Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болып өтті. Күн тәртібіне сәйкес әуелі депутаттар Сенат Төрағасының ұсынымын қарай келіп, Ү.Стамқұловты Конституциялық Кеңес мүшесі қызметіне қайта тағайындады.
Отырыста «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерін жарақтандыру үшін арнайы техника мен арнайы құралдарды жеткізудің жеңілдікті шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қабылданды. Бұл келісімге 2007 жылғы қазан айында Душанбеде қол жеткізілген болатын. Құжат ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің аймақтағы қылмыспен күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуды көздейді.
Талқыланғаннан кейін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халыққа қызмет көрсету орталықтарының мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Сенат енгізген өзгерістерімен Мәжіліске жіберу туралы шешім қабылданды. Отырыста сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электронды ақша мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжатта ұсынылған өзгерістерге сәйкес Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) кодекстерге, «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Төлем және ақша аударымдары туралы» заңдарға өзгерістер енгізілетін болды.
Екі заң жобасы бойынша депутаттардың көптеген сауалдарына Байланыс және ақпарат министрі А.Жұмағалиев пен Ұлттық банк төрағасының орынбасары Б.Тәжияқов жауап берді.
Жалпы отырыста сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде Парламент палаталары арасындағы келіспеушіліктерді қарау және еңсеру үшін келісім комиссиясының құрамына өз әріптестерін сайлады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.