Астана қаласында өтіп жатқан Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайы аясында 35 елден келген бауырларымыздың қатысуымен бірқатар министрліктерде дөңгелек үстелдер болып өтті.
Соның бірі «Қазақ диаспорасымен бизнес ынтымақтастығы» тақырыбында Экономикалық даму және сауда министрлігінде өтті. Оған Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ вице-президенті Бекжан Қалибеков және шет елден келген кәсіпкерлер қатысты.
Алдымен вице-министр қысқаша Қазақстанның экономикалық дамуына тоқталып өтіп, оны дамыту барысында қабылданып жатқан заңдар мен мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек туралы айтып берді.
Алайда алыстан келген бауырларымызды ШОБ-қа мемлекет ішінде жасалып жатқан қамқорлықтан өзге, шет елден келетін кәсіпкер қазақтарға қандай жеңілдіктер жасалатындығы қызықтырды. Экономикалық даму және сауда министрімен кездесе алмағандарына реніштерін жеткізген олар өз ойларын ортаға салды. Өйткені бұл құрылтайға еліміздегі барлық ісімізді тастап келгендегі мақсат ішіп-жеп қайту емес, Елбасы айтқандай, нақты істерге қол жеткізіп қайту. Сонымен қатар ыңғайы түссе, Қазақстанмен іскерлік әріптестікті жолға қою ойда бар. Әрине, құрылтайда өткен қысқа уақыт ішінде бірталай іс тындырып алу құрғақ сөзбен біте қоймас, бізге нақты мәселе шеше алатын кісі керек, дейді олар. Мысалы Франциядан келген Мехмет Зенгин есімді кәсіпкер қандасымыз мынадай уәж келтірді. Менің Францияда, Италияда, Түркияның 4 қаласында үлкен-үлкен тоқыма өндірісім, дүкендерім бар. Бұл салада 30 жылдық тәжірибем бар. Еуропаның кез келген еліне бизнес ашуға барсаңыз, қуана-қуана қарсы алады. Өйткені игіліктеріне жарайтынын біледі. Алайда мен мұны Қазақстанның бір қаласынан аша алмай отырмын. Іс бастау қиын. Неге? Мен ақша сұрап отырған жоқпын ғой. Мен жай ғана жол ашып беруді сұраймын, әрі қарай өзіміз әкетеміз. Францияда құжаттарыңызды екі күнде бітіріп береді. Түркияда да солай. Әлем экономикасы да солай. Біз делдалсыз істегіміз келеді. Оның үстіне ақшадан тарығып отырғанымыз жоқ. Әйтпесе алтын шыққан жерді белден қазып, сырт елде жүре беруші едік қой. Алайда Қазақстанға шын жүрегімізден не істей аламыз, не бере аламыз деген ой мазалайды. Құрылтайға да осы мақсатпен келдік, дейді Мехмет Зенгин.
Дөңгелек үстелде кәсіпкерлікті ашу ісінің үлкен мәселе екендігі айқын болды. Мұны Қытайдан, Германиядан, Өзбекстаннан келген бауырлар бірауыздан мақұлдады. Ешқандай делдалсыз, тікелей мемлекетпен жұмыс істеуді жөн көретін бауырластар кедергінің көп екендігіне қынжылады екен.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.