Кеше Астанада Қазақстан Жазушылар одағы филиалының жиналысы болып өтті. Оны одақ басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин ашып, жүргізіп отырды. Ол бұл басқосуға басқарма мүшелері мен елордадағы 102 жазушының дені қатысып отырғанын мәлім етті. Күн тәртібіне қойылған мәселе біреу – астаналық қаламгерлердің жаңа басшысын сайлау болды.
Жиналған қауым алдында осыған дейін Астана филиалын байыпты да байсалды басқарып келген көрнекті қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Тарази өз өтініші бойынша орнынан босанатынын мәлімдеді. Бұл ұсыныс құп алынды. Аға буын өкіліне табысты жұмысы үшін Жазушылар одағы басқармасының атынан алғыс айтылып, иығына шапан жабылды. Сондай-ақ Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің Әкім ағасына деген ілтипаты мен сый-сияпатын елордадағы тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазы табыс етті.
Шығып сөйлеген жазушылар Төлен Әбдік, Кәкімбек Салық, Серік Тұрғынбек, Сұлтан Оразалин, Сауытбек Абдрахманов, Болат Бодаубаев астаналық филиалдың бұрынғы жетекшісіне қалтқысыз қызметі үшін ризашылығын білдіріп, келетін жаңа басшылыққа жұмысты одан әрі жандандыра түсудің жолдарын ұсынып, ой-пікірлерін айтты. Шешімін күтіп тұрған мәселелер баршылық екен. Соның бірегейі әлі күнге дейін филиалдың түпкілікті орын тепкен өз мекен-жайы жоқ. Бір қуанарлығы – қала әкімі бұл тұрғысында көмек қолын созуға әзір екенін сездіріпті. Сонымен бірге жалпы одақ жұмысын жетілдіре түсу жөнінде де кең пікір алмасылды. Одаққа қарайтын 14 облыстық құрылымға бөлімше, ал Астанадағыға филиал мәртебесін заңдастыру қажеттігі, сонда басқару жағы қолайлы әрі тиімді бола түсетіні жөнінде де пікір білдірілді. Бұл ұсыныс келешекте қолдауға тұрарлық деп мақұлданды.
Астана филиалының жаңа басшысы үміткеріне дарынды ақын, елордадағы С.Сейфуллин атындағы мұражайдың директоры Несіпбек Айтұлы ұсынылып, ол бірауыздан сайланды.
Жоғарыдағы шығып сөйлеген шешендер мен одан кейін сөз алған қаламгерлер Н.Айтұлының іскерлігін, адамдармен тіл табысып жұмыс істей алатынын, бұл қызметке үлкен өмірлік тәжірибемен келгенін үлгі етіп айтып, оның алдағы уақытта астаналық қаламгерлерді мақсатты істерге жұмылдыра алатынына зор үміт артты.
Қорыта айтқанда, ел тәуелсіздігінің 20 жылында Қазақстан Жазушылар одағы толымды табыстарға жеткені белгілі. Енді оның іргелі тірегі болып есептелетін Астана филиалының жаңа басшылығы қол жеткен осындай ортақ игілікті одан әрі баянды ету үшін күш-жігерін аямайтынына Несіпбек Айтұлы сендіре сөйледі.
Қайсар ӘЛІМ.
Астана.