• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Мамыр, 2011

Талант танылмай қалмайды

560 рет
көрсетілді

Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында жас орын­даушылардың республикалық ХХ «Жас қанат» байқауы мерекелік рәуіште ашылды. Астана қаласының әкімдігі, «Хабар» агенттігі мен халықаралық «Азия дауысы» фестивалінің ұйым­дас­тыруымен 20-шы рет өтіп отырған биылғы бәйгенің басқа жылдарғы сайыстардан жөні бөлек болатын себебі, ол – ел Тәуелсіздігімен түйдей құрдас, бірге өсіп, бірге өркен жайып келе жатқан мәдени шара. Өнердің неше түрлі жоба­лары туралы құлағымыз шалып қалғанда, бұрынғы ТМД аумағы бойынша мұндай шаралардан Қазақстанның бағы шауып тұр­ғанына іштей қуанамыз. Ол аз десеңіз, халықаралық бәйге­лер­де қазақтың жас орын­дау­шы­лары соңғы жылдары керемет өнер көрсетіп, Қазақ елінің атын айдай әлемге танытып жүрге­ні­не жанымыз одан сайын мар­қая­ды. Ел сахнасы жылдан-жылға жас таланттармен, тамаша өнер­паздармен толығып, эстрадалық орындаушылардың мектебі осы күнге дейін өнердің небір айту­лы өкілдерін тәрбиелеп шығар­ды. Олардың арасында бүгінде аттары ерекше аталып жүрген Медеу Арынбаев, Ерлан Көкеев, Майра Дәулетбақ сияқты көп­те­ген саңлақ әншілер бар. Бай­қау­ға байланысты олардан биылғы жарыстың ерекшеліктері туралы айтып беруін өтінген едік. Әңгі­мені алдымен, осы сайыстың бір жылдарғы жеңімпазы Медеу Арынбаев бастады.  – «Жас қанат» байқауы мен үшін ұшқан ұям секілді қашанда жаныма ыстық болып қала береді. Себебі, ол менің алғашқы шық­­қан сахнам, мөлдір суынан дәм татқан тұщы құдығым. Біреу­лер жеңіл-желпі, жай даңғыра, бос шуыл деп, ол туралы онша жақ­сы пікір тарата бермейді. Олай ойлайтындар қатты қате­леседі. Шынын айтқанда, мұнда әлемдік классикалық музыканың нағыз шұрайлы нұсқалары шыр­қа­лады. Жиырма жыл дегенің адам өмірімен өлшенгенде, әрине, соншалық көп те емес шығар, ал енді өнер жолы ретінде осы ке­зең­дерге көз тастайтын болсақ, қыруар жұмыс тындырылғаны кө­рі­неді, өрімдей жастардың ара­сы­нан тұтас бір буын өсіп шық­қа­нын байқаймыз. Жылдағы жарыс­тың қазылар алқасы құрамында бол­ғандықтан, мұны еліміздегі өнер бәйгелері арасындағы жұрт қызыға тамашалайтын ең таны­малы деп айта аламын, – деп ол биыл да байқауға қатысу­шы­лар­дың сайысынан тыс қалмай­ты­нын айтқан. – Қазақ жері ежелден өнерге бай, әнмен, жырмен аты шығып келе жатқан ғажап мекен ғой. Солай десек те, «қанат қақса қатая­ды» демекші, қай жерде дарынға қамқорлық жасалып, қолдау көр­сетілсе, сол арада ән қанаты қа­лық­тары белгілі. Жер-жердегі жас­тардың бұл жағынан «Жас қа­нат» сияқты балғын алаңы тұр­ған­да ешнәрсеге алаңдауына себеп жоқ. Талант тасада қалып қоймайды. Жылда бір бұлақтың көзі ашылып жатса, осының өзі аз табыс емес, – деген Майра Дәу­лет­бақтың сөзін эстрадада өзіндік үнімен ерекшеленген Ерлан Көкеев жалғастырды. – Алғашқы кездері сайысқа кәсіби музыкалық деңгейі әр түр­лі орындаушылар қатысса, жыл­дан-жылға әншілерге қойыла­тын талап барынша өсе түсуде. Соның нәти­жесінде, бүгінде бұл байқауға «жүзден – жүйрік, мың­нан – тұлпар» шыққан үз­діктер ғана өте алатынына куә болып жүр­міз. Біздің де мұнда бір кездергі ізіміз сайрап жатыр. Осында бақ сынап, бапталған адам ретінде кейінгілердің бір нәрсені көкей­леріне түйіп жүргенін қалаймын. Өнер кісіні бір сәттік ғажап күйге бөлейтін өткінші сезім емес, өмір бойы өзіңмен бірге өмір сүретін, құласаң бірге құ­лап, шыдасаң да бірге шыдап, шыңдалып барып шыңыраудағы маржанды сыртқа алып шығатын құдірет. Сондық­тан мен бүгін бәйгеге қосылған он бес өренге сәт сапар тілеймін, – деді ол. «Жас қанат» байқауының Бейбітшілік және келісім сара­йын­дағы  ашылу рәсімі де ерекше бояуымен көңіл жадыратты. Асқақтата ән шырқалып, Астана, Атырау, Алматы, Ақтау, Жез­қазған, Көкшетау, Павлодар, Тараз, Талдықорған мен Шымкент өңірлерінен қатысатын жас ән­шілер рет-ретімен таныстырыл­ды. Өнерпаздар үш күн қата­ры­нан бақ сынасатын бәйгенің сый-сияпаты да биыл өзгеше көрінеді. Тәуелсіздік тойы қар­са­ңындағы қай шара да қазақ­тың айбыны мен айдынын асыру­ға құрылғаны қуантады. Нұрзада КҮМІСБЕК. ___________________ Суретте: «Жас қанат» бай­қауының ашылу сәті. Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.