• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Мамыр, 2011

Қойшылар мүддесін қозғаған мақаланың Еңбек министрінің көзіне ілінбегені өкінішті

350 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстанның» осы жылғы 26 сәуірдегі нөмірінде жарияланған «Бір отбасы – бір ауыл» деген мақала, шын­ды­ғына келсек, Алматы облы­сы­ның Жамбыл ауданындағы Ақ­сең­гір ауылдық округіне қарас­ты Жайсаң ауылында тұратын бұрынғы қойшылар Мэлс және Мәкен Шойынбаевтардың 16 ұл-қыз өсіріп, бақытты ғұмыр кешіп жатқандары туралы сыр шертеді. Жаз жайлауда, қыс қыс­тауда жүріп-ақ 16 ба­ланы аман-сау туған Мәкен анадан да, сол 10 қыз, 6 ұлды ештеңеден тарықтырмай өсір­ген, бәрінің де орта мектепті бітіруіне, мамандық алуына жағ­дай жасаған, қыздарын ұзатып, ұлдарына отау тігуіне қамқор болған Мэлс әкеден де айналып кеткеніміз жөн шығар. Олар үшін қуандық та мақтандық. Әттең... Бұлай деуге себеп өмір бойы қой бағып, зейнеткерлікке шыққан Мэлс ағамыз­дың ай сайынғы зейнетақысының бар-жоғы 24 мың теңге болып отырғандығы. Үш ай қой фер­ма­сында кіші есепші болған, екі жыл тікелей қой баққан адам ретінде де, үлкен ағасы өмір бойы қой бағып, зейнеткерлікке шық­қан шопанның інісі, үлкен жең­ге­сі қойда жүріп 10 бала туып-өсір­ген Батыр ананың қайнысы ретінде де білетінім: кеңестік кезеңде де, тәуелсіздік тұсында да зей­нетақы жөнінен алыс мал жайы­лымында жүрген, аптап ыстықта да, қақаған аязда да қойдың кү­тімін ойлаған жандар шетқақ­пай көрді. Әрине, қай еңбектің де өз ауыртпалығы бар, бірақ шахтерлер мен металлургтерге, әскери­лер мен депутаттарға қа­рағанда шопанның еңбегі әл­деқайда же­ңіл деп кім айта алар екен. Әр саулық үшін айына 40 тиын, әр бойдақ қой үшін (тоқ­ты­дан бастап етке өтетін бесті қой­ға дейін) 29 тиын төленетін. Әр отарда 600 бас қой болса, саулық баққан үш адам (шопан, көмекші, күзетші) 240 сом, бойдақ қой баққандар 174 сом алатын. Содан есептей беріңіз, Мэлс Шойын­баевтың қазіргі 24 мыңына да, менің үлкен ағамның алғашқы зей­­нетақы реформасынан кейін алған 12 мың теңгесіне де таң­дан­байсыз. Бүгінде 24 мың теңге ең тө­менгі зейнетақы мөлшері (жа­сы­ңыз жетсін деңіз) екенін ескерсек, өмір-бақи қой бағып, көрген қиындығы шаш-етектен болған Мэлс ағаның зейнетақысын бү­гін­де жай жүріп-ақ зейнет жа­сы­на жеткендер алатынын ойласақ, зейнеткерлік реформасы мал баққандар жағдайын ескерді деп айта алмасымыз анық. Сондық­тан болар, мақала авторы, газет­тің Алматы облысындағы меншікті тілшісі, сол мақаласы ми­нистрдің көзіне түсуін айрықша көздеген екен. «Осы мақала Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова ха­ным­ның назарына түсіп, ел ішінде өте сирек кездесетін ерен әулеттің иесі Мэлс ағам­ның тіпті күлкілі зейнет­ақы­сын қайта қарауға мұрындық болар, кім біледі, үмітсіз шайтан деген ғой», деп нақты көрсетіпті автор. Біздің де айтпағымыз осы. Бүгінде өмір бойы қой бағып, 1998 жылға дейін зейнет дем­алысына шыққандар санаулы-ақ қалды. Біздің ауылда екеу-үшеу ғана... Олардың зейнет­ақылары Мэлс ағаның алаты­ны­мен шамалас. Бейнетті көру­дей-ақ көрген бұлардың зейнетін көруін ойлайтын Еңбек министрінен басқа кім бар екен? Ержұман СМАЙЫЛ, зейнеткер. Астана.