ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛУЫ ЫҚТИМАЛ
25 мамырда Тбилисидегі грузин оппозициясының акциясы кезінде ұсталғандардың көпшілігі екі ай мерзімге жазаланды. Мәліметтерге қарағанда, қарсылық акциясына қатысқан 90-нан астам адам жауапкершілікке тартылып отыр.
Олардың бірқатарына қатысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Елдің ішкі істер министрі Шота Утиашивили ұсталғандардың арасында оппозициялық партиялардың жетекшілері жоқ екендігін айтады. Митингіні грузин парламентінің бұрынғы спикері, «Народное собрание» қозғалысының жетекшісі Нино Бурджанадзе ұйымдастырған болатын. Талаптары – президент Михаил Саакашвилиді отставкаға кетіру.
БҰРЫНҒЫ ГЕНЕРАЛ ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ
Бейсенбіде Сербия президенті Борис Тадич Сербия армиясының бұрынғы қолбасшысы Ратко Младичтің тұтқындалғанын мәлімдеді. Оған адамзатқа қарсы қылмыстар жасады деген айыптар тағылған болатын.
Қанқұйлы қылмыстарды ол Сербия армиясы бас штабының бастығы болып жүргенде жасаған. Сербия полициясының келтірген мәліметтеріне қарағанда, Ратко Младич 16 жыл бойы Милорад Комадич деген атпен жасырынып жүріпті. Генерал Сербияның аумағында ұсталған. Ол 1996 жылы халықаралық трибуналмен айыпталған. Гаага әскери трибуналы Босниядағы хорваттар мен мұсылмандардың қуғындалып, жазықсыз өлтірілуіне Р.Младич жауапты деп есептейді.
ТІКҰШАҚТАРДЫ ЗАҢСЫЗ ЖӨНЕЛТПЕК БОЛҒАН
Испания полициясы Иранға заңсыз жолмен жеткізілуі тиіс болған тоғыз «Bell-112» әскери-көлік тікұшағының алдын алған. Полицияның арнайы операциясы барысында Мадрид пен Барселона қалаларындағы қоймаларда тексеру шаралары жүргізілген. Осыған байланысты сегіз адам ұсталды.
Олардың бесеуі испандық кәсіпкерлер, үшеуі Иран азаматтары екен. Дерек көздеріне қарағанда, тікұшақтар бөлшектенген күйде қоймаларға жасырылған. Тәркіленген әуе кемелерінің жалпы құны 100 миллион еуродан асатын көрінеді. Иранға аталған әскери техниканы экспорттауға БҰҰ қарары бойынша тыйым салынған.
МҮРДЕЛЕРІ АНЫҚТАЛУДА
Колумбия үкіметі ел аумағында белгісіз себептермен жерленген 10 мыңға жуық адамның мүрдесін тауып, олардың кім екендігін анықтады. Болжам бойынша, мүрделердің басым көпшілігі түрлі ішкі жанжалдар салдарынан құрбан болғандар болуы ықтимал.
Қазіргі кезде 9969 адамның мүрдесі анықталған. Олардың 8810-ы ер адам, 1159-ы әйел. Анықтау үдерістері бес айға созылған. Анықтау жұмыстары құрбан болғандардың тіркеу органдарындағы саусақ таңбалары арқылы жүзеге асырылыпты. Мамандардың айтуына қарағанда, жерден қазып алынған тағы 10 мыңдай мүрде әртүрлі себептерге байланысты анықталмай отыр.
«ҮЛКЕН СЕГІЗДІКТІҢ» РЕСЕЙГЕ ҰСЫНЫСЫ
«Үлкен сегіздік» елдері Мәскеуге Ливиядағы жағдайды реттеуге араағайындық таныту жөнінде ұсыныс білдірді. Мұның алдында Ливия премьер-министрі Ресейден ондағы жағдайды реттеуге көмектесуді сұраған болатын.
«Үлкен сегіздіктің» бұл ұсынысы ресми түрде тіркелмеген көрінеді. Дегенмен, Ақ үй осы мәселе туралы Барак Обама мен Дмитрий Медведевтің арасында әңгіме болғанын жоққа шығармайды. Батыс елдері БАҚ-тарының таратқан ақпараттары бойынша, Ливияның премьер-министрі Багдади Али әл-Махмуди өз елінде азамат соғысы аяқталу жағдайында екендігі жөнінде бірқатар мемлекеттердің басшыларына хат жолдаған сияқты.
ЖАРЫЛЫС ЖАСАҒАН ТЕРРОРШЫ ЕМЕС, ФЕРМЕР
Қытайдың шығысындағы Фучжоу қаласында қатарынан үш жарылыс болды. Жарылыстарды терроршылар емес, жергілікті фермер жасаған. Фермердің осындай оқыс оқиғаға баруына, жергілікті соттың оған қатысты қозғалған іс процестерін қарау барысына оның қанағаттанбауы себеп болған.
Ол жарылыстардың бірін прокуратура ғимараты жанында тұрған автокөлікті жару арқылы, екіншісін округ әкімшілігінің бірінші қабатында, ал үшіншісін қалалық азық-түлік өнімдерінің сапасын қадағалау департаментінің алдында жүзеге асырыпты. Жарылыстан екі адам мерт болып, алты адам жараланған.
ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА:
АҚШ үкіметі Доку Умаров туралы ақпарат бергенге 5 миллион доллар сыйақы тағайындалғанын мәлімдеді. Бұл мәлімдеме Ресей президенті Д.Медведев пен АҚШ президенті Б.Обаманың «үлкен сегіздік» аясындағы кездесуінен соң жария етілді.
Өткен сәрсенбіде АҚШ-та 13 жасар қызды зорлағаны және өлтіргені үшін өлім жазасына кесілген Дональд Эдвордқа шығарылған үкім орындалды.
Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев түрлі себептермен сотталған 90 адамға рақымшылық жасады. Олардың ішінде «қарабақ күнделігі» деген мақаласы үшін 2,5 жылға бас бостандығынан айырылған журналист Э.Фатуллаев та бар.
Солтүстік Корея билігі 2010 жылғы қарашадан бері қамауда жатқан АҚШ азаматы Эдди Чон Ион Суды америкалық тараптың өтінішіне байланысты бостандыққа шығаратын болды.
Мексиканың батысындағы автокөлік жолы бойында болған атыс салдарынан 28 адам қаза тапқан. Олардың барлығы бір-біріне қарсы тұрушы қылмыстық топтардың мүшелері көрінеді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.