілісінің депутаты Уәлихан Қалижан өз сөзінде санаулы жылдар ішінде сыртта ресми тіркелген 5 миллион қазақтың 1 миллионы атажұртқа оралғанын тілге тиек ете келе, осының бәрі Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті, әлем қазақтарының ғана емес, бүкіл түркі әлемінің ағасы атанып отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың іргелі саясатының жемісі екенін айтты. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы ешқашан қазақ тақырыбын, қазақ мәселесін күн тәртібінен түсірмей келе жатқанын, өзге елге ресми сапарларының бәрінде қандастармен кездесіп, көптеген мәселелердің шешілуіне тікелей өзі араласқанына куә болғанын жеткізді.
Осынау ордалы жиында тағы бір айналып өтуге болмайтын мәселе бар. Ол «оралмандар Қазақстан қоғамына масыл» деген кейбір зиялы қауым өкілдерінің қаңқу сөзі. Осыған орай, мына деректерді алға тартамын: тәуелсіздік алған кезден бастап, 2011 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тарихи Отанына тұрақты тұру үшін 210 мың отбасы немесе 825 мың адамды құрайтын этностық қазақ қайтып оралды. Ал биылғы жылдың үш айының өзінде 10 491 адам туған жер топырағын басты. Бұл ретте Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы атқарып отырған жұмысты ерекше атап өткен жөн.
Республика аумағында тұратын еңбекке қабілетті жастағы 448 459 адамның 224 000-ы (50,0 %) жұмыс істейді, ал 179 000-ы өзін жұмыспен қамтуда. 30 мың оралманның шаруашылықтарында 31049 ірі қара, 6848 жылқы, 78 мыңнан астам қой-ешкі бар. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарында 5508 оралман студент, ал дайындық курстарында 160 қыз-жігіт оқиды. 620 адам Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында қызмет атқаруда. Оралмандардың арасында: 74 ғылым докторы, 213 ғылым кандидаты бар. 40777 оралман жоғары білімді, 2509-ының аяқталмаған жоғары және 93600-інің орта арнаулы білімі бар. Оралмандардың 4 пайызы ғана зейнеткерлер деген деректерді алға тартқан У.Қалижан одан әрі қазақтың бір ғана Отаны, бір ғана Елі, бір ғана Жері бар. Ол – Қазақстан, деп сөзін аяқтады.
Өзбекстаннан келген қандастарымыздың атынан сөз техника ғылымдарының докторы, профессор Бәкір Серікбаевқа берілді. Біз үнемі Өзбекстанда тұратын қазақтар өздерін ешқашан да өзге елде тұратын диаспора ретінде есептемейтінін айтып келеміз. Демек, біз ежелгі мекенімізде, ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы өмір сүріп, тіршілік еткен жерімізде отырмыз. Бұған біздің шежірелі тарихымыз айғақ. Күнгейі Памир тауларынан басталып, теріскейі Арал өңіріне дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр өлкедегі сансыз ескерткіштеріміз, жәдігер мұраларымыз куә. Қазақ халқының ең ұлы тұлғаларының қатарынан орын алатын Төле би мен Әйтеке бидің мәңгілік мекені, топырақ бұйырған жері – Өзбекстан екендігі осының айқын көрінісі, деді ол. Одан әрі шешен Өзбекстанда 1,5 млн. қазақ тұратынын айтты. Өзбекстан жеріндегі ағайындардың арасында ана тілін білмейтін, өзінің салт-дәстүрінен алыстап кеткен қазақ жоқ дегенді нық сеніммен айта аламыз, дей келіп, одан әрі Өзбекстандағы қазақ ағайындардың көріп отырған қамқорлықтарын санамалап берді. Соның қатарында 541 қазақ мектебінің, жоо-ларда қазақ тілі мен әдебиетінің мамандарын дайындайтын бөлімдердің барын айтты. Республикалық «Нұрлы жол» газеті жарық көріп, орталық теледидардан «Дидар» бағдарламасы көрсетіледі. Соңғы кездері жаңадан бірнеше қазақ ұлттық ұжымдары ашылып, ұлттық мәдениет жандана түсті. Қазақстан елшілігі бұл істерге қолдау білдіріп отырады. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жанынан шығатын БАҚ өнімдері де бізге үзбей жетіп тұрады деп ол өз сөзін аяқтады.
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов өз сөзін жарыссөз барысында алғашқы құрылтай өткізу жөнінде Президент Н.Ә.Назарбаевқа Түркияға ресми сапары кезінде ұсыныс жасалған еді, сол ұсыныс артынша жүзеге асты деген пікірдің айтылуына байланысты ойын білдіруден бастады.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алғаннан кейін айналасы екі аптаның ішінде Үкіметке отандастарды Отанға оралтуға жағдай жасау туралы тығыз тапсырма беріп, қауырт қаулы қабылдатқан, 1991 жылдың 31 желтоқсанында әлем қазақтарына радио арқылы үндеу арнап, қандастарымызды Қазақстанға шақырған болатын, деді С.Абдрахманов. Ол кезде аппаратта бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарғандықтан, бұл шаруаның басы-қасында жүргенбіз. Бұл шын мәнінде жан толқытарлық жағдай. Нұрсұлтан Назарбаев ел билігіне келгеннен кейінгі ең алғашқы шешімдерінің бірін отандастарға байланысты қабылдаған, алғашқы сөздерінің бірін алыстағы ағайынға арнаған. Біз мұны анық білуге тиіспіз. Бұл біздің Президентіміздің өзімізге теңдік тиер күн қашан келер екен, бар қазақтың басы қосылар күн қашан болар екен деген арманды ойды кешегі кеңестік кезеңде де көкірегінде әлдилеп келгенін көрсетеді.
Осыдан ширек ғасыр ғана бұрын Мәскеу осы басқарып көрсінші деп, бізге бір көлденең көк аттыны жібере салған еді. Шалқар тұнық айдынымызға қаңғып келген шүрегей қонып, тынышымызды кетіріп еді. Бүкіл әлем өзгерсе де өзгермейтіндей көрінетін Кеңес Одағының өзінде демократия желі есе бастаған кезде дәл біздің басымызға қара бұлт үйіріліп, жігеріміз жасып, сағымыз сына жаздаған еді. Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың сол кезде етекке түскен басын төрге алып шықты. Төр болғанда да Еуропаның төріне алып шықты.
«Әр халықтың басшысы өзіне лайық болады», деген сөз бар. Тарихтың, тағдырдың тар кезеңінде Қазақстан аспанына Назарбаевтай азаматты алып шығуында ғажайып әділеттілік жатыр. Қазақтың маңдайына маңдайы жарқыраған Нұрсұлтандай перзент бітуінде, оның ғасырлар тоғысында, мыңжылдықтар межесінде ел билігіне келуінде ғажайып заңдылық жатыр, деді С.Абдрахманов.
Ел өміріндегі елеулі оқиға болып саналатын бес жылда бір рет өткізіліп тұратын әлем қазақтарының құрылтайында сөз алған азаматтар ұлтымыздың өткені мен бүгінін, жарқын болашағын айта келіп, алқалы жиын сәтімен аяқталғанда қорытынды сөзді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев алып, дүниенің төрт бұрышына тараған ұрпақ бүгін төрт көзі түгел Астанаға жиналып отыр. Барлықтарыңыз сырттағы, іштегі қазақ жұртының бүгіні, келешегі турасында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың мазмұнды баяндамасын тыңдадыңыздар. Онда қазақ диаспорасы мен жұмыс жөнінде, көші-қон мәселесін жаңа өріске шығаруға қатысты тапсырмалар берді. Бәрімізге ортақ ендігі міндет – осы алға қойылған жоспарлы істі сапалы деңгейде орындап шығу. Сонымен қатар, алқалы топтың алдында сөйлегендер Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа Төрағасына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты ұсынып жатты. Осы залда отырғандардың бәрі де сол пікірді бірауыздан қолдады, деп құрылтайдың жарлығына сәйкес ашық дауыс беру тәсілімен Төралқа Төрағалығына Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қойғанда, бүкіл делегаттар бір кісідей дауыс берді.
Сөйтіп, Төралқа Төрағасы болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Төралқа Төрағасының бірінші орынбасары жұмысын осыған дейін сол жұмысты атқарып келген Талғат Мамашев жалғастыра беретін болды.
Сүлеймен МӘМЕТ, Жақсыбай САМРАТ.