Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына қатысуға келген қандастарымыздың Ауыл шаруашылығы министрлігі жауапты қызметкерлерімен өткен дөңгелек үстел басындағы кездесуінде оларды толғандырып отырған бірқатар мәселелерге нақты жауаптар берілді.
Дөңгелек үстелді ашып жүргізген Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Марат Оразаев сөз тізгінін қаралып отырған мәселелерге аударды. Мұнда қандастарымыздан түскен сауалдар алдын-ала жинақталып, оған жауап беру үшін қажетті лауазымды тұлғалар шақырылған екен.
Алғашқы үш сауал «Нұрлы көш» бағдарламасына Ауыл шаруашылығы министрлігі қандай деңгейде қатысады деген тақырыпқа арналыпты. Оған жауап берген Ауылдық аумақтар істер жөніндегі комитет төрағасы Санат Тұңғышбеков «Нұрлы көштің» негізгі үйлестірушісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі екендігін айта келе, Ауыл шаруашылығы министрлігі осы бағдарламаға қатысатын Қазақстан Республикасы азаматтарының көші-қон мәселесін қарастыратындығын айтты. Сондықтан осы сауалға байланысты туындаған бірнеше өтініш пен мәселе аталған министрлікке жолданатын болды.
Сондай-ақ қандастарымызды репатрианттарды ауылдық жерге бейімдеуге арналған нақты жоспар бар ма, дипломмен ауылға барған оралман жастарға қандай қамқорлық көрсетіледі деген сұрақтар да толғандыратын болып шықты.
Бұл сұрақтарға берілген жауапта осыдан біраз уақыт бұрын Елбасының тапсырмасымен дипломмен ауылға барған әлеуметтік сала қызметкерлеріне 70 айлық есептік көрсеткіш (100 мың теңгенің үстінде) көлемінде бір реттік көтерме жәрдемақы беру, сонымен қатар үй сатып алуларына 15 жылдық мерзімге сыйақы ставкасы бар болғаны 0,1 пайызды ғана құрайтын жеңілдікті несие беру мәселесі заң негізінде шешілгені айтылды. Осы жеңілдікті қазіргі күні дипломмен ауылға барған оралман жастар да пайдаланып отыр екен. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында – 18, Шығыс Қазақстан облысында – 7, Маңғыстау облысында 14 оралман жастың осындай қамқорлыққа ие болғандығы нақты деректермен келтірілді. Мұндай қамқорлық басқа облыстарда да жасалуда.
Осы ретте Өзбекстаннан келген қандасымыз қазіргі күні дипломмен ауылға барған жастардың арасында жоғарыдағыдай қамқорлыққа тек әлеуметтік сала қызметкерлері ғана ие болып, ал шаруашылықта еңбек етуге барушылар одан тысқары қалғандығын айтып, енді осындай шара агрономдарға, зоотехниктерге, инженерлерге де көрсетілсе деген ұсынысын жеткізді.
Бұған берілген жауапта жоғарыдағы тізімге ауылдағы сұранысқа байланысты мал дәрігерлері енгізілгендігін, мұнан кейінгі кезекте агрономдар мен фитосанитария қызметкерлері және басқа да мамандық иелері тұрғандығын, осылайша бұл мәселе жергілікті жердегі жеке шаруашылық иелерімен келісім негізінде одан әрі шешіле беретіндігі айтылды.
Оралмандар жоғарыдағы заң аясында ауылға барғандарға мал мен жер де берілсе деген өтініштерін жеткізді. Министрліктегілер заң бойынша ауылға барғандарға мемлекет өз тарапынан тиісті қаржылай көмекті беретіндігін, сонымен қатар кейбір жерлерде жергілікті билік органдары соған қосымша ретінде мал мен жер де беріп жатқандығын жеткізді. Сөйтіп, бұл мәселе негізінен алғанда жергілікті атқару органдарының құзырына жататындығы түсіндірілді.
Моңғолиядан келген қандастарымыз өздерінің Қазақстанға мал алып өткілері келетіндіктерін айтты. Бұл өтінішке берілген жауапта аталған мәселенің көптен бері қарастырылып келе жатқандығы, алайда оған Ресейдің қатысуымен үшжақты келісім негізінде ғана қол жеткізуге болатындығы, ал әзірге бұл мәселеге Ресей тарапының Моңғолияда түрлі мал аурулары көп екендігін айтып, оларды өз жеріне өткізуге рұқсат бермей келе жатқандығы түсіндірілді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.