Тәуелсіз елдің жастары жастық жалынымен алаулап, қай салада болсын күш-жігер танытып келеді. Өйткені, жастық – бұла күштің құрсауын бұзатын, жаңа бастамаларға жол ашатын шақ. Демек, оны жақсы істерге бағыштау мен қолдаудың маңызы зор. Міне, осы мақсатта өткен жылдан бері аудандар мен қалаларда жастар жиыны өтіп, оның тақырып аясы да кеңейе түскен. Биылғы форум Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай ел бірлігі мен ынтымағы аясында өткізілуде.
«Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» республикалық жастар эстафетасымен Талғар ауданында «Ел ұраны: Достық. Ынтымақ. Бірлік» симпозиумы өтіп, жаңа ғасыр жастарының елжандылық сезімі серпін алған, жігер-қайраты шыңдалған, білім-білігі толыққандылығымен ерекшеленді деуге болады.
Тұрар Рысқұлов ауылындағы «Ғұндар» туристік орталығына жиналған жастар өз тағдырларын елінің ертеңімен біріктіргенін танытты. Салтанатта аудан әкімінің орынбасары Бердәулет Абдулдаев көп ұлтты аудан халқының бірлігі мен берекесі нығайып, тағдыры ортақ тұтастыққа айналғанын жеткізді. Жастардың жалын жігері қай уақытта да қоғамның қозғаушы күші екенін атап өтті. Жастар елдің ертеңі үшін тер төгетіндіктерін және қай салада болсын бәсекеге қабілетті білімдерін танытуға күш салатынына тоқталды.
Облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Гүлжиян Мағданқызы, «Қазақстан студенттері Альянсі» республикалық қоғамдық бірлестігінің көшбасшысы Шыңғыс Бескемпіров және басқалары симпозиумның алға қойған мақсаты мерей жылдағы жастар белсенділігін шыңдау және көп ұлтты еліміздегі ынтымақ пен бірлікті, татулықты ту етіп, жаңашыл бастамаларды өрістету екеніне басымдық берді.
Жиында көкбайрағымыз бен елтаңбамыз әспеттеліп, жастардың елі мен жеріне деген патриоттық сезімі шарықтады. Бұдан соң Талғар агробизнес және менеджмент колледжінде «дөңгелек үстел» өтіп, студент-жастар Елбасының саясатын қызу қуаттайтындықтарын ортаға салды.
Алматы облысы.