• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
28 Мамыр, 2011

Ұстаз мәртебесін көтерудің бір тетігі

660 рет
көрсетілді

Математика мұғалімдерінің съезі Қазақстандағы математикалық білім берудің жаңа тетіктерін ашты. Қазақстан Республикасы дамуы­ның экономикалық және қоғамдық-саяси деңгейін анықтайтын маңыз­ды факторлардың бірі – матема­ти­калық білім беру болып табы­лады. Елдегі индустриялық инновацияның жедел дамуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2011-2020 жыл­дар­ға арналған «Мемлекеттік білім беруді дамыту» бағдарламасына сәй­кес, математикалық білім беру елімізді инновациялық даму жолына алып шығатын маңызды бағыт­тар­дың бірі ретінде қарастырылады. Осы­ған байланысты Қазақстан Рес­публикасының математика мұға­лім­деріне арналған бірінші съезінің басты тақырыбы математикалық білім берудің өзекті мәселелерімен байланысты болды. Съезге қатысушылардың баянда­ма­ларында математика пәні аза­маттарды тәрбиелеу құ­ралы ретінде атап өтіліп, ұс­таз мәртебесі және педагог кадр­ларды заман талабына сай дайындау мәселелері талқы­лан­ды. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Ба­қыт­жан Жұмағұловтың съезде жасаған баян­дамасында өткір мәселелер кө­теріл­ді. Оның басты идеялары мен мақ­сат-міндеттері айтылды. Жалпы білім беру сапасын жетілдіруді ма­тематиканы оқыту сапасынан бас­тау­дың жөн екені айқындалды. Ба­қыт­жан Тұрсынұлы Қазақстандағы математика мектептерінің жетістіктерін атап өтіп, нақты шешімдерді талап ететін математикалық білім берудің мәселелеріне назар аударды. Министрдің баяндамасын сек­ция­лық отырыстарда және дөңгелек үстелде танымал ғалымдар мен мектеп мұғалімдері талқылауды жалғас­тырып өз ойларын ортаға салды. Мектеп мұғалімдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары және білім беру  орындары басшы­лары­ның өзара үнқатысулары білім беру сапа­сы, мазмұнының ғылымилығы және жоғары зияткерлік стандарт­тары­ның мектеп пен жоғары оқу орындарында бірдей  болуы туралы көзқарастарын бір арнаға тоғыстырды. Математика пәні мұғалімдерінің бірінші съезі ұстаз мәртебесін жаң­ғыртудың бірден-бір құралы болды. Мектеп мұғалімдері билік өкілдері, профессорлар және оқытушылармен мектеп математикасы және оқыту­дың әдістемесі туралы мәселелерді тікелей талқылауға мүмкіндік алу барысында өзі мемлекетінің кемел келешегін қалыптастырудағы рөлін анық сезінді.  Съезде көтерілген мәселелер негізінен мектептегі білім беру жүйесі­нен бастау алады және оларды ше­шудің жолдарын қарастырады, яғни оған еліміздің барлық білім беру жүйесіндегі мүдделі топтар қатысуы керек. Сәйкесінше, жаңа сапалы мә­се­лелер шығады. Сондықтан бұл жоғары мектеп қатысатын ортақ міндет. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті құрылғаннан бастап (1932 ж.) математика пәнінің мұғалімдерін дайын­дап келеді. Осы уақыт ішінде университет аталған бағыт бойынша мыңдаған мамандарды оқытып шық­ты, олар білім беру жүйесі мен ғылымға, сондай-ақ басқа да қоғам салаларының дамуына өз үлестерін қосты. Университет, шын мәнінде, өзінің түлегі, атақты ғалым, математик, Қазақ КСР Ғылым акаде­мия­сының академигі Асан Дабысұлы Тай­мановты мақтан тұтады. Асан Дабысұлының өмірі мен қызметі республика ғылы­мының да мақта­ны­шы. Өйткені, та­лантты Тайманов, сондай-ақ оның шәкірттерінің ең­бектері Қазақ­стан­да, Ресейде және бұрынғы одақтық республикалар­дағы математикалық мектептердің дамуына қарқын берді. Қазіргі жағ­дайда әлеуметтік тап­сы­рысқа қарай университеттің беделі көптеген фак­торларға бай­ланысты. Басым­дық­тар­дың бірі – сапалы білім беруге жету. Әрбір университет үшін сапа көрсеткіші тәрбие деңгейі мен әлеу­меттік бейімділігі сәйкес,  шығар­ма­шылық қабілеттерін тәжірибе жү­зінде пайдалана алатын, кәсіби бі­лік-дағдылары қалыптасқан бітіру­ші түлектері болып табылады. Осы мәселеге байланысты жетістіктеріміз де баршылық. Университет студенттері математика пәні бойынша рес­пуб­ликалық студенттік олимпиа­да­лардың бірнеше рет жеңімпазы атанды. Соның ішінде үшінші курс студенті Бағдат Қабасов үш жыл қатарынан жеке есепте бірінші орын­ды иеленді. Педагог кадрларды дайындап отырған республиканың жоғары оқу орындары, соның ішінде М.Өте­місов атындағы БҚМУ-да съезде кө­терілген мәселелермен жақсы таныс. Бұны біздің университетте бір ғана мектеп пен жоғары оқу орны ара­сындағы өндірістік-практикалық байланыстардан көрініс таппай, қала және облыс мектептерімен бірнеше жыл бойы орын алған университет филиалдары жұмыстарынан бай­қау­ға болады. Университет екі жақты келісім негізінде мектепке оқу-әдістемелік көмек көрсетумен шектелмей, ғылым, тәрбие және мәдени бағыттарда іскерлік ынтымақтас­тық­та жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ мектеп оқушыларына студенттік өмірдегі ғылыми, спорттық және мәдени-көпшілік шараларға қаты­суға мүмкіндік береді. Математика пәні мұғалімінің кәсіби дайындығын жақсарту үшін тек университетте оқу-тәрбие үрді­сін тиімді ұйымдастыру жолдары емес, сонымен қатар математикалық білім беру құрылымы мен мазмұнын қайта қарау талап етіледі. Съезде көтерілген тақырыптардың бірі – математикалық білім берудің үздіксіз­дігі, «мек­теп-жоо» жү­йе­сін­дегі матема­ти­ка­лық білім беру­дің са­бақ­­тас­тығы мәселесі. Мектепте және жоғары оқу орнында математикадан білім беру сабақтастығы мазмұндылық және іс жүргізушілік аспектілерін қамтиды. Көптеген педагогтардың пікірінше, сабақтастық, негізінен, бағ­дарламалар мен оқулықтар ар­қылы білім беруді ұйымдастырудың амалы ретінде танылады. Сон­дық­тан мектеп пен жоо-дағы білім беру сабақтастығы, алдымен орта және жоғары білім беру мемлекеттік стан­дарттары сабақтастығының үйлесім­ділігінен көрінеді. Орта білім беру мекемелерінің бағдарламалары жоо-ның білім беру бағдарламаларының мазмұны мен құрылымына сүйене отырып жасалуы тиіс. Мектеп пен жоо оқулықтарының бірлігі көп жағдайда оқу үрдісінің сабақтастығы мен үздіксіздігіне мүмкіндік береді. Мектептегі жаңа буын оқулықтарының жеткіліксіздігі дайындық сапасына кері әсерін тигізуде. Аталмыш мәселенің екінші жа­ғы, бүгінгі таңда әрбір жеке оқу орны өз оқулықтары мен оқу құрал­дарын шығаруға мәжбүр. Осыған орай жалпы орта білім беретін мектеп түлектері жаңа буын оқулық­тарына дағдылануды басты назарда ұстағаны дұрыс. Осылайша, жалпы орта білім беретін мектеп оқушы­ларының бағдарламалары жоо оқу құралдары мен бағдар­лама­ларының мазмұнына сәйкес келуі тиіс. Бүгінгі таңда жалпы білім беру­дің мемлекеттік стандарттарына сәйкес оқушылардың құзыреттілігін қалыптастыру қажет. Бұл, біріншіден,  болашақ педагог құзыреттілік не­гізінде сабақ берудің сәйкес тех­но­логияларын игеріп, екіншіден, бас­ты құзыреттілікті қалып­тас­тыру­дың жо­ғары деңгейін ұсына білуі тиіс. Болашақ мұғалімдер дайындау мәселелерін шешу жолдарының бірі – практикалық міндеттерді шешу үшін білім алушылардың меңгерген білімдерін, шеберліктерін, дағды­ларын пай­да­лануға бейімдеу. Яғни, теория­лық және әдістемелік білім­дердің қолданбалы мәнінің болуы қажет. БҚМУ-да аталған мәселелер бо­йынша, бағдарлама негізінде жұ­мыстарды жетілдіруден басқа, оқыту семинарлары мен конференциялар өткізіледі. Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясымен бірлескен білім беру құзыреттілік зертха­насы бар педагогикалық орталық ашылды. РФ Білім беруді дамыту федералдық инс­титутының Приволжье филиалы­мен бірлескен «Құзы­реттілік тәсіл – жаңа білім берудің нәтижесі» атты жоба жүзеге асырылуда. Уақыт көрсетіп отырғандай, жаңа буынның Жалпыға міндетті білім беру стандарты, алдымен, еңбек нарығына (нақты еңбек қызметіне) бағытталуы, сондай-ақ пәндік және мазмұндық құзыреттілігі мен оқу үдерісіндегі күтілетін нәтижеге бай­ланысты болуы бүгінгі күн талабы. Жалпы және арнайы құзыреттілікті қалыптастырудың бақылау құрал­дары мен өлшем жүйесін дайындау – кезек күттірмейтін іс. Осыған орай, барлық білім жү­йесі салаларындағы математи­калық білім, соның ішінде мектептегі білім беру жүйесі түбегейлі сапалық өзгерістерді талап етеді. Сонымен қатар аталмыш өзгеріс ғылыми негізделген және жүйелі болу керек. Бұл үшін, алды­мен, бүгінге дейін жинақталған тәжі­рибе мен оны модернизациялаудың нақты қажетті­лігінің ерекшелігі мен бірізділігін ескере отырып, елімізде заманауи математикалық білімнің тұжырым­дамасын дайындау қажет. М.Өтемісов атындағы Батыс Қа­зақстан мемлекеттік университеті ҚР Білім және ғылым министрі Б.Жұ­мағұловтың математика пәні мұғалім­дерінің ассоциациясын құру туралы ұсынысын қолдайды. Ассоциация қыз­меті математика мұға­лімдері мен оқытушыларының тәжірибесі мен ғы­лыми жетістіктерін біріктіруге мүм­кін­дік береді деп үміттенеміз. Тұяқбай РЫСБЕКОВ, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры. Орал.